Дін екпеге қатысты не дейді?
Індет әлі де болса айылын жимай отырғанда, жұртты адастырып, инфекцияның өршуіне септесіп жатқандар жеткілікті. Кез келген діннің өкілі микробиология, эпидемиология, вирусология саласының маманы емес, сол сияқты антиваксерлер де нақты ғылымға маңайлай алмайды.
Өкінішке қарай, интернет пен әлеуметтік желілер барлық адамдарға, соның ішінде дилетанттарға да кез келген мәселеге килігуге, үйретуге және ақыл айтуға жол ашып қойған. Адасқандары және адастырғандары үшін олар жауапкершілікке тартылмайды. Осы мәселеге байланысты Алматы қаласы Дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ислам, православие, католицизм және буддизмнің рухани көшбасшыларының вакциналануға қатысты көзқарастарын түсіндірді. Спикер атап өткендей, барлық діндер мен дінбасылары Жаратушының берген өмірі мен денсаулығын басты құндылық деп таниды. Денсаулықты нығайтуға, адам өмірін ұзартуға көмектесетін білімге, ғылымға, оның ішінде медицинаға құрмет көрсетіледі. Тиісінше, бүгінде ешбір дін вакциналануға қарсы емес.
«Исламда пәтуалар жарияланды. Білімді, беделді исламтанушылар әртүрлі елдердің ғылыми негізделген ақпараттарын зерттей келе, коронавирус вакцинасының халал екенін, яғни рұқсат етілгенін мойындады. Католицизм де сенім мен білімнің, дін мен ғылымның үйлесімділік қағидатына қарсы емес. Медицина мен діннің басты мақсаты – адам өмірін сақтау. Қазіргі Рим Папасы Франциск пен оның құрметті Папасы Бенедикт XVI коронавирусқа қарсы вакцина алды», деді теолог.
Орыс православие шіркеуіне келетін болсақ, дінтанушы оның өкілдері вакциналауды өлмейтін жан үшін қауіпсіз деп танығанын атап өтті. Танымал буддистер де вакцинаға қолдау білдіруде, мысалы 85 жастағы Тибеттің рухани және зайырлы көшбасшысы Далай Лама XIV Үндістанның Дхарамсала қаласында коронавирусқа қарсы егілді.
«Дін саласындағы ғалымдардың, адамдардың шешіміне әсер ететіні белгілі. Олар пікірлерін білдіріп қана қоймайды, алдымен дәрігерлерге жүгінеді, мәселені медициналық тұрғыдан түсінеді, содан кейін ғана шешімдерін қабылдайды», деді Гүлнар Жұманова.
Айта кетерлігі, Құран мен Сүннетте жазылған уағыздар мен нұсқаулар өмір мен денсаулықтың құндылығы туралы айтады. Мұхаммед Пайғамбар: «Көптеген адамда немкетті қарайтын екі құндылық бар: денсаулық пен бос уақыт», деген. Пайғамбар саламатты өмір салтын ұстануға, түрлі дерттің алдын алуға шақырды, қандай дерт кезінде қай дәріні ішу керектігін түсіндірді. Хадистердің бірінде: «Емделмейтін ауру жоқ, тек қарттықтың ғана емі жоқ» делінген. Сондықтан дертті емдейтін, қарттың жасын ұзартатын екпені салдырған абзал.
Алайда антиваксерлер өз әрекеттерінде діннің атын жиі жамылады.
«Халықтың көпшілігі өздерін діндарлар деп санайды, олар үшін діни сенімдер шынайы. Антиваксерлер мұны өз істеріне пайдаланады. Олар діни сенімдер арқылы өздерінің мәлімдемелерін, жорамалдарын, күмәндарын, үрейлерін күшейтеді, дәлелдейді, ақтайды. Басқаша айтқанда, олар діннің беделін өз істеріне пайдаланады», деді теолог.
