Президент қуаңшылықтан зардап шеккен облыстардың әкімдеріне тапсырма берді
Өңір басшылары Тоқаевқа COVID-19 індетіне қарсы халыққа екпе егу және малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облыстарының әкімімен екі өңірдегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды телефон арқылы талқылады, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов президентке COVID-19 індетіне қарсы халыққа екпе егу және малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады.
"Мемлекет басшысы облыс тұрғындарына екпе салу қарқынын арттыру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ еңбек дауларын реттеу және болдырмау, өндіріс орындары мен мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсететін мекеме жұмысшыларына әлеуметтік қолайлы жағдайды қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар президент үкіметке әкімдікпен бірлесіп, қуаңшылық салдарына және жайылым жерлердегі шөптің тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдай бойынша фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет басшысына өңірде вакцина салдыруға тиісті тұрғындардың 52%-і екпе салдырғанын айтты.
Облыс әкімі аймақтағы су шаруашылығына қатысты жағдайды да баяндады. Қазір Сырдария өзені арқылы облысқа секундына 550 текше метр су келіп жатыр. Шаруашылық субъектілеріне су беру кезегі мен оның көлемін анықтайтын жұмыс комиссиясы құрылған.
Облыс әкімінің айтуынша, Арал ауданында 12 шілдеде төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты үкімет резервінен және облыстық бюджеттен жем-шөп субсидиясына, сондай-ақ су арналарын тазартуға және ұңғымалар қазуға қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.
"Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне халықты вакциналауға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, мұнай-газ саласындағы проблемаларды шешу үшін кешенді амал қарастыруды, сондай-ақ Қызылорда облысына қарасты аудандардағы зардап шеккен шаруашылық субъектілеріне жем-шөп дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды", - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 21 шілдеде Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына барып, облыстағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлік шаруашылықтарға көмек көрсетуді тапсырды.
Үкімет Маңғыстау облысында малдың аналық басына арналған азыққа жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 миллиард теңге бөлді.
Сапар барысында премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлік шаруашылықтарға қолжетімді бағамен көлемі 114,7 мың тонна дайындалған шөпті сатып алу және жеткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруға, сондай-ақ "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы көлемі 56,3 мың тонна жем-шөп (кебек) сатып алуға қосымша қажетті қаражат бөлінетін болды.