Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңызды заң жобалары мақұлданды

Маңызды заң жобалары мақұлданды

Бүгін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген айтулы өзгерістердің бірқатарына тоқталып өткенді жөн көрдік.

Әлеуметтік төлемнің әлеуеті артады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 желтоқсан күні “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы” заңға қол қойды. Онда еңбек ету қабілетінен, асыраушы немесе жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау мәселелері қайта қаралды. Бір қуанарлығы осы арқылы орташа әлеуметтік төлем көлемі 30 процентке артатыны белгілі болды. Заң жобасының мазмұнында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін куәландыру және белгілеу негізінде еңбекке қабілеттілігін жоғалту коэффициентін айқындаудың жаңа тетігін енгізу мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу өтілінің қол жеткізілген коэффициентін жыл сайын арттыру сияқты бірнеше жағдаяттар қаралған.
Аталған заң жобасының тағы бір артық­шылығы экономикалық белсенділігі төмен халық үшін міндетті жарнаны мемлекет төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейді. Бұдан бөлек әртүрлі жағдайдағы азаматтар 15 санат бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тағайындаған жарнаны төлеуден босатылады.
Бір отбасында бірнеше бала дүниеге келсе, оның ел демографиясына тигізер пайдасы көбірек екені белгілі. Бірақ келешек ел тұтқасын ұстар азаматтарды жеткізу, керек-жарақпен қамтамасыз ету ата-анаға біршама күш түсіреді. Осы тұста мемлекет елдегі көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеу мәселесіне де аздаған өзгерістер енгізгенін байқаймыз.
Жаңадан бекітілген шек бойынша ендігі уақытта төрт бала бағып отырған отбасыға ай сайын 42 496 теңге беріледі. Ата-ана бесінші баланы дүниеге әкелгенде бұл төлем 53 127 теңгеге өсіп, алты баласы барлар 63 757 теңге мемлекеттен көмек алады. Ал жеті немесе одан көп баланы өмірге әкелген алтын құрсақты аналарға айына 75 000 теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалады. Мұнан басқа атаулы әлеуметтік көмектің қолданыстағы жүйесі қайта қаралып, тоқсан сайын тағайындалатын болып өзгерді.

Мас жүргізушіге жаза күшейтіледі

Спирттік ішімдік қолданып, көлік жүргізетін азаматтар мәселесі қашанда қоғамның қызу талқысынан түскен емес. Бұндай әрекетпен ұсталғандар бұрын да жеңіл жазаланбайтын. Солай бола тұра жыл сайын жол полициясы берген мәлімет бойынша 30 мыңнан астам масаң күйде көлік жүргізген жағдай тіркелген. Бұл мыңдаған адамның ауыр жарақат алып, қайғылы қазаға ұшырауына себеп болып отыр. Соған байланысты Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойып, көлікті мас күйінде жүргізгені үшін берілетін жазаны одан әрі күшейтті.
Жаңа заңнамаға сәйкес ендігі жерде мас күйінде аталған қылмысты жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаяды. Бұдан кейін де көлік жүргізу құжатынан айырылған азамат аталған қылықпен ұсталса, өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынады.

Ұрлықпен ұсталғандар түрмеге тоғытылады

Жаңа жылдан бастап біреудің малын ұрлап, пайдаға кенелгісі келетіндер үшін де жаза жаңартылды. Бұл салаға жауапты мамандардың айтуынша, мал ұрлығының жай-күйі анықталғаннан кейін екі тарап татуласумен аяқталып жатады. Қандастардың түсініскені көңілге қуаныш ұялатса да, бұндай жағдай жауапкершілікті жоғалтып, теріс пиғылдылардың санын арттыратыны анық. Алайда алдағы уақытта «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайтын көрінеді. Заң жобасы бойынша қомақты айыппұл мен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, қылмыскерлерді 7 жылға дейінгі жаза күтетін болады. Бірнеше рет бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасалса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.

Ұстаз абыройы артады

Ел арасында мұғалім мәртебесін көтеру жөнінде ең алғаш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болғанын білеміз. Өйткені қоғамда ата-аналар мен оқушылардың ұстаз туралы ұстанымдары әлсіреп кеткен еді. Тиісті министрліктің біршама уақыт жан-жақты зерттеу жұмыстары нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге қатысты екі заң жобасына қол қойды. Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» деп аталады. Соңғысы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына тікелей қатысы бар. Заң жобасы төрт бағытты қамтиды.
Алдымен жаңа заң ұстаз құқығын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайтуды көздейді. Өйткені осы уақытқа дейін мұғалімдер жұмыстың ауырлығы мен функционалдық міндеттерінің көптігіне шағымданған болатын. Бұл биліктің құлағына жеткені мәлім. Екінші бағыт бойынша мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар күшейтіледі. Себебі білім сапасы әрқашан басты назарда ұсталмақ. Соған байланысты заңның үшінші бөлігінде материалды емес стимул тетіктері, төртіншісінде материалды ынталандыру әдістері қарастырылған.
Президент қол қойған негізгі ережелерге сүйенсек, жаңа оқу жылынан бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілген. Сонымен қатар ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу қарастырылған. Бұған дейін ұстаздар сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін аз-маз ақша алатын болса, алдағы уақытта екі еселенген түрде төленетін болады. Біліктілік санаты үшін де мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30-дан 100%-ға дейін қосымша ақы төлемін арттыру көзделген.
Бұдан бөлек жас мұғалімдерді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға мүмкіндік жасалмақ. Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалармен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы бөлінеді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапат тағайындалып, оған қол жеткізген ұстазға 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі. Бұнымен қоймай жылына 42 күн демалатын педагогтердің келер жылдан бастап демалыс уақыты 56 күнге ұзарады делінген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұлардан бөлек тағы бірнеше заңға қол қойды. Бұл құжаттар жер қойнауын пайдалану, конституциялық заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу, теміржол көлігі мәселесі, мемелекеттік істер, бюджет пен тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауда оң нәтижесін береді деп күтілуде.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 қаңтар 2020 ж. 804 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 72

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 76

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930