Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасат пен пайым

Парасат пен пайым

2020 жылдың 19 тамызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
«Азаматтарда парасаттылық идеологиясы қалыптастырылуы тиіс. Қазір бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы волонтерлік клубтар, адалдық дүңгіршіктері және өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары – мұндай жобалар туралы ақпарат кеңінен жариялануы керек. Сонымен бір мезгілде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық саласында қоғамдық бақылауды күшейту қажет», – деген еді.
Бүгінде осы пәрменнің лебімен ауқымды жобалармен алға жылжу анық байқалуда. Қазалы ауданында да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Адалдық алаңы» жобасы аясында «Парасат жолы» орталығы бірер күн бұрын аудандық орталық кітапханада салтанатты түрде ашылды.
Мамандардың сөзіне сенсек, бұл орталық адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастырудың, сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетудің тиімді тетігі болуы тиіс. Өйткені бойында парасаттылық руханиятын ұстанған адам қоғамның, мемлекеттің гүлденуіне үлес қосып, теріс әрекеттен аулақ болары хақ. Орталықтың ашылуына жиналғандар да соны баса айтты.
Салтанатты шараға ардагер ұстаздар Серік Қуанышбаев, Гүлжаһан Шалболова, Қазалы ауданы бойынша Невада-Семей қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірбек Күлімбетов, Қожаназар ишан мешітінің наиб имамы Нұрсұлтан Абдулла мен аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Жанар Қайназарова қатысқанын айта кетейік.
– Парасат – ел игілігі үшін игі идея мен бастамалардың орталығы, сондай-ақ, әдебиет, мәдениетті негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыратын бірден-бір орталық болатынына сенім мол. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әдістердің жаңа форматы кітапхана төрінен орын алып жатқанын да қуантарлық жағдай. Рухани сусындаған, кітаппен дос болған жан елдік мүддені алдымен ойлайтын болса керек. Жас баладан егде тартқан қарияға дейін табылатын кітапханада мұндай бастаманың іске асырылуы жаңашылдықтың нышаны деп білемін, – деді Серік Қуанышбаев.
Ал Өмірбек Күлімбетов қылмыс үстінде ұсталған жемқорлардың атын атап, түсін түстеп жедел түрде ақпарат құралдарына жариялау керектігін айтты. Оның ойынша, бұл қылмыскерлердің сыбайластарына үлгі, өскелең ұрпаққа сабақ болады.
Шара барысында «Парасат жолы» орталығында «Сыбайластық – қоғам дерті» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды. Негізгі ой – сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық іс-қимыл тәсілдері туралы білімді насихаттау. Көрме материалдары елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларымен бұл індеттің қылмыстары үшін жауапкершілік, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы әңгімелейді.

Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ
03 сәуір 2021 ж. 2 551 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 45

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930