Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзін-өзі жеңген жандар бақытты

Өзін-өзі жеңген жандар бақытты

Бала күнімізде ара-тұра базарға барамыз. Сонда басына ақ сәлде ораған, киімі әлем-жәлем, иығына оншақты ала дорба асынған, қапсағай бойлы, зор дауысты кісі ”Айран, сүт, қатық бар!” деп жүретін. Жұрт сыртынан “қырық қалта” атап кетті. Бала көңіліміз әлгі кісіге үрке қарайтын. Кейін есейе келе “өзгеше адамның” ауданның шығыс беткейіндегі ауылдардың бірінен қатынайтынын, келгенде жай көлікпен емес, күнәра тек жаяу ғана келетінін естіп, таң қалатынбыз. Әрине жаяу жүру таңсық емес қой, бірақ қаншама құты толы сүт-айранды дорбаға салып, 5-6 километр жерден арқалап келу деген – нағыз көк бейнет!
Кейін ойлансақ, көлікпен жүріп-тұруға ақшасын қимау емес, орасан ерік-жігерді жану екен. Осы ретте бүгінгі әңгімеміз қазалылық қайсар, жанкешті жігіттер жайында болмақ.

Желмен жарысқан желаяқ
Қазалыда бір кісі бар. Күннің атысы, түннің батысы жүгіреді де жүреді. Қарға миын қайнатар ыстықта да, атан түйе жығар салқында да құлаққап тағып, былай бір, былай бір шапқылап бара жатқанын байқайсың.
Кейде ”Ойпырмай, мына кісі шаршамайтын нағыз желаяқ екен. Мына күннің ыстығында жүрегі ұстамай қалай жүр?” дейсің.
Құдды құйын секілді бір тынбайды. Кейде кекесінмен, келемеждеп қарайтын кісілер де көп. Жұртшылық осы тоқтамайтын, бір тынбайтын әдетіне қарап “Танк” деп атап кетіпті. Шын аты – Тасболат Жансейтов.
Жуырда осы Тәкең Қазалыдан Қызылордаға жаяу жүгіріп барып қайтты. Анау-мынау емес – 350 километр жер. Жанкештілік емей немене! Басқа өңірлердей емес, Сырдың өкпеңді өшірер мына күнінде жаяу облыс орталығына бармақ түгілі, он жұмыртқа алуға дүкенге баруға ерінеміз.
Бірақ ол кісінікі орасан жігерлілік, шыдам, төзім. Кім-кімнің болса да намысын қайрап, қайратын жанитын қайсарлықтың жарқын үлгісі!
Жаса, Тасболат!

Қайсар жүректі Қуаныш
Бала күнімізден спорттан құралақан болмадық. Оған әкеміздің зор септігі тиді. Септік болғанда қатаң бақылауы мен темір талабы. Сонда әр жарыс сайын салмақ қуатынбыз. Кемі 2-3 келі артық салмақ тастайсың. Жүгіресің, секіресің тағысын тағы бар. Оның әсерінен тәлтіректеп, адымды шаққа ашып, басың айналып, жүрегің лоқсу деген секілді сезімдерді бастан кешірдік. Салмақ тастауды бекер айтпадым...
Ендігі айтар кейіпкерім 2-3 келің не, 43 келіні бірден тастап жіберген. Иә, иә, қате естімедіңіз – 43 келі.
Осындай ересен жігерлік танытып жүрген қазалылық – Қуаныш Жиенқұлов деген азамат!
Білдей ішкі саясат бөлімінің қызметкері. Жастар қауымына жайдарманшы ретінде танымал жігіттің әдепкі салмағы 120 келіні құрапты. Иә, былай қарасаң жас жігіт үшін аз салмақ емес.
– Әрине өзімнің артық салмағым бар екенін білемін. Бала күнімнен осылай болды. Еш жерім ауырмайтын. Бірақ бір күні өз-өзімнен қатты көңілім қалды. Құдды айналамдағылар келемеждеп қарайтын секілді. Бір күні бәрін ысырып тастадым да термо-киім сатып алдым. Жаңағы киіммен стадионға барып жүгірем, футболға барсам да киіп барам, кейде денемдегі терім сияқты болып кетеді. Жан-жағым күлсе де тоқтамаймын. Ана термо-киімді шешкенде шелек-шелек тер шығады. Әдепкіде қиналдым, жылағым келді. «Осы істеп жүргенім не?» деп өзімді жазғырамын. Кейде қолды бір сілтегім-ақ келеді. Бірақ тастап кетейін десем, намыстанам. Сырт көз күлетін сияқты. Ара-тұра өзімді қамшылап, “Берілме, сен артық салмақты жеңесің. Жеңуге тиіссің!” деймін.
Әдепкіде 2-3 келі тастадым. Кейін 10, 20 киллограмды денемнен алып тастағанда істеп жүрген әрекетімнің дұрыс екеніне көз жеткізгендей болдым. Әлде де қуалау керек деп шештім. Отыз, отыз бес тастағанда жұрттың бәрі “Сен осы ауырып жүрген жоқсың ба? Азып-жүдеп кетіпсің” деген таңданыстарын білдіретін. Ал 43 келіні тастағанда айналамдағы кейбір кісілер танымай қалды. Жұрт шошып қарады. Бәрінің сұрағы біреу – “қалай?”, “таза термен былай арықтау мүмкін емес!” дегенді айтты. Менің бір ғана жауабым – мүмкін! Тек талап пен жігер керек. Сосын әрине – берілмеу!
Қазір салмағым 77 келі. Кейде “бұрын 120 келі болып қалай жүргенмін?!” деп ойланамын”, – дейді Қуекең.
Жалпы бұл үш кейіпкерді бекер алып отқаным жоқ. Үшеуіне де ортақ қасиет – жігер. Жігерді жаныған уақытта қандай биік те аласаратынын, қандай қиындық та арта қалатынын түсінсек деймін. Тек көкейді тескен осы ой ғана.
(Суретте: 360 километр жерге жүгіріп қайтқан Тасболат ағамыз бен 43 келі салмақты тастаған Қуаныш бауырымыз)

Е.ТАБЫНБАЕВ


19 маусым 2021 ж. 460 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031