Шаруадан шашау шықпасын десек...
Бірер күн бұрын Қазалы ауданына облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметов арнайы жұмыс сапарымен келіп, шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті.
Кездесуде аудан көлемінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілерін субсидиялау мәселесі және осы бағыттағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жергілікті әкімдік тарапынан шаруашылықтарға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары сөз болды.
Басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін тілге тиек етіп, ауданға арнайы келген азаматтарды таныстырды.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов бүгінгі жиынның негізгі мақсаты – шаруалармен бетпе-бет кездесіп, елдің ішіндегі өзекті мәселелерді тыңдау, ауыл шаруашылығы саласын субсидияландыруда кездесетін қиындықтар туралы ұсыныстарды білу екендігін жеткізді.
«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген Наурызбай Сейітқалиұлы осы салаға бөлінетін субсидия мен басқа да мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету кезінде жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстың азаймай отырғандығын айтты.
– Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау ісіне ауқымды талдау жүргізуді тапсырды.
Осыған орай, өңірлерде Антикор ауыл шаруашылығын субсидиялауға байланысты жүйелі түрде жасалатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау жұмыстарын бастады.
Мұндағы басты мақсат – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия деңгейін төмендету, бизнес жүргізуге кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою болып табылады.
Ол үшін күзге дейін барлық нормативтік құжаттар, өңірлерде субсидиялар берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шағымдары мен өтініштері жан-жақты зерттеліп, талданатын болады.
Сондай-ақ осы бағытта Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері және басқа құзырлы орган өкілдері енген арнайы топ өңірлердегі, ауыл-аймақтардағы жағдайды зерделеу үшін тұрғындармен кездесулер де ұйымдастырмақ. Антикор осы мәселеге қатысты азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтау үшін арнайы taldau@antikor.gov.kz электронды поштасын ашып, +7 778 668 99 20 WhatsApp нөмірін іске қосты, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.
Келелі кездесуде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралдарының күшейтілгенін, ол үшін бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ, қабылданған заңнамалық шараларға кеңінен тоқталып, Агенттіңтің бастамасымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және қоғам өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялау саласына кешенді сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау басталғаны туралы хабардар етті.
Аталған талдау аймағымызда шілде айында басталатынын назарға ұсынып, жемқорлық көріністерін жою мақсатында барлық қатысушыларды талдауға қатысуға шақырды.
Мұнан соң аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Басқосуда «Кіші Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Әнес Дидаров, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, субсидиалау шарасына қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесуден соң Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметов жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселелерін тыңдады.
Қазалы ауданына сапары кезінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметов аудандық кәсіпкерлік палатасының жұмысымен танысты.
Мекеме жұмысымен аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Кәдірхан Еңсепов таныстырып, мұнда кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті. Кәсіпкерлер құқығын қорғау үшін бірлесе жұмыс жасау мақсатында ғимарат ішінен «Прокурор кабинеті» де ашылған.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат