Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси жүргізушісінің әңгімесі

Такси жүргізушісінің әңгімесі

Екі мыңыншы жылдың жазында кезекті еңбек демалысымды Алматыда өткізіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын балаларыммен бірге қаланы араладық. Қайтуға қарағанда ­автобустан гөрі тезірек бару үшін таксимен жүруді ұйғардық. Біз келген такси жүргізушісі орта бойлы, елпілдеген қазақ жігіті екен. Түсе қалып, қолымыздағы заттарды жүк салғышына орналастырып, жүгіріп жүр.
Барар жерімізді айтып, қанша уақыт жүретінімізді сұрап едім.
– Аға, қазір жұмыс аяғы, қайту базар дегендей, көшедегі көлік кептелісі де жүрісті өндірмейді, бір-екі сағаттай уақыт алатын шығар, – деді.
– Онда кеттік. Мен мына балаларыма кәсіп етіп жүрген өзіміздің қарадомалақ жігіттер бар ғой. Солардың бірі келер дегенмін. – Өйткені сенің алдыңда ғана жолыққан такси жүргізушісі, жасы біразға келген орыс, үлкен кісі екен. Сенің бағаңнан екі есе қымбат сұрап, тұрып алғаны. Онан да жолпұлын сендерге берейік. Кәсіптеріңнен береке тауып, ертерек күйленіңдер.
– Иә, ондайларда бар, – деді ол.
– Ал өзің осы алматылықсың ба? Есімің кім?
– Жоқ, мен Семейде, Ұлы Абай дүниеге келген жерде туып-өскенмін. Аға, Ибраһим десеңіз болады.
– Онда Орта жүздің Тобықты, Наймандарынан екенсің ғой. – Ойыма қалай келгенін өзім де білмеймін. – Абайдың атын қойған екен, – дей салдым.
– Дұрыс айтасыз. Орта жүздің көп тарихы соларға байланысты. Себебі кезінде ұзақ жылдар бойы билік басында болған. Шар салып, дауыс жинайтын сайлауларда үстемдік алған. Болыс, сұлтандар өздерінен ауыспаған.
– Түсінікті болды, әңгімеңіз көңіл қоярлық екен. Онда ақыры жол үстінде біраз біргеміз. Білгеніңді айта отыр, айналайын, – дедім.

Құнанбайдың сұлтандыққа сайлануы
Орта жүз Наймандардан атақты би, болыстар көп шыққан. Олардың қолдаушылары да аз болмаған. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы Найманның атақты екі байы кезектесіп, сұлтандықты өздерінен басқа ешкімге бермепті. Сайлауда сұлтандыққа түскендердің бәрінен мерейлері үстем болып, соңында жеке дара қалады. Ал басқа біреулер қосарлана қалса, бірін-бірі қолдап, көп дауыс алып отырған.
Бұлар әр сайлау сайын Наймандардың көп жасаған, аузы дуалы, жұрт сыйлаған абыз қариясына сәлем беріп барып, елдегі жағдайды айтып, осы жолы батаңызды қайсымызға бересіз деп ақылдасады екен. Данагөй ақсақал не айтса, соған көніп, дауыстарын қосып, бәсекеде басқаларды жеңіп шығады.
Бір жылдары кезекті сайлаудың соңында Найманның атақты екі би, байымен бірге Тобықтыдан Құнанбай дауысқа түсетін болады. Олар өздерінің қалыптасқан дәстүрін бұзбай, абыз қарияға сәлем беріп сайлаудың жағдайын баяндап, осы жолы қайсымызды қолдайсыз, батаңызды алайық деп келдік, – дейді.
Қария сәл ойланып отырып, бұл жолы сұлтандыққа Құнанбай сайлансын! – дейді. Екеуі сам-соз. Төбеден түскендей шұғыл шешімге қайран қалғанмен қарсы уәж айта алмайды. Амалсыздан көпшілік Құнанбайды қолдап, Абайдың әкесі сұлтандыққа сайланады.
Бұл жағдай Найманның екі биін де қатты ойландырады. Болар іс болғаннан кейін, бірде екеуі отырып:
– Атамыздың жағдайын біліп қайтайық. Өткендегі үйреншікті үрдістің неге ойда жоқта өзгергенін сұрайық, – деп келісіпті. Барғаннан кейін дастарқан үстіндегі жүздесуде қайран қалдырған тоқтамның сырын сұрайды. Сонда ақылды қария:
– Айтқандарың орынды. Бірақ сен екеуіңнің кезектесіп, сұлтандық билікті алғандарыңа бірнеше жылдың жүзі болды. Сендер соңғы кездері жауапкершілікті босаңсытты, халықтың жағдайына қарауды ұмытып барасыңдар. Сондықтан мен бұл жолы Құнанбайға тоқтадым, – деген екен.

