Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрылар қашан құрықталады?

Ұрылар қашан құрықталады?

Ықылым заманнан қазақ өзгенің ақ-адал малын ұрлап, жеке мүлкін рұқсатсыз жымқырған ұры-қарыны, баукеспе-қарақшыны ауыр жазаға тартып, қоғам дертін түп-тамырымен жоюға күш салған. Өзінен кейінгілерге оның жамандығын айтып, ол жолға аяқ баспауын дәріптеген. Ал бүгін ше? Дерттің ел ішінде белең алып кетуіне не себеп? Әлеуметтік желіге көз түсіп, сайттарды сүзіп шықсаңыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде сәт сайын орын алған ұрлықты көруге болады. Біздің ауданның өзінде бұл тұрғыдағы көрсеткіш жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Бұл жергілікті жұлдыз иықтылардың жұмысына немқұрайлы қарауынан ба, әлде бүгінгінің абыройдан арсыздығы биік пе?

Бұл мақалаға арқау болған жуырда кент ішінде орын алған ұрлық. Оларға түнде емес, күннің жарығында өзгенің үйіне баса-көктеп кіретіндей не көрінді?
Ол аз болғандай, есінен танғанша таяқтап, бағанаға байлап кетуіне не түрткі? Бүгін аудандағы ұрлық жайын саралап көрелік.
Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы орасан. Сондықтан бірінші қазақ ұлылығына дақ түсіретін дерттің ертедегі жайына көз тастайық.
Қазақтың көшпелі ғұмыр салтында үйдің есігін бекітетін құлып деген бұйым болмаған. Оның орнына киіз үйдің айқара ашылатын ағаш есігін баумен байлап кететін. Есік баумен байланып тұрса, иесіз үйге ешкім кірмеу керек деген бұлжымас заң жүрген. Кейде ұрыны баукеспе деп атайтынымыз да сол, есік аузындағы бауды кесіп, үйдегі қымбат бұйымды, бағалы мүлікті ұрлап кеткендіктен баукеспе дейді.
Ал әлгі баукеспені одан әрі елдің алдына шығарып, қазанның түбіндегі қап-қара майлы күйені бетіне жағып, елден аластаған. Ең қиыны, қара майлы күйе жұққан адамның беті қанша жуса да кетпейді екен. Қайда барса да қарабет атанып, оны көрген ел «жүзі қара» деп алыстан ұры екенін бірден білетін болған. Өкініштісі сол, қазір мұндай жүзі қаралардың қатары артып, ардан безгені.
Аудан ішіндегі мал ұрлығы мен үй – ­тонау одан да бөлек ұрлық жөнінде деректерді білу үшін аудандық ішкі істер бөлімімен байланыс құрдық. Қолға тиген мәліметтерге сенсек, былтыр 12 айдың ішінде барлығы 235 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 188 бабы бойынша ұрлық қылмыстары 92 болып, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 51,1 процентке төмендеген. Ал биылғы жылдың басынан 15 қылмыс орын алып үлгерген. Оның төртеуі ұрлық, және екеуі ашылған болса, қалғаны сол күйі тұр. Біреуі Қ.Пірімов ауылында, екіншісі Қазалы қаласында болған жағдай. Мұнан өзге ақпаратты Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Олжас Қожахметов айтып берді.
– Қылмыстың бұл түрімен әлі күнге дейін арпалысып келеміз. Қайтсек жоямыз деп түрлі шараларды қолға алудамыз. Жаман емес, соның нәтижесінде жыл сайынғы көрсеткіш азайып келеді. Істің ақ-қарасы ашылып, айыпкерлер жазасын алып жатыр. Ашылмай тұрған істер алдағы күндері шешім тауып, қылмыстары әшкереленеді, – дейді полиция майоры.
Аудан тұрғындары өткен аптада Сәбит Мұқанов көшесінде болған ұрлық жайынан құлағдар болар. Куәгерлердің сөзінше, қылмыскерлер түскі уақытта үйге кіріп, «жарықтан келдік» деп айтқан. Артынша үй иесімен сөзге келместен жиырма жасар баланы соққыға жығып, қымбат бұйымдарды қолды еткен. Осыдан соң жасөспірім ауруханадан жеткізілді. Олжас Қожахметовпен әңгіме барысында мұның да анығын білуге тырыстық. Оның айтуынша, бұл қылмыс әлі ашылмаған. Тергеушілер мәселенің мән-жайын жақын күндері жария ететін болады.
Білесіз бе, Жапония елінде ұрылардың қолы кесіледі. Бұл елде қол алысып амандасуға болмайды және кейбір деректерге сенсек, ұрлық үшін жазалау мен амандасудың арасында тығыз байланыс бар. Есесіне ұзақ уақыттан бері күшін жоймаған жазаның нәтижесі шексіз. Қазіргі таңда Жапония – әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі. Мұндағы тұрғындар үй мен көліктерін кілттемей, сауда орындары да тауарларын қараусыз қалдырып кете береді.
