Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктегенді көктей солдырмайық

Көктегенді көктей солдырмайық

Бүгінде Қазалы ауданы халқының «өкпесі» қысылып, жүрек-қан тамыры ауруларының өршіп тұрғаны баршаға аян. Оның басты себебі – ұдайы тоқтаусыз соғатын шаң аралас жел мен ыстық ауа қысымы және зиянды қалдықтардың қоршаған ортаға төгілуі. Әрі оны бойына жұтып, сіңіріп алатын ағаштардың аздығы да мәселені ушықтырып тұр.

Өнеркәсіп орындары ауа атмосферасын түрлі газдармен және ұсақ қалқып жүретін майда шаңдармен де ластайды. Әсіресе пәленбай тонна көмір мен мұнайдың жануы негізінде пайда болатын көмірқышқыл газдың көлемі аса үлкен. Халықаралық зерттеулер бойынша бұл газдың көлемі жылына өседі.
Автокөліктер ауаны қорғасын буымен және резина үгінділерімен ластайды. Көшенің әрбір шаршы метріне 2,5-3,0 грамға дейін қорғасын шөгеді. Әр машина жыл сайын 10 кг резина үгінділерін шашады екен. Осыған орай көмірқышқыл газын жойып, ауаға оттегі бөлетін ағаштардың қатарын көбейту басты талаптардың қатарына қосылып, күнтәртібіне енгізілген болатын. Елбасының өзі бүкіл ел аумағын жасыл желекке айналдыруды игі бастама ретінде алып, көгалдандырудың маңызын ұғынықты түсіндірген еді. «Жасыл белдеу» бағдарламасын ұсынып, бүгінге дейін барлық жерде тіпті шалғайдағы елді мекендерде де қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Халық денсаулығына маңызды мемлекеттік бағдарламаны жүйелі жүзеге асыруды тиісті мекемелерге жүктелген болатын.
Алайда жылда көктем мен күз айларында бәленбай мың түп тал-көшеті отырғызылса да, көпке бармай көктей солып қурап қалатынын байқап жүрміз. Әліптің артын күтіп, нақты нәтижесін көрмей тұрып бейне бір Қожанасырдай бар екпінімізбен осыншама түп ағаш егілді деп танауымыз далиып мақтануымыздың кемісі жоқ. Дегенмен қаламша жерге шаншылған соң, оған тиісті күтім жасалып, уақытында суарылып тұрмаса ол өздігінен тамыр жайып, көктеуі екіталай. Ал қаншама қаражат бөлінгендіктен егілетін бұтақтарға алдын ала жағдай жасалу қажет емес пе? Қалай болса солай ақшаны желге ұшырмай, оның оңтайлы жағын қарастыру мақсатында мамандармен ойласып, келешекте "Жасыл белдеуге" айналдыратын қолайлы жерді тақтау керек сияқты. Нақтыланған жерге кедергісіз су келетін суландыру жүйесі шешілмесе, құйған қаражат құмға сіңіп, қалғаны желге ұшып кетері сөзсіз. Оны бақылап, сұрап жатқан да ешкім жоқ. Қайран халықтың қазынасы-ай?! Осындай жоспарсыз құрылған жүйесіздіктен жүгенсіз нәтиже шығары ащы болса да ақиқат. Бұлай айтуымыздың себебебі №5 кварталдағы "Керуен" автовокзалының маңында отырғызылған тал-теректің жайы ешкімді де мазаламайтын сияқты. Ондағы топыраққа тығылған талдың кейбірі көктеп тұрса, басым бөлігі қурап қалған. Топырағы қобырсып, кеуіп кеткеніне біраз болған сыңайлы. Темір тормен қапталған қоршауды сиыр басып, таптап кеткен. Елбасы тапсырған біздегі "Жасыл белдеу" осылай қараусыз қаңырап, сорланып сорлап тұр. Есесіне тал орнына арам-шөптер қаулап, жайқалып өсуде. Бұл жайтқа қынжылған тұрғындар да есепсіз шығынға өкпе-назы қарақазандай.
– Су бар жерде өмір мен тіршілік дүниесі бар. Мұндайда мәуелі бау-бақша, орман-тоғай пайда болып, көкмайса шөп қаулап, егін бітік шығады. Төрт түлік мал көбейіп, шөлді-шөлейтті далалар тіріліп, айнала әсемдікке толады. Сондықтан халқымыз "Сулы жер, нулы жер" деп бекер айтпаған. Ауызсу мен аяқсуға қатысты бізде арагідік мәселе көтеріліп тұрғанымен соншалықты шешілмейтін ауыр іс деп ойламаймын. Не нәрсенің де әрекет етсе сөзсіз шешімі табылады. Жаңадан салынған көпқабатты үйлердің бірінен кезегім келіп, үш бөлмелі пәтер алдым. Тереземнен автожол беткейін көретіндіктен жол бойында әдемі жасыл желектің жайқалып тұрғанын қалаймын. Басында ағаштар егіліп, қарқынды жұмыстар жүргізілгенінде қуанып едік. Қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейді, – дейді А.Оспанова.
Ел Президентінің экологиялық тепе-теңдіктің бірден-бір тиімді жолы жасыл желекті жақсартуды қолға алып, екі миллиард дана ағаш отырғызу туралы тапсырмасы қалай орындалуда? Әлде бұл айтылды да, әрі қарай жалғасын таппай қала ма? Қандай да бір тығырықтың өз шығатын шешімі болатыны сөзсіз. Тек оны дөп басып, нақты тетіктерді іске қосатын жандардың болмағаны ма деген ой қазалылықтарды мазайлайды.
А.БӨРІ
22 маусым 2021 ж. 546 0

ЕGov-та жаңа қызмет пайда болды

26 желтоқсан 2024 ж. 87

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031