Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жапырағын жайған «Бәйтерек»

Жапырағын жайған «Бәйтерек»

Биылғы жылдың алдағы үлкен мерекелерінің бірі – Астананың жиырма жылдығы екені белгілі. Ол туралы Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да атап көрсеткен болатын. Қыстың қазіргі қытымыр күндеріне қарамастан Астана өзінің мерейлі тойын
а қызу дайындықты бастап кетті.
Жылдың осы басты оқиғасы жайлы, Астанамыз туралы «Қазалы» газетінің үстіміздегі жылдың 19 қаңтары күнгі нөмірінде «Ел жүрегі – Астана» атты мақала жарияланған болатын. Осы тақырыпты жалғастыру мақсатында газетіміздің бүгінгі нөмірінен бастап елордамыздың ғажайып ғимараттары туралы деректер беруді жөн көрдік.
Астанаға ат басын бұрған қонақтардың елордамыздың қақ төріндегі, Есілдің сол жағалауындағы «Бәйтерек» монументіне соқпай кетпесі анық. Елорданың қай бұрышынан қарасаңыз да мен мұндалап тұратын алып Бәйтерек шынында да жапырағын кеңге жайып, биікке ұмтылып, көркейіп келе жатқан еліміз бен Астанамызды елестетеді. «Бәйтерек» бұл күнде Астанамыздың басты символына, көзайым мақтанышына айналды. Жалпы, бәйтерек атауы халқымызға киелі ұғым. Тілдік талдауға сүйенсек Бәйтерек ежелге түрік сөзі, «бәй» – үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал «терек» (парсы тілінде – дарақ) – «ағаш» дегенді білдіреді. Сөйтіп, «бәйтерек» – «зәулім ағаш» болып тілімізге ертеден-ақ енген. Айтпақшы, сексеуілі көп өсетін Қазалы өңірі сексеуіл ағашының үлкендерін дарақ сексеуіл дейтіні белгілі. Қалай айтсақ та, ағаш, дарақ біткеннің бәрі бәйтерек емес, даламызда онсыз да сирек өсетін ағаштардың ең биігін, әсіресе дара тұрғандарын ата-бабаларымыз киелі ағаш, әулие ағаш, бәйтерек деп санаған.
Негізінде Тәңірге, табиғатқа, отқа-суға, ағаштарға, жан-жануарларға табынудың Ислам дінін қабылдағанға дейін болғаны белгілі. «Тәңір жарылқасын» дейтініміз, өзімізді Көк Бөріден таралған ұрпаққа балайтынымыз, келін түсіргенде босағаны оң аяғымен аттатып, «отқа май тамызу» рәсімін жасайтынымыз, құла түзде жапырағын жайған жалғыз бәйтерек ағаштардың жанына түнеп, бұтақтарына шүберек байлайтынымыз сол бағзы замандардағы ырым-жоралғылардан қалған әдеттер мен белгілер. Сондықтан, Бәйтерек туралы ежелгі аңыздарда да, жер кіндігіне орналасқан алып ағаш ретінде, оған тек Самұрық атты қасиетті құстар ғана ұя салатыны айтылады. Қандай аңыз, қандай ертегі болсын тек жақсылық тілейді. Бай, қуатты өмір сүруге меңзейді. Арман-мұраттарына, көздеген мақсаттарына жеткізеді.
Міне, сондай арман-тілек, игі мақсаттардан туған алып Бәйтерек Сарыарқа төсіне тамыр жайды. Металлдан, әйнек пен бетоннан жасалған бұл монумент әлемдегі өзге ғимараттарға ұқсамай, атына сай бірегей, елорданың дара бәйтерегі болып тұр. Диаметрі 22 метр, салмағы 300 тоннадан тұратын, күн жарығының түсуіне орай түсін өзгертіп тұратын «хамелеон» шардың биікке орналасуы әлемде бірінші рет осы біздің Астанамызда ғана жасалып отыр. Оның биіктігінің тоқсан жеті метр болуында да тарихи мән бар. Тоқсан жеті жаңа Астанамыз туралы шешім қабылданған 1997 жылды білдіреді.
