Қазақстанда ауыл тұрғындарына кепілсіз несие беру ұсынылуда
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешенді қолдау шараларын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аграрлық секторды банктер үшін тартымды клиент деп айта алмаймыз. Бұл саладағы несиенің 60-70 пайызы «ҚазАгро» желісімен беріледі. Фермерлердің біраз бөлігі несие ала алмай отыр. Осыған байланысты, Президент «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі егін жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлуді тапсырды. Мұнда қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. «Аграрлық несиелік коропорация» АҚ оператор болып бекітілді. Біз агроөнеркәсіптік кешеннің кепілдік саясатын өзгертуді ұсынған едік. Енді оған оған саяси шешімдер қажет», - деді А. Мырзахметов әлеуметтік желіде берген онлайн сұхбатта. Оның айтуынша, аграрлық секторды цифрлық платформаға ауыстырып, несиені бизнес-жоспарға қарай беру де ұсынылған. «Әзірге банктер қызығушылық таныта бастады. Кез келген жағдайдан мүмкіндіктер қарастыруға болады. Пандемия оқиғасы өзін-өзі жұмыспен қамтыған 4 млн 200 мың адамның қай салаларда жұмыс істеп жүргенін анықтап берді. Қазір олардың барлығы есепке алынған. Олардың 60 пайызы немесе 2,6 млн адам - ауыл тұрғындары. Бұл тұрғындарды оқытып, микронесиелер беруге болады. Мұнда кепіл қажет емес, біліктілігі мен бизнес-жоспары маңызды болмақ. Аталған ұсыныстар бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді спикер. Сонымен бірге, А. Мырзахметов аграрлық секторға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтты. «Ұн мен бидай бойынша квоталар енгізілді. Бұл квоталарды ұн тартушылар қауымдастығы таратады. Егістік алқабынан алып кету үшін көптеген облыстарда жедел штабтар құрылған. Қандай да бір қиындық туындаса, сол орталықтарға жүгінуге болады», - деді Асқар Мырзахметов.