Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемияда психиканы қалай қорғаймыз?

Пандемияда психиканы қалай қорғаймыз?

Әрбіріміз белгілі бір дәрежеде күйзеліске душар боламыз. Оның организмге кері әсер ететіні белгілі. Күйгелектенген кезде организмде “күйзеліс гормоны” кортизол деңгейі көтеріледі. Ұзақ уақыт бойғы мұндай көңіл-күй иммунитеттің қорғаныш ­функцияларын төмендетіп, вирусқа қарсы тұруға кедергі келтіреді.
Дүниежүзін шарпыған қауіпті індет басталғалы халықтың үйреншікті өмірі бір сәтте күрт өзгерді. Коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған карантин режимі адамдардың күнделікті тірлігіне түзетулер енгізді. Бұл режим қиын жағдайдың тұтқынына айналған ересектердің ғана емес, балалардың да психологиясына кері әсер етті. Осы кезеңде жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету аса маңызды. Кәмелетке толмағандарға қандай кеңес берген дұрыс?
Коронавирус инфекциясының қарқынды әрі тез таралуына байланысты қалыптасқан жағдайға ешкім дайын болмады. Баршаның өмірі күрт өзгерді, үйреншікті заттарға тыйым салынды, оқу мен жұмыс қашықтан жүзеге асырылды, ал «өзін-өзі оқшаулау» мен «карантин» сөздері жүйкеге тиеді. «Ересектер секілді осы жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдер күйзеліске, қорқынышқа, тіпті үрейге бейім. Оқытушылар жасөспірімдер осындай жағымсыз эмоцияларды сезінбеу үшін жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетілуі тиіс», – дейді мамандар.
Ал “Жанқожа батыр” атындағы №70 орта мектептің психологы Айгүл Жұбаназардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің коронавирус кезінде мұңаймай, үрейге берілмей, осы жағдайға байыппен қарауға дағдыланғаны жөн. Психологиялық көмек негізінен әңгімелесу форматында өткізілуі тиіс. Ол үшін кез келген ыңғайлы байланыс түрін – телефонмен сөйлесу немесе аудиохабарламалар пайдаланған тиімді. Жасөспірімдерге онлайн режимде, видеобайланыс форматын қолдану – әңгімелесу үшін лайықты нұсқа. Себебі оның көмегімен барлық сұрақты бірден талқылап, баланы естуге әрі көруге болады. Сондай-ақ жадынама әзірлеп, оны мессенджерлер немесе электрондық почта арқылы жіберген дұрыс.
Жасөспірімдерге қиын нәрселер барынша түсінікті етіп жеткізілгені мақұл. Мысалы, жас өскін коронавирус инфекциясынан қорықпау үшін 0-ден 19 жасқа дейінгі дені сау адамның оны жұқтыру қаупі төмен екенін түсіндірген абзал дегенді алға тартады салауаттылыққа үндейтіндер. Осыған қарамастан, жұқтыру қаупін төмендету үшін барлық сақтық шарасын ұстану керек. Ол үшін қолды жиі сабындап жуып, иммунитетті көтеруге күш салынады.
– Ағзаны бірқалыпты ұстаудың ең тиімді тәсілдері – 7,5 сағаттан кем емес тыныш ұйқы, денешынықтыру жаттығулары және күн тәртібін сақтау. Серуенге уақыт бөлу қозғалыс пен таза ауа өкпеңізді “жаттықтыруға” көмектеседі, дофамин деңгейін “рақаттану” гормонын көтеру үшін көңілді фильмдер көру. Одан бөлек күніне орта есеппен 1,5 литр су ішу керек. Әсіресе ол күйзеліске түскен сәтте аса қажет. Сусыздану мен күйзеліс бір-біріне әсер етеді. Одан бөлек күйзелістің өзі де сусыздануға себеп болуы ықтимал. Осындай сәттерде бірден депрессияға қарсы дәрілерге жүгінбей, бір стақан судан бастаған жөн. Мықты иммунитет жақсы тамақтануға тікелей байланысты сондықтан жеміс-жидек пен ет жеуге назар аударған жөн, – деп кеңес берді аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің жауапты маманы Айман Құлмұратова.
Сонымен қатар өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтауды жүйелі түсіндіру маңызды. Оқушыға тек осылай ғана елдегі коронавирус инфекциясы таралуын тоқтата алатынымызды айтып берген дұрыс. Жастар әлеуметтік желідегі жаңалықтарға тым әуес болмағаны жақсы. Себебі онда көбіне жалған ақпарат берілуі мүмкін. Егер жаңалықтан хабардар болғысы келсе, тек сенімді дереккөздерге сүйенген ұтымды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

27 қазан 2020 ж. 434 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031