Бәйтерек кешені негізінен үш бөлікке бөлінген. Жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюын білдірсе, ортасы және жоғары бөліктері елдің өркендеу кезеңдерінің нышандарына айналған. «Бәйтерек» күмбезінің салмағы – 70 тонна, ал алтын шардың үстіңгі ауданы – 1553 м2. Ең жоғары жағына, яғни алып шардың ішінде «Аялы алақан» композициясы орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген алтын түстес шардың панорамалық залынан Астанамыздың көрінісін жан-жақты тамашалауға болады. Ал осы залдың қақ ортасындағы «Аялы алақан» ізі келушілердің ерекше ықыласпен алақандарын қойып, амандасу, сәлемдесу ретінде жақсы тілектерін айтатын орнына айналғаны қашан. «Аялы алақан» ізі шын мәнінде осы монументті тұрғызу, оның атын «Бәйтерек» деп атау идеясын ұсынған Президент Н.Назарбаевтың алақанының ізі. Сондықтан, Елбасының өзімен амандасқандай әсер беретін бұл орынға келушілердің қарасы ешқашан үзілген емес. Сондай-ақ, осы панорамалық залдың ішінде 17 жапырақтан тұратын 17 әртүрлі әлем діндері өкілдерінің қолдары қойылған ағаш глобусы да орналасқан. Бұл Астанада алғаш рет әртүрлі дін өкілдерінің басын қосқан жиыннан естелік, бейбіт мақсаттағы ниетіміздің белгісі. «Бата» композициясы деп аталатын бұл белгі бейбіт тілейтін әлем дінбасыларының Қазақстан халқына, елімізге, жерімізге берген ақ батасы.
Әсем Астанамыздың айшықты ғимаратына айналған осы «Бәйтерек» кешенінің жобалаушы сәулетшілер тобы А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев, ал құрылысын «Имсталькон» компаниясы салғанын да айта кеткіміз келеді. Астана қаласында Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба және құрылыс ретінде «Бәйтерек» кешеніне Гран-при үздік айырым белгісі берілді.
«Астана – Бәйтерек» кешеніне келгендер сондай-ақ, жаңа қаланың мәдени-әкімшілік орталығының макетімен де таныса алады. Үш тілде ақпарат беретін кешен қызметкерлері қонақтар қызықтыратын сұрақтарға жауап береді. Сонымен қатар, Астанамыз бен Бәйтеректің сувенирлік өнімдерін, халқымыздың қолөнер бұйымдарын сататын дүкендер мен дәмханалар да келушілердің назарына ұсынылған.
Өткен жылы Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» жаһандық көрмесі қарсаңында «Бәйтерек» кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, халықаралық көрме қонақтары алдында жаңа қырымен танылды. Үш ай бойы қонақтардың көзайымына айналған Бәйтерекке кіру үшін кезекке тұрғандардың қалың нөпірін көзімізбен көріп, көңілімізбен мақтандық.
Иә, өзім күн сайын жұмысқа бара жатқанда жанынан өтетін «Бәйтеректі» көргенде белгілі әнде айтылатын «Жапырағын жайған бәйтерек, тереңге тартқан тамырын» дейтін жыр жолдары еріксіз ойға оралады. Жақсы тілек тіл ұшына келеді: «Табиғатқа, ұлы даламыздың киелі ағаштарын қасиет тұтқан халықпыз ғой» дейсің іштей, дарақ сексеуілдеріміз бен зәулім бәйтеректеріміз жапырағын жая берсе, мал-жанымыздың да, жан-жағымыздың да өсе берері анық. Ылайым солай болсын! Бәйтерегіміз биіктей берсін!
Сәдуақас ЖҰБАТОВ
21 ақпан 2018 ж. 2 701 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930