Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге қызмет – мерейлі міндет

Елге қызмет – мерейлі міндет

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген болатын. Бұл халық қызметшісі болып жүрген жандардың мінез-құлқына, білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Бұдан қорытынды мемлекеттік қызметшінің бойында жоғары біліммен қатар, ар-ұят, намыс-жігер, биязылық болуы шарт.
“Әдептілік ар-ұят, адамдықтың белгісі. Тұрпайы мінез надандықтың белгісі” деп халқымыз ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Кез келген мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс қасиеттің бірі осы десек қателеспейміз.
Бүгінгі таңда мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі арнайы заңмен бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс қимыл кезеңі» атты биылғы ­ ­Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа үлгісін қалыптастырып, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырды.
2021 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбекақы төлеуде балдық-факторлық жүйе енгізу арқылы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейтілді. Кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар қажеттілігін, сонымен қатар этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәстүрдің сақталуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Мемлекеттік басқару жүйесіне реформаларды жүйелі жүзеге асырып, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне мемлекеттік аппараттың тиімділігін қайта қарауды тапсырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасын іске асырып, мемлекеттік органдар билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог орнатуға басымдық берілді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бап, 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп атап көрсетілген. Яғни мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілектерінің шешім табуына бағытталуы тиіс екендігін білдіреді. Бұл бағытта аудандағы мемлекеттік қызметшілердің халықпен қарым-қатынасын жақсарту мақсатында «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес барлық мемлекеттік орган басшылары азаматтардың өтініштеріне сәйкес жеке қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар аудан және ауылдық округ әкімдері ҚР Президентінің «Орталық атқарушы орган басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес жыл сайын халық алдында есеп беріп, олардың өтініш-тілектерінің орындалуына ықпалын тигізіп келеді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте заң талаптарымен толық сәйкестікте, кез келген орын мен лауазымда қандай жағдай болмасын халықтың сенімін жоғалтпай жұмыс істеу міндеті тұр. Кейбір жағдайда қызметкерлер тарапынан, талапқа кері әрекеті барып мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін жай орын алып жатады. Яки сыбайлас-жемқорлық. Сыбайластық әрекеті халықтың заң мен әділеттілікке, билікке деген сеніміне кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Елде халықаралық және отандық тәжірибеге сүйеніп, тәрбиелік мәні бар шаралар мен жұмыстар жүргізіліп отыр. Соның бірі – «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі. Оңтайлы құрылған жоба арқылы бұл күні нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Ол негізгі 3 бағытқа бөлінген. Біріншіден, сыбайлас жемқорлық деңгейін, соның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Екіншіден, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қабілетін қалыптастыру. Үшіншіден, азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайту, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету.
«Адалдық алаңы» жобасы арқылы қоғаммен кері байланысты орнату, қабылдау ұйымдастыру, брифинг-сұхбаттар беру, әлеуметтік желілер арқылы жарияланымдарға мерзімінде жауап беріп, шара қабылдау, тұрғындарға қызмет көрсетуде «Бір терезе» қағидаты бойынша мамандардың «open space» форматында тұрғындармен етене жұмыс істеуі үшін әкімдіктен арнайы бөлме жасақталып өз қызметін көрсетуде.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жалдайды. Сондықтан біз халық қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де, халыққа жақын болады» деген сөзі әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс. Бұл ретте әрбір мемлекеттік қызметші әрдайым халыққа жақын болып «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халық нақылын есте сақтаған жөн.

Әліби ӘБИЕВ,
Қазалы ауданы әкімінің орынбасары,
әдеп жөніндегі өкіл
01 желтоқсан 2020 ж. 1 108 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 68

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930