Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспаналы болу – бақыт

Баспаналы болу – бақыт

Қазалылықтар үшін өткен доңыз жылының соңы мен тышқан жылы жақсы жаңалықтардан ­басталды. Өйткені бірқатар тұрғындарға аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы баспана кілтін табыстады. ­Осылайша 5 кварталдағы Қарасақал Ерімбет көшесінің аяқ жағында жаңа мөлтек ­аудан пайда болып, қоныс тойы тойланды. Жақында үйлі болған жандардың жағдайы, тыныс-тіршілігімен танысу үшін арнайы барған едік. Тұрғындар “Үйі бардың – күйі бар” деген тәмсілдің рас екенін айтып, аудан басшыларына алғысын ­жолдады.
Жаңа жыл қарсаңында жаңа қонысқа көшкендердің бірі – Гүлсімай Жалғасбаева. Ол кезекке 2011 жылы көпбалалы ана ретінде тіркелген. Кейін мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырғандықтан өткен жылдың 26 желтоқсан күні үш бөлмелі пәтерге ие болды. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған ананың тұңғышы Қуаныш пен одан кейінгі перзенті Азиза Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. Ата-анасына жәрдем бере алатын жағдайға жеткен. Олардың ізін қуып өсіп келе жатқан ­Ризат Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті. Ал Назым мен Димаш есімді балақайлар №266 мектеп-лицейде білім алады. Бос уақытында үй шаруашылығына көмектеседі. Ал жұбайы Дәурен Нақыш тұрақты жұмысы болмағандықтан сыртта еңбек етеді.
Бұған дейін ата-енесімен бірге тұрған 5 баланың анасы әп-сәтте үйлі боламын деп ойламағанын бүкпесіз жеткізді.
– Аудандық тұрғын ­үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімінен Жасұлан есімді жігіт хабарласып, құжат жинақтау керектігін айтты. Кезектің бұлайша тез келетінін күтпегесін бе, өзіміз де, балаларымыз да қатты қуандық. Жақында қостарапты келісімшартқа отырдық. Үйдің жай-күйі көңілге қонымды.
Жақын маңда азық-түлік дүкені сияқты қажетті нысандар орналасқан. № 7, 5 маршруттар үздіксіз қатынағандықтан балаларым ­мектепке еш қиындықсыз барып-қайтып жүр. Бірнеше отбасыдан тұратын нысанның баспалдағын ара-тұра өзім сыпырып, тазалап отырмын. Басқалардың бұны жасауға құлқы жоқ. Тиісті мамандар осы мәселені шешуді ескерсе, – дейді 192 учаске В3 үйдің тұрғыны.
Әлия Мамырбаева да толық емес отбасы санаты бойынша жаңа үйдің кілтін алған. Үш баланың анасы 2011 жылы қапыда жолдасынан айырылып, жыл өткеннен кейін баспана кезегіне тіркелген. Отбасының тұңғышы Қуат Ақтөбе қаласындағы оқу орнын бітіріп, ел астанасына жұмыс істеуге кеткен. Одан кейін дүние есігін ашқан Мәулен Алматы қаласында қызмет жасайды. Ал кенжесі Заңғар №170 мектепте оқиды. Бұған дейін Қожабақы ­ауылында тұрған олар 2015 жылы аудан орталығына қоныс аударған. Өйткені марқұм күйеуінің мемлекет тарапынан берілетін жер кезегі келген. Қайғылы жағдайға байланысты үй салуға арналған жерді иемдене алмағанымен, бірнеше жыл жалдамалы пәтерде тұрып, биыл ақпан айының басында жаңа баспана бұйырды.
– Әйтеке би кентіне көшіп келгендегі негізгі себеп – балалардың оқуға қатынауы еді. Аудандағы атқамінер азаматтардың арқасында бұл мәселе шешілді. Оған рақмет. Жақында жоғары оқу орнын аяқтап, диплом алдым. Енді тұрақты жұмысқа тұруды ойлап жүрмін. Дегенмен осы уақытқа дейін балалардың нәпақасы үшін көп жерде жалдамалы жұмысшы болып істедім.
Пәтер жағдайы өте қолайлы. Барлық қажеттілік жасалған. Тек осы аумаққа №8 маршрут та жүрсе екен деген көпшіліктің тілегі бар. Себебі балалардың мектепке қатынауында қиындық болып тұр. Жауапты мамандарға шын көңілден алғыс айтамын, – деді Әлия.
Аталған учаскеге барғанымызда баспана алғандардың қатарында жас отбасылар, ата-анасынан ерте жастан айырылған ретінде тіркеліп, баланың мүгедектігіне байланысты үйлі болғандармен де тілдестік. Көпшілігі әлеуметтік жағдайын жариялаудан қымсынатындарын жеткізді. Дегенмен жайлы баспана сыйлап, бар қажеттілікпен қамтамасыз еткен билік басындағыларға жылы лебіздерін білдірді. Алайда кейбір тұрғындар осындағы орын алған келеңсіздіктерді жария етті.
Аты-жөнін атамауды сұрағандар үйдің жылу жүйесінде, жоғарғы қабаттағы пәтерлерге судың көтерілуінде, сонымен қатар жуынатын бөлмедегі құрылғылардың дұрыс жұмыс істемейтінін жасырмады. Бірақ бұл олқылықтармен тиісті сала мамандары айналысып жатқанын білдік. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықты белгіленбеген жерге тастай салатындар барын байқадық. Соның әсерінен балаларға арналған ойын алаңы қоқысқа толып қалған. Куәгерлер бұлай жасауға болмайтынын бірнеше мәрте ескерткенімен, арнаулы жәшікке салмай, жанына лақтыра салатындарға тыйым болмай отырғанына ренжиді. Келешекте бұл кемшілікті тиісті сала мамандары назарға алып, шара қолданады деген ойдамыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
29 ақпан 2020 ж. 587 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 85

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 84

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930