Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім сайлауынан ауыл халқы не күтеді

Әкім сайлауынан ауыл халқы не күтеді

Ертең еліміздің 14 облысында түрлі деңгейдегі 730 әкім тікелей сайланады. Ауыл тұрғындары бұл сайлау ел мұқтаждығына шынайы жаны ашитын адамды басшылыққа қоюдың тікелей мүмкіндігі деп бағалауда. Ал сарапшылар өзін-өзі басқару реформасының бұл сатысы сәтті өтіп, жемісті іске асса, аудандық және облыстық деңгейдегі әкімдердің сайлауын жақындатады деп отыр. ҚазАқпарат ертеңгі сайлау науқанына байланысты айтылған пікірлерді ұсынады.
Сарапшы Мәдина Нұрғалиева ауыл әкімдерін сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі деген бағалайды. «Осы кезеңнен бастап бізде «ауыл әкімі» дейтін тағы бір сайланбалы лауазым пайда болды. Алдағы сайлаудың ерекшелігі – азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға қатысуын кеңейту. Енді жергілікті маңызы бар мәселелерді тікелей ауыл тұрғындары шеше алады. Сондай-ақ, саяси партиялар үшін де, белсенді азаматтар үшін де саяси бәсекелестікті дамытуға жақсы мүмкіндік туындап тұр. Яғни, өзін-өзі ұсыну тәжірибесі дербес азаматтарға бақ сынауға жол ашады», - деді Мәдина Нұрғалиева. Ертең, яғни, 25 шілдеде 730 ауылдың әкімі сайлау арқылы қызметке келеді. Ал жыл соңына дейін тағы 45 ауыл әкімі сайлануы тиіс. «2021 жылы барлығы 775 ауыл әкімі сайланады. Осылайша жыл аяғына қарай ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Жыл сайын біртіндеп жаңарып отырады» - деп атап өтті сарапшы. Мәдина Нұрғалиева басқаратын институт сайлау қарсаңында ауыл тұрғындарының арасында сауалнама жүргізген екен. Соның алғашқы қорытындысын да бөлісті. «Біз елдің пікірін теру арқылы ауыл әкімі болуға лайық адамның портретін жасауға тырыстық. Болашақ әкімге қойылатын міндетті талаптар ретінде ауылдық респонденттер жоғары білімінің және басшы лауазымдардағы жұмыс өтілінің болуын, сондай-ақ мемлекеттік тілді білуін басты талап ретінде қояды. Сауалнамаға 3 мың ауыл тұрғыны қатысқан болатын», - деді Мәдина Нұрғалиева. Ал тарихшы-ғалым Жаңабек Жаңабайұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жаңа саяси тәжірибеге жүгінуі тегін емес деп есептейді. «Бұл саяси науқан барысында жергілікті жерлерде әр ру немесе әр топ «өз баласын» билікке сүйреп әкеліп, баяғы Абай сынаған болыс сайлауындай екі жаққа дай-дай боп бөлініп кетпесе екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Тағы бір назар аударар жайт, ширек ғасырдан астам уақыттан бергі ауылдағы қордаланған барлық әлеуметтік мәселе - ауыл әкімінің халықшыл, мемлекетшіл, елшіл ниетінің қарымтасы ретінде бірден шешіле салмасы анық. Ендігі жерде округ әкімдері бұрынғыдай аудан басшысы мен аудандық мәслихатқа тікелей тәуелді емес, өзін сайлаған халыққа ғана есеп беретін өкілет иесі болғанымен, оның «көсілетін көрпесі» қысқалау емес пе?! Ауыл әкімінің сол жердегі тұрғылықты әлеуметтің әлеуетін дүр сілкіндіретіндей пәрмені бар ма? «Түбі тесік» жергілікті бюджеттің жай-күйі онсыз да белгілі емес пе?! Қазіргі ауыл әкімдері кешегі кеңес заманында «жарты құдай» болған кеңшар директорларының ширегіне де келмей қалғанын кімнен жасырамыз?! Соның кішкене бір дәлелі - қазіргі ауыл әкімдері алатын мардымсыз жалақы. Демек, халық сайлаған ауыл әкімдерінің «бақытын баянды ету» үшін Үкімет жергілікті төртінші деңгейдегі бюджет мәселесін дер кезінде шешуі керек», - дейді тарихшы. Жаңабек Жаңабайұлы бұл сайлаудан кейін дәл осы жолмен аудан, облыс басшыларының да сайланатыны айтылғанын еске салды. «Сондықтан бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Түптеп келгенде, еліміз бойынша алғаш жүзеге асырылып жатқан бұл қадам алғыр, іскер, жаңашыл жергілікті әкімдердің қалыптасуына оң ықпал етіп, кадр саясатына тың серпін береді деген үміттеміз», - дейді ғалым. Ертең алғашқы лекпен әкімін сайлайтын еді мекендердің толық тізімін мына сілтемеден көруге болады. Өңірлердің ауқымын есепке алмастан саралайтын болсақ, бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады. Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан (77) және «Қарағанды облыстары (75) түйіндеп тұр. Ал Маңғыстау облысында бұл жолы бар-жоғы 10, Атырау облысында 18 елді мекеннің әкімі тікелей сайлау арқылы қызметке келмек.


24 шілде 2021 ж. 496 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930