Табалдырық турасындағы тыйым
Қазақта ырым-тыйым жетіп артылады. Әрқайсысының өзіндік себебі әрі тәрбиелік маңызы бар. Содан болар қазақ халқы қай ісін бастаса да оны ырымға балап отырады. Мәселен, «баланың шашын олай алсаң, бала болашақта былай өседі, тырнағын дүйсенбі күні алсаң, жақсы болады, ал бейсенбі-жұма күндері алсаң, бәле жоламайды» деген сынды. Ал бүгін табалдырықта неге басуға болмайтыны туралы әңгіме өрбітелік.
Сіз «Әй, табалдырықты баспа, табалдырықта тұрма» дегенді талай естіген боларсыз? Ал оның сыры неде, неліктен ата-бабамыз бұлай айтты? Осы тақырыпқа арқау ретінде мына бір оқиғаны баяндап берейін.
Қай кезде болмасын қас қағым сәтте ізін суытып, қашан көрсең асығып жүретін көрші Қалампыр тәте әдеттегідей табалдырықта тұрып, үйдегілермен сәлемдесті. Сөйтті де ақырын анама келген уәжін бастады:
– Жұмыстарыммен Қызылорда қаласына бара жатырмын. Сонда бір-екі күн аялдаймын. Біздің үйге көз қырыңызды салып қоярсыз, – деп өтініп, бір орында тұра алмай, дызақтап кетті. Ал анам оның мұндай күйін көріп, «жарайды, жарайды, алаңдама» деп есікті жапты.
Бұл көрініске куә болған нағашы Орынкүл әжем Қалампыр тәтенің де, анамның да әрекетін жақтырмай:
– Шаңыраққа кім келсе де, ең алдымен табалдырықтан аттап, үйге кіруін сұра. Шаруасын содан соң айта жатар. Бірінші, ол өзіңе деген құрметің. Сосын үйіңе келген кісіні міндетті түрде сыртқы есікке дейін шығарып сал. Ол оған деген құрмет. Мына жасқа келген ананың мұны білмегені ұят. Мына отырған ұл-қызыңа не үлгі? Саған қарап бой түзейді, тәрбие алады. Кеше ғана қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдан шыққан едіңдер. Бүгін қалалық болып кеттіңдер ме? Сен осылай жасасаң, ертең бала не істемейді? Онсыз да бүгінгі күні күтіп отырған қонағы, жайылған дастарқаны, шулаған бала-шағасы жоқ үйлер сәт сайын көбеюде. Сайып келгенде осының бәрі тәрбие мен көрегенділікте қарағым, – деп әжем анамды сықпыртып алды.
Осы сәтте балық мүжіп, көзіміз бақырайып отырған інім екеуізге әжем қарады да «Табалдырықта неге тұруға болмайтынын білесіңдер ме? Білмейтін болсаңдар, айтайын» деп анамды да жанына отырғызды.
– Алла Тағала әрбір жаратылысты, істі есеппен жасаған. Үлкендер бата бергенде, тілек айтқанда «құт ұялаған, бақыт қонақтаған, береке дарыған шаңырақ болсын» деп жатады. Мұның мәні тереңде. Мен де сендердей жас болдым және әжем болды. Ол кісі бізді әрдайым жанына отырғызып, өмірден көрген-түйгенін айтып беретін. Соны сендерге де баяндайын. Құлақ түріп, саналарыңа сақтап отырыңдар, – деп әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
– Ертеде Құт, Береке және Бақыт атты үш дос болыпты. Содан ақылдасып, үшеуі ел аралауға кетіпті. Ол кезде жоқшылық заман, тоқ отбасы өте аз болған деседі. Сөйтіп ұзақ жол жүріп ашығып, шөлдеп келе жатқанда бір үйге тап болыпты. Есігін қағып, кіруге рұқсат сұраса, іштен әйел дауысы кіруге болмайтынын, қонақ күтуге жағдайының келіңкіремейтінін жеткізіпті. Мұны естіген үш дос әрі қарай жүріп кетіпті. Осылайша жолай кезіккен 5-6 үйге кіре алмапты.
Әбден қалжыраған олар бір төбеге шығып, түнеп шығуды жоспарлайды. Сонда төменгі жақтан шамның жарығы көрінеді. Құт екі досын сол үйге баруға үгіттейді. Бірақ екеуінің беті қайтып қалғандықтан барудан бас тартады. Құт далада қонудан қорқып, достарын әрең көндіріпті. Сөйтіп үшеуі түн қараңғысында әлгі үйдің есігін қағыпты. Үйден құрақ ұшып шыққан қариялар оларды құшақ жайып күтіп алыпты. «Бізге тамақ керек емес, тек түнеп шықсақ болғаны» депті үшеуі жарысып. Сонда отағасы: «қазан асып бере алмасақ та, тары қуырып беруге шамамыз жетеді» деп үшеуіне дастарқан жайған екен. Үш дос қариялардың кеңпейілдігіне риза болып, сол үйде мәңгі тұрақтап қалыпты. Үй шағын болғанымен, артық адамға орын да жоқ. Үй иелері ұялғандарынан өз төсектерін ұсынған. Сонда Құт: «Әркім өз төсегіне ие болсын. Мен табалдырықта қонамын» депті. Береке еш ойланбастан дастарқанға жайғасыпты. Ал Бақыт:«Төр менікі» деп иеленіп алыпты. Сол түннен бастап кедейшілікте ғұмыр кешіп келген қариялардың шаңырағында тоқшылық пен молшылық орнапты. Той-думанда, асыр салған бала-шаға да осы үйге үйір.
Міне, шаңырақтарына құт-береке мен бақыт дарыған қариялардың ізін біздер жалғастырып келеміз. Сендер осы көрегенді, жомарт жандардың ұрпағысыңдар. Ата-әжелерің осындай керемет жан болған. Неге сендерге солардың жолын жалғамасқа?! Бұдан былай естеріңде болсын қай кезде, қай уақытта есігіңді қағып қонақ келсе табалдырықтан кіргіз, құт келеді. Төріңе отырғыз, бақытың еселенеді. Дастарқан жайып асыңды ұсын, берекең артады. Осы айтқанымның барлығын әжемнің өсиеті деп мәңгі санада сақтаңдар, – деп әңгімесін түйіндеді әжем.
Иә, ата-баба мен қазыналы қарттарымыздың өнегелі өсиеті мен мағыналы әңгімесі біздерге мәңгі азық. Сондықтан ескіден жалғасқан әрбір ырым-тыйымды білу сіз бен бізге артық болмасы анық.
А.БАҚЫТҰЛЫ