Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жатақханадағы жайсыздық

Жатақханадағы жайсыздық

Бүгінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың әлеуетін арттыру, оларды баспанамен қамту күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Соның аясында аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың ­бастамасымен кентте көпқабатты жалдамалы үйлер тұрғызылып, құрылысы біткен пәтерлер кілті заңдылығына сәйкес кезек реттілігі ­бойынша мұқтаж жандарға үлестірілді. Үй кезегінде тұрған тағы ондаған адам қала мен кент арасындағы тұрғынжайлардың құрылысы аяқталғанша тұратын жатақханаларға орналастырылды. Мәселен, бұрынғы аудандық аурухананың ескі ғимараты мен №204 мектептің көне білім ордасы баспанасыз жүрген тұрғындарға табысталды.
Өңірдегі басқа аудандар мұндай ғимараттарды кәсіпкерлерге беріп, бұздыртып тастап жатқанын білеміз. Оның қасында нысандарға жөндеу жүргізіп, халықтың кәдесіне жаратып отырған жергілікті әкімдікке тұрғындар ықыласы зор. Алайда аурухананың ескі ғимаратына орналастырылған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болса да күйлі емес. Оны сондағы тұрғындарға жолыққанымызда өз ауыздарынан естідік.
Ең алдымен қоныстанушылар жиі көтеретін ауызсу мәселесі жайын байқадық. Ондағылардың айтуынша, бірнеше күн бойы үш қабатты жатақхананың жоғарғы бөліктеріне су берілмеген. Бұған дейін де екінші, үшінші қабатта қоныстанғандар тіршілік көзінің тамшылап ағатынын жеткізді. Мұнда жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да өмір сүретінін ескерсек, олардың жағдайы толығымен жасалуы керек-ақ. Ал ғимараттың жай-күйі күрделі жөндеуді талап ететіні түсінікті. Сыртқы қабырғалары қазірдің өзінде құлап тұрған нысан егер алдағы уақытта да жан баласы тұратын болса, қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін. Атын атамауды сұраған ер жігіттердің өздері қабырғалардың құлап кетуінен күдіктенетінін, басқа жаққа қоныс аударайын десе жағдайының жоқтығын айтып налиды. “Берілген баспананы күрделі жөндеуден өткізіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді”, – дейді.
Шындап келгенде жатақханадағы жағдай жаға ұстатарлық. Жатақхана ішінде тасталған қоқыстар мен шарасынан шыға аққан кәріз суының иісі қолқаны қабады. Бірінші қабаттағы дәретхана унитазы толып, бөлме ішін бүлдіріп тұр. “Сырты бүтін, іші түтіннің” дәл өзі. Ай сайын жатақхана ақысын төлеп отырған тұрғындар бүкіл аулаға иісі мүңкіген кәріз суының әлі күнге тартылмағанына реніш білдірді.
Бұдан бөлек адамдардың бас амандығы ­басты мақсат саналатын қазіргі таңда қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанын аңғардық. Күнделікті ас пісіріліп, көгілдір от жағылатын жатақханада төтенше жағдай бола қалған жағдайды елестету мүлдем қорқынышты. Өйткені өрт сөндіру құралдары сақталатын қобдишада қолға ілінер бұйым жоқ. Оны сөндіруге арналған су кранының хәлі де түсінікті.
