Тәртіпке бағынып, үйімізден шықпай қауіпті індеттен сақтануға тиіспіз
Әлем елдерін дүрліктіріп жатқан короновирус індетінің күннен-күнге өршіп, қаншама адамға өз зардабын тигізіп жатқандығы туралы БАҚ құралдары жазбаларынан, теледидардан күнделікті хабардар болып отырмыз.
Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап барлық қалаларда короновирустың таралуына байланысты сақтық шаралары күшейтілген режимге көшірілді. Аудан басшылығы да халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті сақтық шараларын қабылдап, қоғамдық орындарда дезинфекциялық-санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Індеттің таралуының алдын алу карантин болса, карантиннің ең тиімді тәсілі – үйден шықпау екендігі де ескертілуде. Медицина мамандары, атқарушы биліктегілер жергілікті халықты барынша үйден шықпауға шақыруда. Соған қарамастан, біз короновирус пандемиясы туралы түрлі жалған ақпараттарға сенеміз, тиісті шараларды орындаудан жалтарамыз.
Өзім аудан орталығының «Жаңа ауыл» мөлтекауданында тұрамын. Ауданның тыныс-тіршілігімен етене таныс болғандықтан, тұрғындардың құдалық, той-томалақ, т.б. өткізуді шектемегенін көріп жүрмін. Әр отбасы той-думан, құдажолы, ас беру секілді дәстүрлі жораларды алдын ала жоспарлап, жоғары дәрежеде өткізуге тырысады. Менің де туыс-ағайындарымның жоспарлаған осындай шараларын короновирус індетіне байланысты ешкім айтпай, ескертпей-ақ кейінге шегердік. Бар ағайын аз ғана шыдамдылық танытып, Президентіміз бен атқарушы биліктің жасап жатқан сақтық шараларына қолдау білдірсе құба-құп болар еді.
Аурудың қай-қайсысы да қауіпті, алайда ең қауіптісі – емі әлі табыла қоймаған ауру. «Эпидемия» деп ауру түрінің халық арасына таралуын айтады, ал бұл «пандемия» – дерттің дүние жүзіне таралуын білдіреді. Екі терминнің айырмашылығы жер мен көктей. «Пан» деген сөздің өзі «жалпыға таралу» деген мағынаны береді екен.
Сондықтан да, барлығымыз тәртіпке бағынып, үйімізден шықпай қауіпті індеттен сақтануға тиіспіз. Сол кезде ғана аурудың алдын кесеміз, қауіпті індеттен тезірек құтыламыз деп ойлаймын, ағайын.
ШАРАФАДИН АЛТЫНБАЙ,
Қазалы ауданының құрметті азаматы,
«Шдам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер-ұстаз