Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы індетпен күрес күшейтіледі

Жұқпалы індетпен күрес күшейтіледі

Көктем мен жаз мезгілі ауылшаруашылық саласы үшін өте қолайлы кезең екені белгілі. Сондай-ақ күрмеуі қиын мәселелер де осы уақытта пайда болады. Мәселен төрт түліктің көкке ауыз тигізген кезеңінде жұғатын жұқпалы аурулар тұрғындарды айтарлықтай қауіпке душар етуі мүмкін. Сондықтан ауру тасушы кене мен малдан жұғатын кеселдің алдын алу ветеринар мамандары мен аудан халқын алаңдатып отыр.

Осы орайда Майлыбас ауылдық округінің орталығы, Қазалы ауылында аудан әкімінің орынбасары Б.Жарылқаптың қатысуымен ветеринария саласындағы мәселелерге байланысты аудандық семинар кеңес өтті. Оған ветеринария саласының ардагерлері, қала, кент, ауылдық округі әкімдері, аудандық денсаулық сақтау басқармасы, ветеринария бөлімі, аудандық ветеринариялық станциясы басшылары мен жауапты мамандары шақырылды. Жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Көпшілік алдында сөз алған аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сапарбек Қуатов Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу және болдырмау мақсатында атқарылуы тиіс жұмыстар туралы айтты.
– Үстіміздегі жылы аудан көлемінде 12 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары ретінде анықталды. Жұмысшы топтың аралау барысында залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін, кейбір аумақтарда механикалық тазалау жұмыстарының толықтай аяқталмағаны белгілі болып, бірқатар ауылдық округ әкімдеріне шара көрілді.

Бүгінгі таңға аудан бойынша қолайсыз болып белгіленген 12 елді мекенде жалпы мал басы 24901, оның ішінде 7071 мүйізді ірі қара, 17504 уақ мал, 326 бас түйе тіркеуге алынған. Осындағы 311135 шаршы метр болатын қоражай, суат, шаңлақтар сияқты нысандарын залалсыздандыру жұмыстарының бірінші сатысы толығымен аяқталды. Мамыр айының ортасында екінші кезеңі басталып, 6 ауылдық округтегі 6091 бас малға және 80635 шаршы метр қоражайларды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, – деді ол.

Биыл 11 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі аурулар бойынша диагностикалық тексерулер жүргізуге бюджеттен 107 095,0 мың теңге қаржы бөлінген. Тоқсан мыңнан аса малға егу, тексеру жұмыстарын жүргізудің жоспары бекітілген. Бұл шар­уа төңірегінде бөлім басшысы: “Жоспарға сәйкес вакциналар мен ветпрепараттар қаңтар айының 16-да жеткізіліп, ветеринариялық іс-шаралар атқарылуда. Бүгінгі күні бөлінген қаржының 32 128,500 мың теңгесі игерілді, – деді.
Бұдан соң аудандық қоғамдық денсаулық басқармасының эпид бөлімінің басшысы Сақып Ақбаева жұқпалы індеттің салдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ аз тұрғындарға төрт түлікпен байланысты алыстатып, ауру белгілерін байқаған жағдайда малды оқшаулап, өзі дереу дәрігерге қаралу керектігін айтты.

Жиын соңында жиналғандар тиісті сала мамандарына ұсыныс-пікірлерін жолдады. Ал ауыл ақсақалдары жұмысшы топқа жан-жақты түсіндірме жасағаны үшін алғысын білдіріп, бұл жұмыстар алдағы уақытта да шалғай ауылдарда жалғасын тапса деген тілектерін білдірді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
07 маусым 2019 ж. 1 261 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930