Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрі жарнамасы дұрыс болуы тиіс

Дәрі жарнамасы дұрыс болуы тиіс

Дәрілік препараттар мен медициналық бұ­йым­дардың жарнамасында тауарларды тиімді пайдалануға ықпал ететін толық және расталған мәліметтер болуы тиіс. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасын жүзеге асыру қағидалары туралы жаңартылған бұйрығымен бекітілген.
 Сонымен қатар жарнама препараттың фар­ма­кологиялық қасиеттері мен емдік көрсеткіштерін және медициналық бұйымдарды қолдану аясын тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы асыра көрсетпеуі керек. Жарнамаланатын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды басқа тауарлармен салыстыруға болмайды.
Жарнама материалдарының заңнамаға сәйкестігін бағалауды Дәрілік заттар мен медициналық бұ­йымдарды сараптау ұлттық орталығы жүргізеді. Ол үшін құжаттар Ұлттық орталықтың Өтініш берушілерге қызмет көрсету орталығына ұсынылады. Бұл ретте дәрі-дәрмек жарнамасында саудалық атауы, халықаралық патенттелмеген атауы немесе құрамындағы белсенді компоненттері туралы мәліметтер ғана емес, сонымен қатар қолдануға және қарсы көрсетілімдері, жағымсыз әсері, қолдану тәсілі мен дозалары, сатылу шарттары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ бала емізу кезінде қолдануға қатысты нұсқау болуы тиіс. Сондай-ақ тіркеу куә­лігінің нөмірі мен берілген күні, тіркеу мерзімінің өтетін күні, өндірушінің немесе Қазақстандағы сау­да өкілінің атауы мен мекенжайы міндетті түрде көрсетіледі.
Медициналық бұйымдардың жарнамасында сау­да атауынан басқа, қолданудың негізгі көр­се­тілім­дері, жанама әсерлері мен қарсы көр­се­тілімдері, өндірушінің немесе Қазақстандағы өкіл­дің атауы мен мекенжайы, тіркеу куәлігінің нөмірі мен бе­рілген күні және тіркеу мерзімінің өтетін күні көр­се­тіледі. Міндетті түрде «Өз бетімен емделу ден­сау­лы­ғыңызға зиянды болуы мүмкін» деген ескерту мә­тіні болуы тиіс.
Сараптама жасау ұйымы жарнаманы жүзеге асыру қағидаларының талаптарына сәйкессіздіктерді анықтаған жағдайда, өтініш берушіге түзетулер туралы ескерту хаты жіберіледі. Егер хатқа жауап келмесе немесе талап етілетін түзетулер енгізілмесе, жарнамаға қорытынды берілмейді.
Айта кетейік, жыл сайын ДЗСҰО жарнама материалдарын бағалау бойынша 650-ден астам қорытынды береді.
01 сәуір 2021 ж. 2 100 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031