«Aqudai_food» аудан брендіне айналмақ

Кәмшат – Ғани Мұратбаев ауылының тумасы. Осындағы №91 орта мектепті үздік бітіріп, Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен құрылыс мамандығы бойынша білім алды.
Әкесі Дәстен Ідірұлы ауылшаруашылық саласында, анасы Зәуре Есенғали мемлекеттік қызметте еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Кәмшат Жалаңтөс ауылының келіні, жолдасы Мағжан Нұржаубаев құтқарушы.
Ол өткен жылдың қыркүйек айында «Еңбек» бағдарламасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсына қатысып, бір ай бойы кәсіпкерлік саласының қыр-сырын үйренді. Бұл ретте тренері Олжас Аяғановтың еңбегін ерекше атады. «Бизнеске бет бұрғанымда, алдымен, қандай кәсіп ашсам екен деген ой келді. Кәсіптің өрге домалауы үшін тұрғындардың талабынан шығып, сұранысына сай жұмыс істеу маңызды. Ойлана келе, жартылай дайын өнімдерді әзірлеуді қолға алдым. Бұл біздің ауданда аса қатты дамымаған. Қазір көпшілігімізде бос уақыт аз. Сол себепті дайын өнімді отқа қоя салу қолайлы», – дейді кәсіпкер келіншек.
Курсты бітіріп, бизнес жобасын жоғары деңгейінде қорғаған Кәмшат Дәстенқызы мемлекет тарапынан 252 500 теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Қол жеткізген қаржыға құрал-жабдықтар мен ыдыстар сатып алды. Бүгінгі таңда тұшпара, манты, фаршталған бұрыш, тефтели, котлет, самса, чебуреки, пицца дайындайды. Дайын өнімдерімді аудан орталығындағы дүкендерге өткізеді. Әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, инстаграм арқылы жеке адамдардан тапсырыс қабылдайды. Дайын тағамды жеткізіп беру қызметі де қарастырылған.
– Болашақта кәсіп түрін кеңейтіп, бірнеше жанды жұмыспен қамту ойымда бар. Аспазшы мамандығын арнайы оқып бітірген жоқпын, барлығын өз бетімше жасап үйрендім. Өнімдерді салуға арналған ыдыстарды Қызылорда қаласынан арнайы алдырамын, сыртқы дизайынын өзім ойлап, таптым, – деген кәсіпкер «Aqudai_food»-тың тіл үйрірер тағамдарын брендке айналдырмақ мақсатын да жасырмады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА