1999 жыл: Жаңа ғасыр баспалдағы
1999 жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстан халқы ел басшысын таңдап, алғашқы девальвацияны бастан өткерді. Тұңғыш гипермаркет ашылып, халық санағы жүргізілді. Осы жылдың еншісіне тиесілі тарихи күндерді тізіп шықтық.
Тұрақсыз теңге
1999 жылы Қазақстанда теңгенің өзгермелі айырбастау режимі енгізілді. Нәтижесінде 4 сәуір күні доллар 90 теңгеден дереу 160-қа көтеріліп, тамыз айында 135 теңге шамасында тоқтады. Дәл осы күні Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Қадыржан Дамитов «теңге бағамының еркін ауытқуына ауысу туралы» шешімді мәлімдеді. Ресми түрде девальвацияның мақсаты экспорт көлемін және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп түсіндірілді.
Сол күні айырбастау пункттерінде толқулар орын алып, 5 сәуірден бастап американдық валюта халыққа 160 бағамымен сатылды.
Ел билігі жұртшылықты тынышталуға шақырып, дүрбелең туғызбауды өтінді. Алдағы тоғыз айда банк есепшоттарынан ақша шешпегендерге 88,3 теңге бағамы бойынша депозиттерін долларға айырбастауға мүмкіндік беріледі деп уәде етілді. «Жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру жөніндегі қазақстандық қор» бірнеше айдан кейін ғана 15 қарашада құрылады.
Кезектен тыс сайлау өтті
1995 жылғы референдум қорытындысы бойынша Президент Н.Назарбаевтың өкілеттілігі кеңейтіліп, оған 2000 жылға дейін қызмет ету құқығы берілді. 1998 жылы 7 қазанда парламент Конституцияға өзгеріс енгізу үшін дауыс беріп, президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтылды және президенттің ең жоғарғы жас шегі 63 жас алынып тасталды. Осыдан кейін елде мерзімінен бұрын сайлау тағайындалды.
Бастапқыда мемлекет басшысының қызметіне алты үміткер: Нұрсұлтан Назарбаев, Сенат депутаты Энгельс Ғаббасов, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдин, «Мұнай» СТК» АҚ вице-президенті Жақсыбай Бәзілбаев және Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов түсті.
Кейінірек екі үміткер сайлаудан шеттетілді. Әкімшілік жауапкершілікке тартылуына байланысты Әкежан Қажыгелдин болашақ президентке қойылатын талаптарға сай болмағасын тізімнен алынып, ал Бәзілбаев өз кандидатурасынан бас тартты.
10 қаңтарда бүкіл Қазақстан бойынша сайлау учаскелері ашылды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, сол күні сайлауға халықтың 87% қатысқан.
Көпшіліктің 0,8% Энгельс Ғаббасовқа, 4,6% Ғани Қасымовқа, 11,7% Серікболсын Әбділдинге дауыс берді. Нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев 79,8% жеңіп шығып, билігін жалғастырды.
Халық санағы
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы республикада КСРО-ның Бүкілодақтық халық санағынан тура 10 жылдан кейін өтті. Ол тоғыз күнге созылды. Нәтижеде көрсетілгендей Қазақстан тұрғындарының саны 1989 жылмен салыстырғанда 1,2 миллионға азайған. Енді республиканың халқы 14,95 миллионды құрады. Нақты себеп Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген этнос өкілдерінің тарихи отанына қоныс аударуы еді.
Санақ бойынша 1999 жылы Қазақстанда жергілікті тұрғындар 53,4%, орыстар 30%, өзбектер 2,5% құрады.
Ер адамдар мемлекет халқының жалпы санынан 48 %, ал әйелдер саны 52 % болып есептелді. 1000 ер адамға 1076 әйел келген.
Қазақстан мұнайына – 100 жыл
Отандық мұнайдың тарихы 1899 жылы Батыс Қазақстанда орналасқан Қарашүңгіл трактасындағы тереңдігі 40 метрлік ұңғымадан «қара алтынның» алғашқы фонтаны атқылаудан басталды.
Батыс Қазақстанға келген шетелдік әскерилер, саяхатшы мен ғалымдар ел аумағында ірі кен орындары болуы мүмкін екенін атап өтті. 19 ғасырдың екінші жартысында-ақ экспедициялар ауданға геологиялық зерттеу жүргізе бастады.
Бір қызығы алғашқы кен орындарын игеруді сол кезде ірі компаниялар емес, шағын кәсіпкерлер қолға алды. Мысалы, адвокат Юрий Лебедев Қарашүңгіл жолындағы мұнайға бірінші болып назар аударып, 1892 жылы осы ауданда мұнай барлауға өтініш қалдырады.
Алайда ол тез арада ақшасы таусылған адвокат барлау құқығын отставкадағы офицер Леманға сатады да кейін ол Lehman & Co деп аталатын алғашқы мұнай компаниясын ашты.
Бизнеске капитал жинау үшін офицер Леман британдық кәсіпкерлермен келіссөз жүргізді.
12 жылдан кейін қазіргі Атырау облысында мұнай сапасымен танымал және өндірістің үлкен көлеміне жауап беретін Доссор кен орны іске қосылады. 1911 жылы Доссор трактісіндегі ұңғымадан қуатты мұнай ағыны табылды. Оның сапасы соншалықты жоғары болып шығып, бұл әлемдік нарықта үлкен дүрбелең тудырды. Аймаққа қызығушылық танытқан Лондон қор биржасы Ресей империясында мұнайды дамытуға арналған 5 миллион фунт стерлингке акцияларды сатылымға шығарды. 1913 жылға қарай 2000-нан астам адам Доссорда жұмыс істей бастады.
Заманға сай сауда орыны
1999 жылы Қазақстан ішкі тұтыну нарығының жаңа дәуіріне қадам басты. 14 мамыр күні Алматыда Болат Әбілов Рамстор-Самал кешенін ашты. Мемлекет басшысы ойын-сауық орталығының ашылуына жеке өзі қатысты. Сауда орталығына қала тұрғындары таңғажайып супермаркеті мен қатар коньки тебетін алаңы және кинотеатр үшін ағылатын болды.
«Рамстор» таяу жылдарда оңтүстік астананың басты көрнекілігінің бірі саналып, супермаркеттен сауда жасау сол кездегі алматылықтар үшін ерекше сәнге айналды.
«Отан» партиясы құрылды
1 наурызда Қазақстанда «Отан» партиясы пайда болды. Оның құрамына Қуаныш Сұлтанов басқарған «Қазақстанның халық бірлігі» партиясы, 1997 жылы журналист Асылбек Бисенбаев құрған Қазақстанның либералдық қозғалысы осы партия құрамына қосылды.
Сәл кейінірек олардың қатарына Талғат Жаңабаев бастаған Әділет партиясы мен Рашид Сәрсенов бастаған Халықтық кооператив партиясы қосылады.
Құрылтай съезінде қатысушылар ел Президентін өздерінің партия төрағасы және рухани көсемі етіп сайлайды.
2006 жылы 22 желтоқсанда сол кездегі Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясымен біріккен басқарушы партия өзінің қазіргі атауы «Nur Otan-ды» алады.
Дайындаған
Жасын СҮГІРӘЛІ