Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыртқа бағасы да қымбаттауы мүмкін

Жұмыртқа бағасы да қымбаттауы мүмкін

Елімізде жұмыртқа қымбаттауы мүмкін. Шаруа қожалықтарының болжауынша, он дана жұмыртқаның бағасы 1000 теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды egemen.kz.

Өткен жылдан бері жұмыртқа бағасы 30%-ға өсті. Бүгінде құс фабрикалары әр данасын орта есеппен 17-20 теңгеге сатады. Оның үстіне алып-сатарлардың бағасы қосылады.
«Мен көтерме бағамен әр жұмыртқаны 36 теңгеден алып, үстіне тек 2 теңге қосамын. Құс фабрикасынан алса, арзанға түсетін шығар. Естуімше, басқа жерлерде жұмыртқаны 50-55 теңгеден сатып жатыр екен, бірақ неге олай болып жатқанын білмеймін. Әдетте жазда баға түседі. Мысалы, қыста әр данасын 42 теңгеден сатқанмын», дейді сатушы Күнсұлу Беисова.
Соңғы айда жұмыртқа бағасы төмендеді. Сарапшылар бұны сұраныстың аздығымен байланыстырады. Қазақстан жұмыртқа өндірушілер ассоциациясының айтуынша, нарықта сұраныс көбейсе, баға да күрт өседі.
«Бұл жыл сайын байқалатын құбылыс. Жұмыртқа өндірісі – маусымдық жұмыс. Жазда, мамыр-шілде айы аралығында, сұраныс азаяды. Мысалы, маусымда сұраныс азайғандықтан, фабрикалар жұмыртқаның әр данасын 17 теңгеден сата бастады. Ал күзде құс фабрикалары бағаны көтеріп, әр данасын 30 теңгеден сатады. Себебі баға жұмыртқаның өзіндік құнынан жоғары болуы тиіс. Яғни, құс фабрикаларындағы баға әр данасына 35-40 теңге аралығында болса, дүкендерде 500-600 теңге болады деп болжап отырмыз», деп түсіндірді ассоциация басшысы Максим Божко.
Бүгінде жұмыртқаның супермаркеттегі ең арзан бағасы он данасына 465 теңгені құрайды. Ал биыл өндірушілер екі миллиардан аз жұмыртқа алған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 13%-ға төмен. Сарапшылардың айтуынша, бұған құс тұмауы әсер еткен. 2020 жылдың соңында 2 млн құс өліп, бес фабриканың жұмысы тоқтатылған еді.
Қазір шаруа қожалықтары үй құстарының азығы қымбаттап кеткеніне шағымдануда. Бұл да жұмыртқа бағасына әсер ететін факторлардың бірі.
«Жем-су бағасы алдыңғы жылы килограмына 100 теңге болған, былтыр – 200, биыл 360 теңгеге шықты. Мекиен тауыққа 4-5 килограмм азық керек. Бұдан жұмыртқа бағасы 70%-ға дейін өсіруі мүмкін. Себебі азық құны 100% қымбаттап кетті. Үй жұмыртқасының он данасы – 1000 теңгеге, фабриканың жұмыртқасы 700 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін», дейді шаруа қожалық иесі Юлия Барсукова.
Құс өсірушілер азық бағасына мемлекет тарапынан бақылау болса дейді. Олардың айтуынша, жағдай өзгермесе, шаруашылықтар жабыла бастайды. Сәйкесінше, тауар саны азайып, бағасы өсе береді.
30 маусым 2021 ж. 653 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031