Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есім тағдырға әсер ете ме?

Есім тағдырға әсер ете ме?

Қашанда қазақтар ырым-жоралғыға ерекше көңіл бөлген. Сондықтан да әрбір саналы отбасы дүниеге жаңа келген нәрестеге жарасымды әрі әсем есім беруге тырысқан. Бұл жағдайда көптен перзент сүймегендер шаңырағындағы бала болса Сағыныш, Қуаныш деп сүйіншілеген. Ал бала тоқтамаған ерлі-зайыптылар сәбиге жағымсыз ат қойса құдай алмайды деген сеніммен Шуаш, Шоқпыт сынды атты еншілеткен. Перзенті шетіней берген үйде кезекті шақалақтың кіндігін балтамен кесіп, Балтабай атандырған.
Сол сияқты “көз тиіп шетінеп кетеді” деп есептеген кейбір ата-аналар өмірге келген сәбиге ешкім назар аудармасын, тіл-көзден аман жүрсін деп Итаяқ, Күшік, Елеусіз, Жаман, Сасықбай деп қоятын болған. Ал үлкен, ұлы адам болсын деген ниетпен ел сыйлап, құрметтейтін адамның атымен атағанда немесе пайғамбарлардың ныспысын қойған кезде сәби ержеткенше шын есімін жасырып, басқа бір атаумен атай тұрған.
Қыз бала дүниеге келе бергесін сол салттан жаңылсын, енді қыз артынан өмірге ұл келсін деген ырыммен Жаңыл, Болған, Тойған, Тоқтаған, Ұлболсын, Ұлжан, Ұлтуған, Ұлдай атаған. Осылайша балаға ат қою мәселесіне ешқашан салғырт қарамаған. Себебі адамның есімімен оның мінезін және тағдырын байланыстырып тұрған құпия сыр бар екендігіне сенген. Бұл жөнінде көпшілік пікірі не дейді?
Жолжақсы ШҮКІР:
– Менің атымды Ұлия шешем көкем әскерге кетерде жолы жақсы болсын деген ниетпен Жолжақсы қойған деп үлкендер айтып отыратын. Жалпы адамға қандай есім тақса, сол өміріне әсер ететіні ақиқат. Азан шақырып атаған есіміме жаңа танысқандар таңданысып жатады. Үлкендер бар сүйіспеншілікпен қойғандықтан болар қай жерге сапар шексем де, қандай шаруаны қолға алсам да, Аллаға шүкір жолым жеңіл болып діттеген мақсатыма жетіп жүрмін.
Менің ойымша адамның есімі өзінің денсаулығы мен көңіл-күйіне де әсер етеді. Ал көңілді жүрудің денсаулыққа пайдасы зор. Қойылған есім бала мінезінің қалыптасуына ықпалы мол деп есептеймін. Өйткені атыма затым сай болсын деген ұстаммен өз-өзін тәрбиелейді. Мәселен, сәбиге ел басқарған, қалың қауымды аузына қаратқан ханның есімі қойылған болса, ер жете келе ол кейбір орталарда өзін жоғары дәрежеде ұстауы мүмкін.
Қарлығаш ШЕҢГЕЛБАЕВА:
– Жалпы құстардың ішінде қарлығаш қазақ халқы құрметтеген киелі қанаттылар қатарында саналады. Ол өте еңбекқор, сарыауыз балапандарына ұяны балшықтан жасайтынын бала кезден көріп өстік. Көктем сайын оның ұшып келуін ерекше күтетінбіз. Бұл қасиетті құс қай шаңыраққа ұя салса, ол үйге құт-береке қонады деп үлкендер ерекше сенеді.
Біздің де сарайда осы құстың ұясы болатын. Есімім Қарлығаш деп аталғандықтан ба, әйтеуір әркез оны қызықтап, айналшықтап сол жерден шықпайтынмын. Достарым, ата-анам атыңа сай үйдің сәнін келтіресің, бір тынбайсың, еңбекқорсың дейді. Құстай самғап барлығының ауызбіршілігін сақтауға тырысасың, биязы да, инабаттысың дегендері жаныма жаққанымен аса мақтанғанды ұнатпаймын. Ата-анам қойған есім өзіме ұнайды. Сондықтан ерекше аттың қатарынан деп санаймын.
