Депутаттар бұзыла беретін "Күнделіктің" қызметін тоқтатуды талап етті
Депутаттар мектептің электронды күнделіктері жұмысында үнемі ақау болатындықтан оның қызметін тоқтатуды талап етті. Кейбір білім ордаларында Интернеттің жылдамдығы төмен, сонымен қатар, бұл бағдарлама қайта-қайта шатасып, техникалық қателіктер де жиі орын алатыны белгілі болды.
- Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерден "Күнделік" электронды журналын уақтылы толтыруды талап етеді, алайда сайттағы техникалық ақаулар оған әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Министрлік "Күнделікке" бір сәтте лап етіп кіргенде, оның "қатып" қалатынын ескермеген.
Баға қою үшін мұғалімдер аудан орталықтарына сабылады немесе қаладағы туыстарынан көмек сұрайды. Кейбір оқу орындары тарифі төмен болғандықтан да Интернет жылдамдығы баяу қызметті таңдайды, бұл да өзекті мәселе.
Мәжілісте бұл сын мен талаптарға ҚР Білім және ғылым вице-министрі жауап берді. Рүстем Биғари техникалық мүмкіндіктері жоқ мектептер электронды "Күнделікті" пайдаланбайды деп сендірді.
- Мынандай шаралар қабылдаймыз: біріншіден, техникалық қабілеті төмен, яғни жылдамдығы төмен қызметке қосылса, сол секілді мектептің Интернетке қосылу нүктесі жеткіліксіз болса, онда бұл мәселені БҒМ шешетін болады. Екіншіден, егер техникалық мүмкіндігі мүлде болмаса, бұл мектептерге электронды жүйені пайдалануға тыйым салынады. Бірақ жинақталған электронды деректерді сақтайтын болады.