Қазақстанда 1 ақпаннан бастап не өзгереді
Осы айдың ең басты жаңалығы – коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау. Сондай-ақ, 1 ақпаннан бастап кейбір банкноттар жарамсыз болады. Қазақстандықтар үшін 1 ақпаннан бастап не өзгеретінін sputnik.kz Қазақстан материалынан оқыңыз.
Жаппай вакцинация
Бүгін, 1 ақпан Қазақстанда жаппай вакцинациялау басталды. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.
Бірінші кезеңде:
Инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары;
екінші кезеңде:
жалпы білім беретін мектептер, жоғары оқу орындарының педагогтері, медициналық қызметтің жұмысшылары;
үшінші кезеңде:
мектеп-интернаттар, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері, созылмалы аурумен ауыратындар.
Айта кететін жәйт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.
Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.
Кейбір банкноттар енді жарамсыз
1 ақпанда 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау және айырбастау мерзімі аяқталады.
Жеке тұлғалар банкноттарды Ұлттық банктің филиалдарында ғана айырбастай алады.
1 ақпаннан кейін Ұлттық банк ескі банкноттарды қабылдауды және айырбастауды тоқтатады.
Нұр-Сұлтаннан Талдықорғанға әуе рейстері ашылды
Qazaq Air әуе компаниясы 1 ақпаннан Нұр-Сұлтан – Талдықорған бағдары бойынша әуе рейстерін жандандырады.
Ақпан айында аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері ұшуға болады. Одан кейін рейстер күн сайын орындалады деп жоспарлануда. Билет құны 12 500 теңге және одан жоғары. 14 жасқа дейінгі балаларға 50% жеңілдік жасалады.
Дүйсенбі күнгі кесте:
- Нұр-Сұлтан (11:40) – Талдықорған (13:00)
- Талдықорған (14:00) – Нұр-Сұлтан (15:40)
- Нұр-Сұлтан (08:50) – Талдықорған (10:40)
- Талдықорған (11:20) – Нұр-Сұлтан (13:10)
- Нұр-Сұлтан (12:00) – Талдықорған (13:50)
- Талдықорған (14:40) – Нұр-Сұлтан (16:40).
Кейбір сайттар істен шығуы мүмкін
1 ақпаннан бастап азаматтар Қазақстан аумағынан тыс серверлерде орналасқан, ".KZ" және .ҚАЗ" домендік атауы бар сайттарға кіре алмауы мүмкін.Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, егер сайт республика аумағынан тыс серверде орналасса, қазақстандық интернет кеңістігінде домендік атауды қолдану уақытша тоқтатылады.
Бұған дейін цифрлық даму министрлігі осы ережені бұзатын сайт иелеріне хабарлама жолдаған еді. Олар заңбұзушылықтарды 2020 жылдың 30 қарашасына дейін жоюы тиіс еді, алайда көптеген өтініштен кейін мерзім 1 ақпанға дейін ұзартылды.
Екі өңір цифрлық хабар таратуға көшеді
1 ақпаннан бастап Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы цифрлық эфирлік телевидениеге толығымен көшеді.Дәл осы күні Алматыда Көктөбе телемұнарасында цифрлық эфирлік телевидениеге көшу бойынша шара өтеді.
Цифрлық телевидениенің бейнесі мен дыбысы өте сапалы, каналдар мен бағдарламалар саны да артады. Ескі хабар тарату сигналы сыртқы әсерге, мәселен ауа райына өте тәуелді еді, қатты жел тұрғанда мүлде жоғалып кететін. Ал цифрлық хабар таратудың сигнал сапасы мен қорғаныш деңгейі жоғары, алыс қашықтан қабылдай береді.
Цифрлық эфирлік телевизиялық хабар тарату жобасы бүкіл елде 2022 жылға қарай аяқталады деп жоспарланған.
Полиция халыққа жақындай түсті
Бірінші ақпаннан бастап Қазақстанда "102" мобильді қосымшасы іске қосылады. Сервистің басты міндеті – полицияны халыққа жақын және қолжетімді ету.Енді әр қазақстандық смартфон арқылы қылмыс туралы хабарлай алады және оның ақпараты назардан тыс қалмайды.
Жүйе арқылы арыз беруге, аудио немесе видео қоңырау көмегімен оператормен байланысқа шығуға, қызмет алуға және оқиға орнына аттанған полицияның тұрған жерін бақылауға болады.