Ашуыңыз сізді басқармасын
Балаңыз ойыншықты орнына қоймаса, айтқаныңызды тыңдамаса, сіз бірден ашулана бастайсыз. Ал отбасында біреу дұрыс сөйлемесе, айқайлай жөнелесіз. Қоғамдық көлік ішінде біреу абайсызда соқтығысып қалса, оған да ашулана жөнелесіз.
Алайда, есіңізде болсын, ашушаңдық – ешкімге қуаныш, жақсылық әкелмейді. Тіпті, өз өміріңізді қиындатып жібереді. Ал ашушаң адамға ешкімнің жуығысы келмейді, мүмкіндігінше айналып өтуге тырысады. Кез келген адамның өз жаман мінездерінен құтылуына болады.
Ашушаңдық – ішкі көңіл-күйдің іс жүзінде қызулыққа салынатын сезімі. Іштей қайнап, шегіне жеткен сезім соңында шығар жолды іздейді де айқаймен немесе оқыс қимылмен іске асады. Ашушаңдықтың соңы ақырындап ұнатпаушылыққа, кекшілдікке, өшпенділікке алып келеді. Сол себепті өз-өзіңізді басқаруды үйреніңіз.
Басыңыздағы қиын мәселелермен жеке өзіңіз қалмаңыз
Іштей сізді мазалаған мәселемен мейірімді, сабырлы бір жақын жанашыр адамыңызбен бөлісіңіз. Ол сізге жеңілдік сыйлайды. Тек сізбен бірге уайым жеп, бірге қайғыра білген жанның ақылын тыңдаңыз. Егер де керісінше басқа біреу сізге келіп өз қиындықтарымен бөліскісі келсе, оған да жанашырлықпен қарап, бірге қайғыра біліңіз.
Ойыңызды басқа жаққа аударыңыз
Өзіңізді жұмысқа немесе шаруаға алдандарыңыз. Көп бос уақытыңыз болмағаны дұрыс. Ал нашар көңіл-күйіңізді ешкімге жұқтырып алмауға тырысыңыз.
Ойша үзіліс жасап үйреніңіз
Қатты ашу қысқанда бір сәт деміңізді ішке тартып, неге ашуланып тұрғаныңызды, қазір айтқалы тұрғаныңыз дұрыс бола ма, жоқ па, соны таразылаңыз. Ызақорлық сізге жақсылық әкелмейді.
Басқаларға жол беріп үйреніңіз
Өзіңіздікін ғана дұрыс деп есептемей, өзгелермен де санаса біліп үйреніңіз. Ашу үстінде «өзімдікі дұрыс» деп қасарысып тұрып алған шақта, өзіңізге сырттай көз жүгіртіп қараңызшы. Сіз дәл бір қиқар бала секілдісіз.
Өмірде бәрі мінсіз болмайтынын ұмытпаңыз
Өзіңізді өзгелермен салыстырыңыз. Яғни сізден де төмен, қиындықта күн кешіп жатқандарды көресіз. Өмірден көп аламын деп оңбай опық жеп жататындар болады. Одан да өзіңіздің отбасыңызға, жақындарыңызға, ұжымдастарыңыз бен достарыңызға қаншалықты қажет екеніңізді ойлаңыз. Олардың алдындағы парызыңызды мүлтіксіз орындай біліңіз.
Ашуды қалай басуға болады?
Банан жеңіз. Банан құрамындағы «бақыттылық гормоны» аталатын серотонин сізді жайшылықтағы қалпыңызға келтіруге өз көмегін тигізеді.
10-ға дейін санаңыз. Ашу кезінде біреуге жауап берместен бұрын іштей 10-ға дейін санасаңыз, бастапқыдан едәуір қалыпқа түсесіз.
Жымиюға тырысыңыз. Сізді жаман мінезіңізден жақсы көңіл-күй ғана құтқара алады. Сол себепті ашу үстінде болсын, жымиюға тырысыңыз.
Ашық түсті киімдерді киіңіз. Сары, жасыл, қызылсары, қызғылт түсті киімдер де ашушаңдыққа қарсы әсер етеді.
Болашақты көбірек ойлаңыз. Болашақты ойша қиялдауды жиі жасасаңыз, көп ашулануға уақытыңыз болмайды. Өмір сүрудің тамаша екендігіне көзіңіз жетеді.
Түймедақтан дайындалған шай ішіңіз. Түймедақ – өте жақсы тыныштандырғыш қасиетке ие. Алайда шайды жайлап, аз-аздан ұрттап отырып ішіңіз. Бұл сізге іштегі қайнап жатқан сезімнің басылуына көмек береді.
Ванна қабылдаңыз. Қатты ыстық етпей, түрлі жұпарлы, хош иісті шөптер салып дайындап, 15-30 минут жатыңыз. Бұл сізді тыныштандырып, жаман ойлардан арылтады.