Қиындықты бірге еңсереміз

Президент соңғы екі ай оңайға соқпағанын алға тартты. Дегенмен дағдарыс әлі толықтай еңсерілмеді. Елдегі төтенше жағдай режимі тоқтатылғанымен, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Сырқат толығымен жойылды деп айтуға әлі ерте халық денсаулығына қаупі де жоқ емес. Осыған орай карантиндік шектеулер әр аймақтағы жағдайдың жақсаруына қарай алынатындығын қоштаймын. Бұл сіз бен біздің және айналадағы адамдардың ауыр дертке шалдықпауының кепілі. Бірақ бұл шектеулерге қарамастан бірқатар саланың қызметі іске қосылды. Қазақстан бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта өркендейтіні қуантады.
Сонымен қатар саябақтар ашылып, жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұл ағайын-туысына бара алмай, ата-анасының халін біле алмай жүрген азаматтардың көңілін бір серпілтетіні анық.
Мемлекет басшысының шағын, орта, ірі компаниялардың жаңа ережелерге сай жұмыс істеуін тапсыруы құптарлық жайт. Ал қоғамдық жерлерде әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік шоғырланған орында бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналса нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі қиындықты көп болып еңсеретінімізге ешқандай күмән келтірмеймін.
Ақтілеу БӨРІҚҰЛАҚОВ,
аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және
туризм бөлімінің басшысы