Тұтқиылдан шыққан тілсіз жау
Өрт – тілсіз жау. Алдын-ала болжануы қиын алапаттың материалдық тұрғыдан ғана емес, мемлекеттің басты капиталы адамның өміріне, денсаулығына да әсер етпей қоймайтыны анық. Өртке ұласқан оқыс оқиға жақында ғана түбіміз бір Түркия мемлекетінде орын алды. Айта кету керек, 28 шілдеде Анталия провинциясы Манавгат ауданында орман өрті басталған еді. Өрттің неден басталғанын анықтап үлгермегенмен, аптап пен желдің салдарынан жалын күшейе түсті.
Ажал да айтып келмейді... Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа орман өртінен қаза болғандар саны 8 адамға жеткенін айтса, 864 адам түрлі деңгейде зардап шеккен. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай сөзін ұстаным етіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы алапат өртке байланысты Режеп Тайип Ердоғанға жеделхат жолдады. Онда мемлекет басшысы бауырлас түрік халқына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп, «ұлттық апатқа» көңіл айтты.
17 провинцияны шарпыған жалынды өшірмекке көмекке Ресей мен Украинадан 5 ұшақ пен 45 тікұшақ жұмылдырылған. Елдегі адамдардың өмір сүруіне тікелей әсер етіп, тұрғын үйлер мен орманды шарпыған өрт әлем мен Түркия президенті тарапынан "ұлттық апат" деп танылды. 30 шілдеге қарай бірнеше аудандағы өрт сөндіріліп, қызметкерлер тек 6 провинциядағы өртті сөндірумен айналысты. Қазір жағдай бір қалыпқа түсіп, тұрғындар басқа аумақтарға көшірілді.
Өрттің шығу себебіне үңілсек, 31 шілдеде түрік билігі елдегі орман өртінің негізгі себебі әдейі өрт қоюдан болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
– Біз өрттің шығу себебін мұқият тергеу үстіндеміз. Егер бұл өз отанын өртеп жіберуге қауқарлы сатқындардың ісі болса, ең қатал жаза қолданылады", – деді ел президенті Режеп Ердоған. Артынша биліктің күмәні расталып, орман өрті арнайы қолдан жасалған болып шықты. Бірақ өртті шығарған "сатқындар" емес, террористер еді. 1 тамызда Түркияда террористік деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясы (КЖП) ұйымының бөлімшесі әлеуметтік желіде елдегі өртке өздерінің себепкер екенін ашық түрде жазған.
"Түркілер басқа тілді түсінем дегенше, өрт арқылы тізе бүктіретін кез келді", – делінген партияның әлеуметтік желідегі парақшасында. «Yeni Safak» газетінің мәліметінше, бұл "От балаларының бастамасы" тобының алғашқы бүлігі емес. Террористік топ елде 1990 жылдан бері шағын орман өртін жасап келген.
Мемлекет үшін ең маңыздысы – ұлттың ішкі тұрақтылығы мен өмір сүру сапасы. Түркия президентінің тапсырмасы бойынша, өрттен зардап шеккендердің үйі бір жылдың көлемінде қайта салынбақ. Тұрғындарға материалдық көмекпен қоса пайызсыз несие беріліп, бұған дейін алған несиелері жабылады.
Дина БӨКЕБАЙ