Абайдың Көкбайды ұялтуы
«Әке – балаға сыншы» деген бар. Құнанбай Абайды жастайынан қасына алып, ел билеуге баулығысы келгенмен, оның бұл талапқа оншалықты ықыласының жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін өз алдына бөлек шығарып, үстіне үй, алдына мал беріп, еркін өмір сүруіне мүмкіндік жасаған.
Осы кезде Абай өз туыстарымен бірге басқа да жастарды жанына тартып, бейімділігіне қарай көп тәрбие берген. Олар да ауық-ауық Абайдың жанына топтасып, тәлім-тәрбие аларлық ақылын тыңдап, жазған өлеңдерін жаттап, елге тарататын. Бірсыпырасы еліктеп, өлең жазуға машықтанған.
Абай шәкірттерінің ішінде Көкбайдың келешегіне көп көңіл бөліп, оның алғырлығын, ынтасын байқап, сөз өнеріне баулыған. Өлең шығарудағы аяқалысына да риза болыпты.
Абайдың айналасына ойысқан жастар ауыл іргесіндегі төбе басында кездесіп, сабақ алуды дәстүрге айналдырады. Бір жолы осындай жиында Көкбай көрінбей қояды. Бұған алаңдаған Абай оның дерегін сұрастыра бастайды.
Ауыл арасындағы қауесет жата ма? Әркім әртүрлі болжам айтады. Сонда бірі Көкбайдың соңғы кездері Абайдың қарсыластарының тобына барып жүргенін, оларды өздерінің қатарына қосу әрекеттерін әңгіме етеді. Екінші бірі үгіттегендері сондай «біздің жағымызда бол, жоғарыға арыз жазғанбыз, тексеру болады. Бізді қолда деп шапан жауып, ат мінгізген көрінеді» дегенді алға тартыпты.
Осылай отырғанда шәкірттерінің бірі: «Көкбай ана ауылға бізді айналып, әне, кетіп барады», – деп төбенің етегімен желген аттың үстіндегі оны нұсқайды.
Абай дереу алып келуге біреуін жұмсайды. Амалсыздан еңсесі түсе келіп сәлемдеседі.
Сонда Абай:
– Көкбайжан, көрінбей кеттің ғой. Саған ат мінгізген кімдер? – дейді.
Ол ағасының алдына барып, кешірім сұрап, азғырғандардың сөзіне еріп, қателескенін мойындап, көзіне жас алып отыра кетіпті.
– Енді Абайдың «Адам мінезін жөндеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп айтқаны бар ғой. Сен айтып отырған сол Көкбайды шәкірттерінің ішінен іні етіп, тәрбиелеген. Соның нәтижесінде жастайынан өткір тілді, өжет, дарынды суырып салма ақын атанады. Өз қаржысына медресе салып, бала оқытады. Мешіт салдырады. Меккеге барып, қажы атанады, – дедім мен.
Осылайша сөзіміз жарасқан біз межелі жерге келіп қалғанымызды да аңғармаппыз. Жолай кездескен қарапайым такси жүргізушісінің зейініне риза болдым.
– Айналайын, Ибраһим рахмет, біраз көңіліміз көтеріліп қалды. Сенің мына айтқан сөздерің сүбелі екен. Жастардың құлағына құя жүрерлік тағылымы мол, – деуім мұң екен, ақтарыла жөнелді.
– Аға, дұрыс байқаған екенсіз. Болжамыңызды бірден түсіндім. Әкемнен Абай, әкесі Құнанбай, атасы Өскенбай мен әжесі Зере жайлы айтқан көп әңгімелерді тыңдап өстім. Сонан да менің есімімді ақын болар деп Ибраһим қойған болуы керек. Бірақ ол үмітті ақтамадым. Мамандығым тарихшы. Жоғары оқу орнын бітірген соң туған жерде бірер жыл мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиеледім. Алматыға қоныс аударғаннан кейін мамандығыммен мектепке барып, жұмысқа орналасып едім. Шынымды айтайын, мұғалімнің мардымсыз жалақысымен отбасымды асырау өте қиын болды. Бала-шағам, ішім-жеміміз бар, жеке үй болмаған соң ай сайын көзді ашып-жұмғанша жетіп келетін үй иесіне беретін пәтерақы жеткізбеді.
Сонан осы кәсіпке көшуге мәжбүр болдым. Қазір шүкір, көк «Москвичтің» арқасында ел-халықпен бірдей күнімізді көріп жатқан жайымыз бар, – деп күледі ол.
– Ал біз келдік. Көп-көп рахмет. Қажеттілік болып жатса сені іздейтін шығармыз, – дедім мен.
– Аға, мен де сіздерге ризамын. Осы жолы ақы-пұлсыз тегін қызмет еткен болайын. Ештеңе бермей-ақ қойыңыздар, – деп жүргелі жатты.
– Жоқ, болмайды. Саған қарағанда, біздің үстімізде үйіміз, жеңіл автокөлігіміз де бар ауылда. Ала бер, айналайын, – деп есептесіп қоштастық.
Тіршіліктегі осы бір оқиға әлі күнге есімнен кетпей, ойыма орала беретін болды.

Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
17 қазан 2020 ж. 1 035 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930