Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 2003 жыл: Ауыртпашылықтар артта қалды

2003 жыл: Ауыртпашылықтар артта қалды

Уақыт ұршығы дөңгеленген дүниені дүрмекке бөлеп, тынымсыз зырылдайды. Осындайда «Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ» деген сөздің мағынасын тереңірек түсінгендей боласың. Айды – айға, жылды-жылға жалғап қазақ Тәуелсіздіктің 11 жылын артқа қалдырды. Мемлекетте оң өзгерістер орын алып, ақырындап халықтың тұрмысы түзеле бастады. Көңілі бірленіп, мазасыз күні мен түндері артта қалды.
Өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына мойымай сындардың бәрінен сүрінбей өткен жас мемлекет алдына үлкен мақсаттар қойды. Аз ғана уақыт ішінде дала төсінде жаңа мемлекет құрылып, оның тиімді басқару құрылымдары қалыптасты.
Біз үшін 2003 жыл Тәуелсіз Қазақстанның әр саладағы дамуы түбегейлі өзгеріп, «Қазақстан – 2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісе бастаған жыл ретінде есте қалды. Расында «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидатын ұстанған жас мемлекет экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруы арқылы әлемге таныла бастады. Бір сөзбен айтқанда, осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүниелік пайымы мен даму жолы да өзгерді. Ел, жер байлығының арқасында экономика қарыштап өсім көріп, оның игілігі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Осы жылдан бастап алдағы үш жыл, яғни 2003-2005 «Ауылды қолдау жылы» болып жарияланды.

Жолдау: Ауыл жылын қолдау
Мемлекет басшысы осы жылы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Онда алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарламасын ұсынған. Бағдарлама бiрiншiден мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңалап жетiлдiруді қарастырды. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң ара-жiгiн айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiруге негізделді. Екінші бағыты – сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру. Бұл ретте сайлау үдерiсi бұрынғыдан да айқын әрi ашық болуға баса көңіл бөлініп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын қабылдау міндеті Үкімет пен Парламентке жүктелді.
Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты – азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайта беру. Президент осы бағытта жан-жақты шараларды қамтуды айтып, үкіметке арнайы тапсырмаларды жүктеді.
Төртiншiден, БАҚ туралы жаңа Заң қабылдау ұсынылды. Жаңа заң сөз бостандығын қамтамасыз етудiң, сондай-ақ журналистердi меншiктеушiлердiң қысымынан қорғаудың осы заманғы нақты жағдайы ескерiлуге, сондай-ақ шенеунiктердiң еркiн баспасөздiң қызметiне араласқаны үшiн жауапкершiлiгi күшейтiлуге тиiс болатын.
Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру жүктелді. Осы ретте Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий енгiзу үшiн Үкiметке осы мәселенi шешу тапсырылып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы жолдауда алғаш рет сөз болды.

Ел игіліне бекітілген бағдарлама
Мемлекет басшысы осы жылы руханияттылықты дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде бiрқатар ауқымды жобаның басын қосатын «Мәдени мұра» атты орта мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, оны тиімді iске асыруға кiрiсудi ұсынды. Мақсаты – халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн, ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiру, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау болып табылады. Аталмыш жоба қазақ халқының ықылымнан келе жатқан түрлі тағдырлы кезеңде аршылуы кейінге ысырылып отырған мәдени мұрасын зерделеуді кеңінен қамтып, оны шын мәнінде жаңғырта алды. Бұл бағыттағы шаралардың әлі де жалғасып, мәдени мұра құндылықтарын үзілместен жаңғырту жұмыстары тізбегінің орындалып жатқаны соны аңғартса керек.
2003 жылы Қазақстанның ішкі жағдайы экономикалық өрлеумен, жалақының артуымен, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай-ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасаумен ерекшеленіп отыр.
Деректерге сүйенсек, елімізде осы жылдың 1 маусымынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5500 теңге болды. Сонымен қатар Қазақстанның алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 миллиард 19 миллион долларды құрады. Осының өзі елдің экономикасы елеулі межеге көтерілгенін аңғартады. Соның арқасында әлеуметтің әлеуеті де арта түсті. Мәселен, 2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар алғаш рет беріле бастады.

Сыртқы саясаттағы тың серпіліс
Қазақстанның сыртқы саясатындағы һәм халықаралық аренадағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай болды. Әу бастан-ақ бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген елдің дипломатиясы жемісін беріп, соның нәтижесінде халықаралық деңгейдегі мемлекеттің имиджі артты. Орталық Азия өңіріндегі Қазақстанның көшбасшылығы мойындалды.
Бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгі болатын ел ретінде танылып үлгерген мемлекет халықаралық деңгейде одан әрі нығыздай түсу үшін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналары анық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделінің арқасында, оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп Астанада әлемдік дін лидерлері бір дастарқанда бас қосты. Дін басылары «Бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп дұға жасады. Бәйтеректің ұшар басына бірге шығып, бейбіт өмір сүруге, қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының осынау көреген бастамасы жалғасын тауып, Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы Қазақстан астанасында ұдайы өткізіліп тұратын болды. Оны ұйымдастырушы халықаралық жұмысшы тобы және арнайы кеңес құрылды. Сонымен бір мезгілде, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қарым-қатынасы да қарышты дамыды. ТМД елдері арасындағы байланыс осы жылы ширығып, ШЫҰ-ның да әлемдік беделі айқындалды.
Бұл жылы Мемлекет басшысы жердің түкпір-түкпіріне сапар шегіп, ел келешегі үшін келелі кездесулер болып, қуанышты жаңалықтар көп болды. Сәуір айында Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Онда 2004 жылғы экономикалық және әлеуметтiк саясаттың, қоғамды одан әрi демократияландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру мен руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттары баяндалды.
Мұнан соң Елбасы Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас Хатшысы Франческо Франжиалиді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен дүниежүзінде туристік бизнестің жағдайы талқыланды. Ал 3 маусым күні елордаға ресми сапармен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао келді. Келіссөздер нәтижесінде 2003-2008 жылдарға бағытталған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Сондай-ақ осы жылдың күз айында ел астанасында әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші Құрылтайының ашылу салтанаты өтті.
Айтпақшы, 2003 жылы Астанада пайдалануға берілген «Думан» ойын-сауық кешен-аквариумы дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Дайындаған А.БАҚЫТҰЛЫ
18 мамыр 2021 ж. 655 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031