Шаттықгүл МЫРЗАЛИЕВА:
– Негізі ата-әжемнің тәрбиесін алған бақытты жанмын. Есімімді күрішші, ел сыйлаған Шалқыма атам қойыпты. Дүниеге егінге орақ түскен 1985 жылғы тамыз айында келдім. Алайда қуанышпен бірге сол күні қайғылы жағдай орын алады. Әкем Құттымұрат алқапта жұмыс істеп жүріп, абайсызда комбайнның жаткасына ілініп, жараланады. Ауыр халде қырық күн ес жимаған деседі. Сол кезде маған есім бермек түгілі Шора әжем жылап-сықтап: “Мына қыз бізге қайғы әкелді. Үйге кіргізбеймін”, – деп бесіктегі мені далаға шығарып тастаған. Қырық күн дегенде әкем өлім аузынан аман қалып, қуанышты хабар келгенде Шалқыма атам құлағыма сыбырлап, есімімді шаңыраққа береке әкелсін, көңілді болайық деп Шаттық деген ат арнапты. Кейін есейіп тұрмысқа шығып, сәлем беруге барған сайын атам масаттанып: атын өзім қойғандықтан қызым үнемі күліп жүреді. Ол келгенде үй жарқырайды, жүзінен нұр төгіледі деп төрге шығаратын. Шора әжем есімімді қойғаннан кейін айбұқа, адуынды, пысық, тазайын, шебер, шешен, еңбекқор ауылдың жеті кемпіріне солардың қасиеті дарысын деген жоралғымен түкірткен екен.
Өз басым бұл ырымдарға және аталған есім адам тағдырына әсер ететініне сенемін. Біздің үйде атадан әкеге жалғасқан үрдіспен барлығының атын ырымдап атаған. Құттымұрат деуінің де астары бар. Өйткені әкем киіммен туылған. Сондықтан жүрген жері құтқа толы, мұратты өмір кешсін деген мағынамен осылай атаған. Ағам Шалғыбайды әжем түсінде шалғы тауып алғанын көріп, солай атауды жөн санады. Оған ешкім дау келтірмейтін. Себебі оның көріпкелдік қасиеті бар-тын.
Табиғат АБАИЛДАЕВ:
– Табиғат – деген сөз түсінікті шығар. Әуелде әкем Еркебұлан деп қоймақшы болған. Алайда оны ұмытып қалып, кейін Табиғат деп ат қойыпты. Адамның есімі болашағына, тағдырына, инттеллектісіне, ойлау жүйесіне әсер етеді деп ойламаймын. Логикамен (қисынмен) ойлайтын адам бәрібір өз харизмасын түзеді, өз танымымен өлшейді. Мен мораль дегенді ұнатпаймын. Атымның бір ғана әсері бар шығар. Табиғат құбылыстары секілді еркінмін. Тағдыр деген адамның еркінен тыс әлем. Оның қалтарыс-бұлтарысы адамның қимыл-әрекетіне байланысты. Тағдыр, өмір ұғымдары адамды қалыптастырмайды, адам өз тағдырын қалыптастырады.
Ақынмын. Фантастикаға сенбеймін. Айтпақшы, атым Табиғат болған соң шығар, жаратылыстану мен жағрапияны жақсы көремін. Бокс көргенді, жаңашыл әдебиетті оқығанды ұнатамын. Өмір бойы барлық сәтсіздікті тағдырына аудара салатындарды түсінбеймін.
Түйін:Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ешбір мән-мағынасы жоқ, түсініксіз есімдерді ұнатпаған және «Әкенің бала алдындағы міндеті – жақсы ат қою және жақсы тәрбие беру» деген (Байһақи). Міне, сондықтан жаңа туған нәрестеге есім қойғанда уақыттың талаптарына сай, мағыналы, жағымды естілетін есімді таңдаған жөн дейді осы саланың мамандары.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
12 қараша 2019 ж. 684 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031