Сақтандыру шарасындағы серпіліс

Атап айтқанда, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, болдырмау мақсатында кенеге қарсы уақ малдарды ванналарда тоғыту жұмыстары жүргізілді.
Ветеринар мамандар аталған істі Майлыбас ауылдық округіне қарасты елді мекендерде жүргізді. Алдағы уақытта барлық ауылда белгіленген шаруа жалғасын табатын болады.
– Екі күнде 2,5 мыңдай уақ малды тоғытып шықтық. Бұл – қойға қотыр түспеу үшін, сондай-ақ әртүрлі ауру тарататын кенелерге қарсы жүргізілетін сақтандыру. Қойды креолин, гексахлоран, неоцидол, гексалин сияқты дәрілердің бірі қосылған арнайы жасалған арықтарда немесе табиғи тоғандарда тоғыту жылда ұйымдастырылады. Арықтың ені 0,80 – 0,90 метр, тереңдігі 1,20 – 1,50 метр, ұзындығы 15 – 20 метр шамасында болуы қажет. Үш айға толмаған қозы, буаз саулық, терісінде жарақаты бар қой тоғытылмайды. Тоғыту негізінен қойды қырқар алдында атқарылады, – дейді Майлыбас ауылдық округінің әкімі Алмат Әбілхан.
Жалпы аудан бойынша 6 типтік жобадағы мал тоғыту ваннасы бар. Олар Майлыбас, Тасарық, Аранды, Шәкен, Жанқожа батыр, Құмжиек ауылдарында орналасқан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА