Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Холл хақындағы хикаялар

Холл хақындағы хикаялар

Қазақ «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Осыдан 40-50 жыл бұрын көтерген үйін бұзып, жерін биіктетіп, жаңасын салу үрдіске айналды. Бұл әрине халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын білдіреді.
Кеңес заманында үй салу қиын шаруа еді. Қазіргідей қаптаған құрылыс материалдарын сататын дүкендер жоқтың қасы болса да, мен шеге, қарақағаз, ошақ қақпақтары мен шілтерінен басқа ешнәрсе таппайсың. Қажетті материалдардың барлығын құрылыс нысандарын салып жатқан жерден, прорап пен бригадирмен келісіп жасырын түрде алатынбыз. Еден тақтайлары мен бөренелерді аудан орталығының шет жағында орналасқан совхоздардың шаруашылық қоймасы осындай жолмен келісетінбіз. Аудан орталығының шет жағы, 5-ші квартал трассаға жақын болған соң сол жаққа Байқоңыр бұрынғы Ленинск қаласынан түнде әскерилер құрылыс материалдарын жасырын сатып кететін. Оларда да әдісін алып, үйлеріне жәшіктеп арақ сақтап, мүлдем арзанға түсіріп, біздерге үстеме бағамен сататын. Үй салып, шатырын жабарда аудандық атқару комитетінің төрағасына өтініш жазып барасың. Оған қол қойғасын, аудандық тұтынушылар одағына барып ақшасын төлейсің. Ал заңды түрде алатын шифер ғана еді. Негізгі әңгімеміз қазір салынып жатқан үйлердегі холл туралы болмақ.
Бірде құдамның үйіндегі басқосуда жасы 80-нен асқан, қадірлі қарияның сөзі ойландырды. «Бірде ағайынның баласы үйленгенде, қызға құда түсіп бардық. Үлкендер жағын дастарқан жайып қойған холлға орналастырды. Құдалармен таныстырып болғасын, әңгімеміз енді жараса бастағанда холлдың төрінде есігі ашық тұрған екі залға қарай шай тамақ тасыған келіндер мен жас жігіттер ары-бері қатынап мазамызды ала бастады. Сол кезде басқарып жүрген құданың інісіне: «Біз үлкен болған соң ана екі залдың біріне бізді жайламадыңдар ма?» дегенімде құдамыз: «Бұл үлкен холл ғой!» деп ақталды. Бұрын үй салғанда, үй жобасын сызып, бөлменің үстінен бөлмеге қатынамайтындай, есікті әр бөлмеге бөлек шығаратын. Бірінші кезекте қонақтың мазасын алмауды ойлайтын. Үйдің бұл жобасы архитектураның классикалық үлгісіне жатады. Яғни жылдар бойы сұрыпталған жайлы түрі.
Бүгінде үй салғанда холл салу, оны безендіру бәсекеге айналды. Жаңа үйге қоныс тойын жасағанда холлдың үлкендігін айтып мақтанатын болды. Кейде оның көлемі залдан екі есе үлкен болып, мен танитын ерлі-зайыптылар әлі күнге дейін ренжісіп жүргендерін де білемін. Ал бір мекеме басшысы жаңа үй салғанда холлды өте үлкен етіп жібергендіктен, бір жылдан кейін бұзып, қайта салды.
Қазақ холлға неге құштар болды? Сәнге қалай айналды? дегенде, күнделікті үнді сериалдардың әсерінен деп айта аламын. Мәселен, «Астана» телеарнасынан күнделікті көрсетілетін үндінің «Абысындар» сериалының бар оқиғасы аталған холлда өтеді.
Холл ағылшынша «hall» деген сөзі. Архитектуралық анықтамада: «Холл – театрға кіре берістегі, қойылым басталғанша күтетін зал» делінген. Қазақшасы, яғни кіре берістегі – дәліз. Ал ол жерде қонақ күту ақылға қонбайды. «Конгресс – Холл» деп аталатын арнаулы ғимарат та бар. Онда концерт пен түрлі іс-шара өткізіледі.
Орта ғасырларда англо-саксондық ақсүйектер өз әулетінің байлығын көрсету үшін осылай салуды сәнге айналдырды. Екінші қабатқа екі жақтан көтерілетін салтанатты басқыш және бөлме санын көрсету үшін есіктер де шығарылған. Үндістан 1947 жылға дейін ағылшындардың отарында болды. Сол кезде салынған ғимараттар холлында қазіргі үнді сериалдары түсіріліп жүр.
Жалпы қазақ басқа халыққа еліктегіш екендігін мойындау керек. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында салынған Қазалыдағы үйлердің шатырын қытайдың будда храмына ұқсатып жапты. Сырт жағынан сиыр фермадағы қораға ұқсағандықтан оны «коровник» деп атап кетті. Кейін ол көзге ерсі көрінгендіктен, үй иелері шатырын бұзып, «конверт» қылып қайта жапты.
«Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» дегендей, қазіргі кездері үйдің үштен бір бөлігін алып жатқан холлы бар үйлер де 15-20 жылдан соң ерсі көрініп, қайта бұзылып, жаңадан салына бастайды. Әзірше қазіргі кезде сән болып тұр. Орыс халқы мұндайды «Мода меняется или пройдет» деп босқа айтпайды.
Осыдан 5 жыл бұрын ескі үйді балам бұзып, қайта салғанда, осы холлды ұнатпайтынымызды білдірдік. Әке-шешесінің айтқанын қылып, оның орнына немерелерге арналған екі бөлме салғанына қуандық.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

02 ақпан 2021 ж. 2 652 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 74

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930