Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтенше жағдайдың тиімді тұстары

Төтенше жағдайдың тиімді тұстары

Ғаламторды кезіп жүрген науқастардың жан айқайы, адамзат бойындағы үрей, індеттен көз жұмған мыңдаған жан, бұның бәрі адам санасына қорқыныш ұялататыны рас. Тосыннан тап болған аурудың вакцинасы бірнеше ай өтсе де табылмағаны, оны жасау жылдан әрі уақытты қажет ететіні де жұрттың болашаққа күмәнін тудырып отыр. Қазіргі таңда адамзаттың коронавируспен күрестегі ең үлкен жеңісі тек оны жұқтырғандар интервалын кеміту ғана. Бірақ екінші жағынан табиғатқа нұқсан келтіруге, көптеген теріс іске, ысырапшылдыққа, құр мақтанға төтенше жағдай тосқауыл қоя білді.
Коронавирус – адамдарды қайғылы оқиғаға әкелгенімен, планета үшін олай емес. Пандемияға байланысты көптеген индустриалды дамыған елдердің атмосферасы карантин нәтижесінде зиянды шығарындылардан айтарлықтай тазарған. Кәсіпорындардың жабылып, көлік қозғалысының төмендеуі атмосфераға көшетін улы газдың азаюына әкелді. Мәселен, жыл басында Қытай аспанындағы азот диоксидінің деңгейі 37 процентке дейін төмендеді. Ал электр қуатына деген сұраныстың кемуі электр станциялары жағатын көмір көлемін 36% -ға қысқартты.
Азот диоксиді концентрациясының осыған ұқсас төмендеуі ағымдағы жылдың қаңтарынан наурызына дейін барлық Еуропа елдерінде байқалды. Еуропалық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, пандемиядан көбірек зардап шеккен Италияның солтүстігі басқа елдерге қарағанда бірнеше есеге артық тазарған. Өйткені онда зауыттар мен көлік қозғалысы мүлдем тоқтатылды. Бұны атышулы індеттің бүкіл әлемге әкелген үлкен пайдасы деуге болады.
Бұдан бөлек тәжді вирус спорттық ойындарды тоқтатты. Әлемдегі көптеген көрермен жинайтын стадиондар, олимпиадалық ойындар мен спорттың басқа да түрлері өтетін ғимараттар есігін ойыншылар мен жанкүйерлерге тарс жапты. Өйткені қазіргі таңда індеттің таралуын еңсере алмай отырған Италия, Англия сияқты елдерді осы жағдайға әкелген де спорттық ойындар. Сүйікті командасының әрбір ойынын жібермей көретін жанкүйерлер байырғы мамыражай кезге оралуды, ойындардың көрерменсіз болса да өтуін асыға күтіп отыр. Бұл спорттық ойындардың арқасында ақша тауып отырған букмекерлік кеңселердің де аяқ алысын тежеп қойды.
Осы уақытқа дейін елде «Олимп», «1хbet» сияқы ірі букмекерлік ұйымдар жүздеген кеңсесін ашып үлгерді. Бірақ төтенше жағдайға байланысты адам көп шоғырланатын орындар тізіміне кіріп, жұмысы тоқтатылды. Бұл олардың бұдан кейін де жұмыс істеуіне кедергі келтірген жоқ. Құмар ойынның құрығына түскендер кеңсенің ғаламтордағы сайттарында да миллиондап саналатын еді. Солардың арқасында бір айға жуық уақыт пайдасын айырып отырды. Ал әлемдік спорттық шаралар толығымен тоқтағанда адамдардың бәс тігуге деген құмарлығы айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл көрсеткіш ресейлік компаниялардың әлі бәс тігушілердің 35 процентінен айыруы мүмкін екенін білдіреді. Көрші елдегі букмекерлер мен қазақстандық кеңселердің статистикалық мәліметтері көбіне ұқсас келетінін ескерсек біздегі құмар ойын ойнайтындардың да азаюына әкелетіні түсінікті. Дегенмен букмекерлік кеңсенің мамандары тиісінше дағдарыстан шығу амалдарын іздестіріп, қолданысқа қосқанын да айта кеткен жөн.
Мәселен, қазіргі таңда 1xbet компаниясы елдегі танымал адамдармен бірлесіп, «Playstation4» біріншілігін ұйымдастырды. Оған приставкада ойнай алатын кез келген тұрғын қатыса алады. Нәтижесінде бәс тігушілер бұрынғыдай танымал футболшыларға болысқаны сияқты видеоойыншылардың жеңісіне ақша қоя алады. Бұл әдіс лохадронға көбірек ұқсағанымен букмекер клиенттерінің қызығушылығын тудырып отыр.