Көпбалалы, жалғызбасты ана Мөлдір Оспанованың уәжіне сенсек, жатақхана тұрғындары арасында тұрмыстық жанжал жиі болып тұрады. Жағдайды білуге келген түсірілім тобына пікір білдірген жандардың да ойы екіге бөлініп, арты айқайға ұласқанын да айта кеткен жөн. Осындайда шақырылған учаскелік полицияның келуі қиын. Соғылған қоңырауға жұмыс уақыты аяқталғанын, түнделетіп бара алмайтынын айтып, тұтқаны қоя салатынға ұқсайды. Онымен қоса үй әкімшілігі сайлаған күзетші кешкілік жатақхана есігін жауып, адамдарды сыртқа шығармайды-мыс. Бұған налыған тұрғындар өздеріне қылмыскер сияқты қарайтындығы туралы шағымданды. Сондай-ақ жатақхана жағдайына жауапты маманның жұмысына көңілдері толмайтынын да жасырмады.
– Кәріз суы жыр болғанына он күннен асты. Тұрып жатқан жерімізге жөндеу қажет. Кешкілік далаға шығып отыру мүмкін емес. Кешкі сағат оннан кейін есікті құлыптап тастайтын. Оны да шу шығарғасын ашатын болып жүр. Әр айдың басында пәтерақыны кешіктірмей төлеп отырмын. Ақша алып отырғаннан кейін, соған сай жағдай жасалуы тиіс емес пе?
Учаскелік полиция да түнгі сағат 00:00-ден кейін демалатынын, жұмыс істемейтінін айтады. Сонда мұндағы мәселелерді кім шешіп береді? Бостандығым шектелгесін шақырған едім. Ол жұмыс істей алмаса осы аймаққа басқа полицейді бекіткен жөн.
Жатақхана айналасы қоқысқа толып жатыр. Біздің де жақсы жағдайда өмір сүргіміз келеді. Ендеше неге тазаламайды? Құдай сақтасын, айнала осылай жата берсе ертеңгі күні ауру шықпасына кім кепіл? Осы үйдің жағдайына қарайтын Асан деген азамат та жауапкершілікті түсінбейді. Оны да ауыстырған дұрыс, – дейді ашуға булыққан жалғызбасты ана.
Бұған жауапты “Нұрсаят” мүлікті басқару бірлестігінің төрағасы Асан Махамбетжанұлы тазалыққа, тұрғындар жағдайын жақсартуға байланысты қолдан келген жұмыс атқарылып жатқанын айтады. Бірақ қысқы жылу маусымдағы жылу мен жарықтың қарызы қордаланып тұрған көрінеді. Оған қоса жатақхананың тұрғынжай ақысын бірнеше айдан бері төлемеушілер де баршылық.
– Жыл басынан бастап мен төрағалық ететін бірлестік жатақхананың коммуналдық жұмыстарымен айналысады. Аудан атқамінерлерінің қолдауымен, халық жағдайымен санаса отырып, әр бөлме үшін 5 мың теңге ақы тағайындалды. Алайда кейбір отбасылар 4-5 айлап бұл ақшаны да төлемей отыр. Сол себепті коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер алдындағы қарызымыз бар. Ақшасы төленбегесін олар да келмейтіні белгілі. Міне, жаз басталып кетті, әлі күнге дейін жылу мекемелеріне борышты болып отырмыз, – деді А.Махамбетжанұлы. Бірақ лас судың қашан тартылатынын дөп басып айтқан жоқ. – Жақында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мұрындық болуымен қолаңса иіс шыққасын еденді жаңарттық. Сонымен бірге ғимараттың басты есігі ауыстырылды. Алдағы уақытта да жатақхана тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынады. Мәселен, алдымен аумақты толықтай қоршауды қолға аламыз, – деп төраға сөзін жалғады.
Айта кетейік, аталған жатақхананы жөндеуден өткізу үшін 4 миллионға жуық қаржы бөлінген. Бұл ақша еденді қалыпқа келтіруге жұмсалыпты-мыс. Бірақ егде тартқан қариялар орналасқан ғимарат бөлігінің жөндеу көрмегені бір қарағаннан-ақ белгілі болды. Жауаптылар жөндеу жұмыстары жүргенде аталған бөлікте аудандық мекемелер орналасқанын, сол себепті құрылысшылар қолы тимегенін айтып ақталды. Десек те бөлінген қаржының ұтымды жұмсалғанына күмәнмен қарағанымыз рас.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
13 маусым 2020 ж. 369 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 98

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930