Мұнан бөлек, Иранда бірінші рет ұрлық жасаған ұрының оң қолының төрт саусағы кесіледі. Екінші қайталаса, сол аяғының табанынң жартысынан айырылады. Үшінші рет жасаса түрмеге қамалады. Төртінші соңында қаладағы орталық алаңға шығарып, көптің алдында дарға асады. Айта кетейік, бұл елде ұрылар көпшіліктің алдында жазаланады, әрі қылмыстың деңгейіне қарамайды. Мұны көпшілікке насихаттап, осы заңды алға тартудан аулақпын. Түптеп келгенде мұны барлығы орыстың жазушысы Лев Толстойдың «Еңбек етпесең, не қорлықта қаласың, не ұрлыққа барасың» дегеніне саятын секілді. Өйткені қазір ел ішінде жастардың көпшілігі жұмыссыз қол қусырып, ақырында ақша үшін кәсіпке айналдырып жүргендей.
Мал ұрлығы тыйылмай тұр
Қазақтың Жеті жарғы заңы негізінен жаугершілік заманда жазылғаны белгілі. Жылқы ұрлайтындарды барымташы деп атап, малдың құнын билер кесіп отырған. Айып төлеуші алған мүлікті артығымен қайтарып, жазаланған. Тіпті атты тұсайтын тұсамыс пен шідерді ұрлағандарды ауыр қылмыскер деп таныған. Ескіден қалған аңыз бойынша, шідер мен тұсамыс ұрлаған ұрыға өлім жазасы кесілген. Себебі, ереулі ат – батырдың ең сенімді серігі. Көшпелі дала заңы осындай нәзік мәселеге дейін терең зерделеп, дұрыс шешім шығарып, бұлжымас заң қылып бекітіп отырған. Мал ұрлығының көрсеткіші ауданда жыл сайын азайып, ұсталып жатыр десек те, жүзі қаралар бұл тірлігін тыйяр емес. Жуырда ғана 3 бас жылқысынан айырылған Арман Асылбек қолдан келгенін жасап, ендігі аудандық полиция бөлімінің көмегіне жүгінетінін айтты.
– Жылқы – дала малы. Жазыққа шығып, өз азығын өзі тауып жейді. Өткен аптада 3 бас жылқы жайылымдық жерде аяқ астынан жоғалып кетті. Таңбасы бар. Барлық жылқы ұстайтын ағайыннан сұрап, іздестіріп көрдім. Алайда әлі табылмады. Енді ішкі істер бөліміне барып, тауып беруін өтінемін, – деді ол.
Ауданда өткен жылы ҚР ҚК-нің 188-1-бап мал ұрлығы бойынша 27 жағдай тіркелген. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 67,6 процентке төмендеген. Биылғы жылдың басынан осы қылмыс турасында төртеуі орын алған. Оның екеуі Ғ.Мұратбаев округінде болып, қылмыс ашылмаған. Қалғаны Ү.Түктібаев пен Ақтан батыр ауылында тіркеліп, екеуіде әшкереленеген. Бұл жылдың бірінші айындағы көрсеткіш. Алдағы күндері жауаптылар мұның алдын алады деген ойдамыз.
Қазір ұрлықшылар ештеңеден қорықпай, ауруды әдет қылып кәсіпке айналдырған. Бір жағынан «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, бұған отбасыдағы тәрбиенің әсері үлкен болары сөзсіз. Осы ретте ескі әңгімеден естіген тәмсіл ойға оралды.
Ертеде кедей тұратын, бірақ та бала тәрбиесіне, әдет-ғұрыпқа үлкен мән беретін үйдің аяғы ауыр жас келіні қымызға жерік болса керек. Үйінде сауып ішетін биесі жоқ, көрші үйге қымыз ішкісі келіп бара қалса, есік ашық, үйде ешкім жоқ екен. Ілулі тұрған торсықтағы қымызға көзі түседі. Алып ішейін десе, бойы жетпейді, торсықтың бүйірін тесіп, түтік шимен бірер жұтып, тесікті қайта бекітіп шығып кетеді.
Жылдар өте келе келіншектің баласы тура сол көрші үйдің баласымен ойнап жүріп, әлдебір затын ұрлағаны белгілі болады. Кезінде қымызды тесіп, ұрлап ішкені болмаса, ол келіншек баласын тағылымды тәрбиемен өсірген, қай жерден қателескенін есіне түсіре алмайды. Сонда сол көрші үйдің бәйбішесі келіншекті ұлымен бірге үйіне шақырып, алдымен екеуінен кешірім сұрайды.
– Неге кешірім сұрайсыз, біз сіздің үйдің мүлкін ұрлап, кірерге тесік таппай тұрмыз емес пе? – депті әлгі жас келіншек. Сонда бәйбіше бір шындықтың бетін ашады.
– Осы балаға аяғың ауыр кезде қымызға жерік болып, біздің үйге қымыз ішкің келіп кірген болатынсың. Мен сыртта жүр едім, сен үйде біз жоқ болсақ та, жерік асың ұятқа жеңістік бермей торсықтағы қымызды түтікпен бірер ұрттадың. Соны мен сыртта жүріп көріп қалдым, бірақ қылмысқа баламап едім, ұялып қалар деп көрмегенсіген болдым. Сонда өзім шақырып алып, жерік асыңды сұратпай, ұрлатпай ұсынуым керек еді, кішкентай түтікпен жұтқан бір жұтым қымызың мына баланың болмашы қылығы болып шығып тұрғанын қарасайшы!», – деп жымиыпты.
Ұрлық та, ұлылық та – тәрбиеден. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтып жүрген кейбіреулер ұрлық жайлы қандай түсінікте екен?

Абзал ЖОЛТЕРЕК


20 ақпан 2021 ж. 2 638 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031