Ал кейбір отандық компаниялар тығырықтан шығудың басқа амалын тапқан. Олар әлемнің барлық елдеріндегі карантин режимінің қашан аяқталатынын, метроның жабылуы мен ҰБТ-тің қашан өтетінін болжап, бәс тігуге мүмкіндік береді. Осылайша бүгінге дейін кәсіби ойыншылардың қалтасын томпайтып, кейбір отбасының шаңырағын ортасына түсірген букмекерлік ұйымдар «өлместің» тірлігін ойлап табуда.
Бүгінге дейін жиған-тергенін ерікті-еріксіз тойға шашатын қазақ жұртына төтенше жағдай түпкілікті тыйым салды. Белді қоғам белсенділері, ірі саясаткерлер мен журналистердің осы кезге дейін жұртты ысырапшылдық жасамауға шақырып, онысынан түк шықпаған еді. Алайда тойды тыятын заңның қабылдануы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні екенін жаңа түсінгендей болдық. Бір тойды өткізген ақшаға айына қомақты табыс әкелетін кәсіп бастауға болатынын жұртшылық та жақсы түсінді деген ойдамыз. Бірақ бұндай жылдам өзгерістен кейін опық жейтін адамдар да бар. Олардың күні қалай болмақ?
Той иесі ең алдымен абыройын асқақтатып, мақтауын келтіретін асаба іздейтіні анық. Осы кезде елде асабалар институты қалыптасып, адам қызығатын мамандықтың біріне айналды. Өйткені олар айналдырған 2-3 сағаттың ішінде білдей бір бастықтың бір айлық жалақысын алатынын бес жасар балаға дейін біледі. Дей тұрғанмен төтенше жағдайдан кейін той тоқтап қалар болса, оларға мамандық ауыстыру міндетті емес. Өйткені шағын банкеттер мен қазақы дәстүр тойлар бәрі бір тойлана беретініне ешкім дауласа қоймас. Дегенмен асабалардың шалқып сүретін дәуірі өтіп кететіні ақиқат. Той-жиынға тыйым салынған уақытта олар үйде жатып, болашақты жоспарлап, кәсіп ауыстыруды ойланып жатқанына бәстесуге болады.
Әншілер мен бишілердің тұрақты жұмыстары бар болғанымен, олардың да негізгі табысы – той. Осы тұста тойға тапсырыс қабылдамайтын Димаш Құдайберген мен Жанар Дұғаловадан басқа өнерпаздардың жағдайы қиындайын деп тұр. Жылына бірнеше рет Мальдиви аралдары мен Дубай, түрік қалаларына қомақты қаражатын қалдырып келетін әншілердің тойға тыйым салса қаламақы санап қалатын күндері алыс емес. Мемлекет басшысының беталды ретсіз жиындар ұйымдастыру, оған белді қонақтарды шақыруды азайту туралы жарлығын ойға оралтсақ өнерпаздарға енді қала күндері мен мемлекеттік тапсырыспен жасалатын концерттерге де көп үміттенуіне болмайды.
Әдетте той иелері мейрамханаға 300-400 адамға арнап дастарқан жаяды. Бірнеше салат жасап, екі түрлі астан дәм татқызатыны тағы бар. Меймандарға берілетін газдалған сусындар, жеміс шырындары мен алкогольді ішімдіктерде тіпті сан жоқ. Яғни қазірдің өзінде тұрғындар үшін дүкен сөрелеріне қойылған тағамдар уақытша тоқтатылған тойлардың есебінен артылған. Егер жүздеген адамға ас беру алдағы уақытта да азаяр болса халықтың шығыны төмендеп, отау құратын жастардың саны артуы мүмкін. Бұл азық-түлік бағасының доллар бағамына қарамай-ақ қымбаттауына әкеледі. Түсінікті тілде айтсақ, таяқтың екі ұшының бірі бәрібір халық қалтасына соққы болып тиеді.
Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін экономикалық қиындық күтіп тұрғанын бәрі біледі. Сол тұста билік батыл қадам жасап, тойға тыйым салған жағдайда жоғарыда айтылған жағдай орнауы мүмкін. Қазір мейрамхана иелеріне де табысынан айырылу оңайға соқпағаны анық. Ал той жасау тоқтатылса, бұлардың жартысы сауда үйіне, екінші бөлігі түнгі клубқа ыңғайлап, қайта ашылуы мүмкін. Бұның салыққа сүйкімді болғанымен, халыққа қандай пайда-зиян әкелерін уақыт көрсетпек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
25 сәуір 2020 ж. 472 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930