Ол сондай-ақ жаһандық пандемия кезінде мәселенің мәнін түсіну үшін мамандарға жүгіну қажеттігін, дін ісінде де осы үрдіс адастырмайтынын алға тарта келе, Құран мен Інжілден үзінділер келтірді: «Егер сізге біреу суыт хабар жеткізсе, онда ешкімге зиян келтірмеу және жасаған ісіңізге өкінбеу үшін оның шынайылығын білуге тырысыңыз». (Құран 49: 6 (Бөлмелер). «Білмегеніңізді білетін білім иелерінен сұраңыз» (Құран. ан-Нахл / Аралар 16:43). «Расында, білімсіздер өз әрекеттерімен өзгелерді адастырады» (Құран. Әл-Ан’ам / Тамақ 5:119).
«Біздің теологтер – ақылды, сауатты, білімді адамдар. Олар мәселенің мәнін түсінеді. Өздерінің денсаулығы мен әл-ауқатын, сондай-ақ жақындарының амандығын сақтауға мүдделі. Олар қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінеді әрі адамдардың дендерінің сау, толыққанды өмір сүрулері үшін екпе алуға шақырады. Теологтер мамандарға, дәрігерлерге сенеді. Біз – зайырлы мемлекетпіз, яғни мемлекет діннен бөлінген. Сондықтан олар бірінің ісіне бірі араласпайды. Бірақ мемлекеттің де, діннің де мүддесі ортақ. Ол – халықтың өмірі мен денсаулығы», дейді дінтанушы.
Спикер Мұхаммед Пайғамбар кезінде вакцина болмаған, сондықтан Құранда және Сүннетте вакциналануға нақты тыйым немесе қолдау айтылмаған дейді. Осы брифингті пайдалана отырып, алматылық дінтанушы вакциналануға қатысты шариғат ережелері, исламдық пәтуа туралы баяндады.
«20 276 пәтуасы бар Сауд шейхы Абдуль-Азиз Ибн Бааздың иммундау мен вакциналану туралы қаулысы бар. Жалпы мағынасына келсек, вакциналану – бұл аурулардан қорғанудың бір түрі. Сондықтан дерттің немесе кез келген эпидемияның алдын алудың пайдасы зор», деп түсіндірді дінтанушы. Яғни шариғат ережелерінің бірі – қауіптің алдын алу қажет. Сондықтан иммундауды жүргізген жөн, өйткені вакциналанудың пайдасы көп. Демек екпе салдыру өте қажет. Дінтанушы БАӘ, Түркия, Малайзия сияқты мұсылман елдерінде коронавирусқа қарсы вакцина улема пәтуасының рұқсатымен жүргізілетінін атап өтті. Мысалы, Сауд Арабиясы вакциналаумен қамту бойынша әлемдегі ең жоғары елдердің бірі және аталған ел үкіметінің өтініші бойынша Меккеге қажылыққа қатысушылардың барлығына COVID-19 вакцинасы міндетті болып саналады.
«Біздің елімізде көп жылдар бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы қолданыста. Оның өкілдері исламда адам өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ, сондықтан әркім өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек дейді. Алла тағала «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз қолыңмен өлімге ұшырама», дейді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Емделіңдер, Алла қандай ауруды жіберсе де, шындығында, емін де бірге жіберді» делінген, деді дінтанушы.
Г.Жұманова «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегенді баса айтты. Сондықтан әр адам дертті емдеу мен оның алдын алу жолдары туралы ойлануы тиіс.
«Шариғат заңы вакцинаға рұқсат береді. Біздің елде және әлемде эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты иммундау шұғыл түрде қажет. Сондықтан ҚМДБ тұрғындарды денсаулықтары мен өмірлерін сақтап қалу үшін вакциналануға шақырады. Исламда, басқа діндердегідей, мәселенің мәнін түсіну үшін мамандарға жүгіну әдетке айналған. Ислам діні медицинаға үнемі қолдау білдіреді. Алла тағала өмір сүру мен денсаулықты бағалауды және қорғауды бұйырды, әрекетсіз қалмай және Алланың қалауына сену керек. Алланың қалауы – адамдардың денінің сау болуы, ал басты әрекет – екпе салдыру. Сонда ғана өзіміз де, еліміз де қауіпсіз болады», дейді теолог.
Дінтанушы дін мәселесінде адамдар арасында вакциналау тақырыбына қатысты ешқандай алалаушылық болмауы тиіс деп санайды.