Ел үміті егінде
Әлемде орын алған пандемиялық ахуалға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар батыл шараларды қолға алғанын білеміз. Оның ішінде әсіресе ауылшаруашылық саласына баса ден қойылған. Өйткені індеттен кейін ізін ала экономикалық дағдарыс қаупі күтіліп отыр. Бұған төтеп беруші бірден бір күш ет өнімдері мен егіншіліктің мол қорын жасау екені түсінікті. Жақында Қазалы ауданында да егін егу жұмыстары мәресіне жетті.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биыл 17 511 гектарға дақыл орналастыру жоспарланған. Жыл сайын межеден асырып орындауға тырысатын дала еңбеккерлері осы жылы да сенім үдесінен шығып, 17 626 гектар аумақты игерді. Аталған егістіктің 7616 гектарына дәнді, 100 гектарына майлы, 7652 гектарға мал азықтық дақылдар егілген. Тағы біршама жерге картоп, көкөніс пен бақша өнімдері орналастырылған. Ал негізгі дақыл – күріштің көлемі 6500 гектарға жуықтайды.
Жерге тұқым себу барысында әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін дақылдарға көбірек мән берілгенге ұқсайды. Өйткені бұл нәтиже бүгінде 367 гектар аумақты құрап отыр. Негізінен аудан бойынша 1818 тонна күріш, 134 тонна жаздық бидай, арпадан 60, мақсары дәнінен 1,8, жоңышқадан 30 және жүгерінің 25 тонна тұқымы егістікке пайдаланылған. Сонымен бірге күріш сортын жаңарту үшін 655 тонна тұқым сатып алынғанын, егін егу маусымы толығымен тәмамдалғанын айта кеткен дұрыс. Ендігі міндет – оның күтімін күшейту.
Осы бағытта да тындырымды тірліктер атқарылуда. Мәселен, бүгінге дейін 4681 тонна минералды тыңайтқыш пен 7905 литр гербицид сатып алынған. Бұл егіннің өнімділігін арттыру мен арам шөптерге қарсы қолданылатын болады. Бұдан бөлек шаруашылық құрылымдары егілген дақылдарды агротехникалық талаптарға сай баптап отырғанын айта кеткен орынды. Атап айтар болсақ “Агро Өркен” серіктестігі 550 гектар күрішті арам шөптен тазартты. Қалған шаруашылықтар бұл іске жаңа кірісіп жатыр.
Күтімі жақсы кәсіп жеміс беретіні анық. Қазіргі таңда жалпы егілген күріштің 70 процентке жуығы оң нәтиже көрсетіп тұр. Оның 33 проценті өскін, 67,1 проценті түптену фазасында.
Осы тұста диқандарға мемлекет тарапынан қарқынды қолдау болғаны рас. Бүгінде қымбат жанар-жағармай саналатын дизель отыны шаруашылық қалтасына түсетінін білеміз. Осыған орай мемлекет тарапынан 1430 тонна дизел отынын “Нефтьтранс-Қызылорда” серіктестігі арқылы жеңілдетілген бағада (162 теңге-литр) жеткізіп берді.
Еңбек еш кетпеуі үшін құрал-сайманның да сай болғаны құба-құп. Осы тұста жан-жақты қолдаудың арқасында ауылшаруашылық техникалары паркінің де жаңарып келе жатқаны көңіл қуантады. Биыл “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы 458 млн теңгеге 15 дана техника сатып алу жоспарланған. Оның алтауын “РЗА Агро” шаруашылығы сатып алды. Алдағы уақытта қалғандары да жетеді.
Биыл суармалы егістікті сумен қамту және экологиялық қажеттілік үшін 666,16 млн текше метр су лимиті бөлінді. Қазіргі таңда күріш дақылы толық суға бастырылып болды.
Дегенмен облыстық су шаруашылығы мекемелерінің алдын ала болжамы бойынша маусым айының соңы мен шілде айының басында Сырдария өзенінде су тапшылығы болуы мүмкін. Осыған байланысты аудан бойынша тиісті іс-шаралар жасалып, барлық шаруашылықтарға ескертілген.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