«Қансонар-2018»: Қазақстандағы ең алғыр қыран анықталды
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ересек құсбегілер арасындағы ХІІ чемпионат өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қыран құстардың бағы мен бабы сынға түскен жарысқа еліміздің 10 облысынан 39 бүркітші қатысты. Жартылай финалға 13 бүркітші шығып, финалда төртеуі өзара бақ сынасты. Чемпионаттың ережелеріне сәйкес құсбегілерге бірнеше талаптар қойылды. Алдымен сайысқа қатысушылардың киген киімі, құрал-жабдықтары мен құстарының бабы сыналып, төрешілер тарапынан сәйкес ұпайларын алды. Бүгін қатысушылар қоян, түлкі аулау бойынша сынға түсті. Жарыстың көрігі қоянға құс салғанда қыза түсті. Төрт қыран да бұл сыннан сүрінбей өтті.
Осыдан соң төрешілердің шешімімен «қолға шақырудан» қайта сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Сайыс қорытындысында бүркітшілердің үздік төрттігі анықталып, баршасы да қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды. Оңтүстік Қазақстаннан келген Нұрғали Алиқұловтың бүркіті бірінші орынға ие болып, 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының құсбегісі Нұғым Қайдар екінші орын иегері атанып, 150 мың теңге ожалады. Алматы облысынан Елтай Муфтекеев қола жүлдені қанжығасына байлап, 100 мың теңгені ұтып алды. Төртінші орынға шығысқазақстандық Тәттімбет Кәпұлы табан тіреді. Жарыстың соңында сөз алған Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бүркітшілер басқосуының елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналғанын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен елімізде ұлттық спорт түрлері кеңінен дамып келе жатқандығын айтты. «Шығыстың шырайлы жерінде Үржар ауданында құсбегілердің чемпионаты өте жоғарғы деңгейде өтті. Үржар ауданы басшылығына, демеушілік көрсеткен азаматтарға алғысымыз зор. Қырыққа жуық құсбегі бақ сынасты. Елімізде бүркітшілер саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл дегеніміз елімізде атадан мұра болған құсбегілік өнердің кең қанат жайғанына айқын дәлел», - деді ҚР Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты Ұлттық спорт басқармасының саятшылықтан бас жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы. Зухра Нұржанқызы.
inform.kz