Процентсіз бөліп төлеу кімге пайдалы?

Негізінен тауар ұсынушы кәсіпкер мен банк бөлімшесі арасында екеуара келісім жасалатынын жұрттың барлығы біле бермейді. Құжат бойынша тауар ұсынушы сатылымдағы заттың негізгі бағасына үстеме ақыны сатып алушы келмей тұрып-ақ жапсырып қояды. Сондай-ақ бөліп төлеуге берілетін заттың бағасын түсірмей тұрып алады. Нәтижесінде негізгі бағаның үстіндегі ақшаны банк еншілейді. Ал тұтынушы қаржылық саясаттың құрбаны болғанына қарамастан, процентсіз бөліп төлеуге алған несиесіне көңілі тоқ қайтады. Бірақ затты қолма-қол сатып алатындарға сатушылар жеңілдік қарастыратын көрінеді. Бұл жайында аудан тұрғыны Рүстем Нұршуақов айтып берді.
– Бірнеше ай бұрын үйіме ас үй жиһазын алдым. Алдымен процентсіз бөліп төлеу арқылы сатып аламын деп ойладым. Бірақ бағасын басқа дүкендермен салыстыра келе, арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін байқадым. Саудаласып көріп едім, қолма-қол ақшаға алсам, бөліп төлегеннен гөрі 10 процент қаражат үнемдеуге болады. Содан кейін ғана олардың түпкі ойын түсінгендей болдым. Ақыр соңында бәрі халықтың үстінен ақша жырып қалудың амалы ғана екен, – деді ол.
Бұдан бөлек ай сайын сауда орындарында өтетін 25, 50, 75 проценттік жеңілдіктердің жарнамасы жер жаратыны жасырын емес. Бұл туралы естігенде дорбасын арқалап, «Alser», «Sulpak» сияқты электроника дүкенінің табалдырығын тоздыратындардың қарасы қалың. Алайда сонда барып, мамандардан жеңілдіктің жай жапсарын білген тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күймен үйге қайтатындары саусақпен санарлық. Неге дейсіз ғой? Бұндай жеңілдіктер үш немесе одан да көп қымбат жиһаз, ұялы телефон, компьютер сатып алған тұтынушыларға ғана беріледі. Онда да ішіндегі ең арзан бұйымның бағасынан шегеріледі. Оның өзін «рассрочкаға» алған сатып алушының қаншалықты ұтқанын немесе ұтылғанынын, көзі қарақты оқырман өзіңіз бағамдай беріңіз.
Қазіргі уақытта құйтырқы істі көріп, көзі әбден үйренген тұтынушыға бұның айтарлықтай жаңалық емесі анық. Бірақ кәсіпкерлер сөредегі бағаны қолдан қымбаттатпай, банк өкілдері ағымдағы несие процентін көрсетіп қойса, керегін іздеп келген адам құр қол қайтпайды. «Бұл – бизнес, кәсіптің өрісін кеңейтудің кәнігі амалы» деп ақталатындар да табылады. Алайда мұндай әдістің халықты алдау мен арбаудан басқа түсіндірмесі жоқ болса керек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