Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кедергісіз орта қалыптастыру – басты міндет

Кедергісіз орта қалыптастыру – басты міндет

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады», – деді. Бұл ұстанымды Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қызметкерлері қатаң ұстанады.
Қазір аталған мекемеде 18 жастан асқан 102 қызмет алушы бар. Оларға жеті бағытта қызмет көрсетіледі. Басым көпшілігі 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар I-II топ мүгедектері. Жуырда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, бұндағы тұрғындардың хал-жағдайына қанығуды жөн көрдік. Алдымен мекеме басшысы Жаңабай Жәкеновпен жолығып, интернаттың техникалық-материалдық базасымен таныстық.
– Жыл басында қызмет алушылар түгелдей, аудандық емхананың дәрігерлерінің қатысуымен, медициналық байқаудан толықтай өткізіліп, диспансерлік есепке алынып, оларды бақылау, емдеу, сауықтыру шаралары толық атқарылып келеді. Орталыққа 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына арналған күзгі, қысқы мерзіміне дайындық жұмыстары жүргізілді. Интернат үйі жылумен автономды бу қазандығы арқылы жылытылады. Бұнда «YAKUT»-15 екі бу қазандығы толық техникалық тексеруден өткізілді. Мекемеде барлығы 28 бейнебақылау камерасы жұмыс жасайды. Оның 22-сі ғимарат ішінде 6-уы сыртында орналастырылған, – деді мекеме басшысы.
Орталықта бекітілген жылдық жұмыс жоспар бойынша жұмыстар атқарылады. Ай сайын халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары туралы әлеуметтік қызметкерлер арасында талқыланады. Жеке жұмыс жоспары әр қызмет алушыға толтырылады. Тоқсан сайын мониторинг жасалады. Қызмет алушылар маусым, шілде айларында тарихи орындарға саяхаттады.
Бұнда тұрғындарға жан-жақты жағдай жасалған. Мәселен олар мәдени залға кез келген уақытта келіп, кітап, газет, журнал оқиды. Ән, домбыра, өлеңді мәнерлеп оқу, батагөйлер үйірмесі жұмыс жасайды. Еңбек нұсқаушылары Жасұлан Ешепетов пен Нұрқасым Романов ерлерді ұсталыққа баулыса, дене шынықтыру нұсқаушылары Еркебұлан Қожабай мен Оңталап Әлмұратов тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануын қадағалайды. 2018 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға алынған тірек-қимылдарын қозғалтуға арналған жаттығу құралы, жүгіру және магниттік веложаттығу жабдықтарының игілігін қызмет алушылар көруде. Бұдан бөлек үстел теннисін, дойбы-шахмат та ойнайды. Психологтар Ақмарал Әбдікерова, Жанар Қолашова және әлеуметтік қызметкерлер Гүлнұр Піржанова, Гүлмира Сайлауова, Жайна Әлшоразова психологиялық сабақтар кезінде түрлі тренинг өткізеді. Музыка жетекшісі Қуаныш Өтегенов домбыра шертуге қабілеті бар жандарды өнерге баулыса, барлық мәдени-көшілік шаралардың өз деңгейінде өтуіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын мәдени ұйымдастырушы Жұбаназар Әбуовтің еңбегі тіптен бөлек. Қыз-келіншектер болса, еңбек нұсқаушысы Бибігүл Жаңабаеваның үнемі жанынан табылып, кесте тігіп, құрақ құраудың қыр-сырына қанығады. Жауапты қызметкерлер қызмет алушылардың жеке басының гигиеналық тазалығын, киім-кешектерінің уақытылы ауыстырылуын, тұрмысқа қажетті заттардың дұрыс пайдаланылуын күнделікті қадағалап отырады.
Әр күн орталық тұрғындарының денсаулығын тексеруден басталады. Медицина саласында бірнеше жылдық еңбек өтілі бар білікті маман, бас дәрігер Ақкиік Қосжанов, денсаулық сақтау ісінің үздігі, аға мейіркеш Жеңісгүл Бақберген мен мейіркештер уақытылы ем-дом алып, дәрі қабылдауларына бас-көз болады.
Мекеме ауласы жасыл желегімен, әсем гүлдерімен, жеміс-жидектерімен көз тартады. Тегіс әрі таза. Барлық жер асфальтталған. Бұл көрініске қарап, көз сүйсіндіргенімізді аңғарған мекеме басшысы: «2016 жылы көркейту және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, аулаға қоршау орнатылды. Бордюр, тас жол төселіп, күркелер қойылды. 2017 жылы облыстық бюджеттен өрт сөндіруге қажетті жабдықтармен өрт дабылдарын орнатуға, әкімшілік тұрмыстық корпусқа сыртқы бейне бақылау, сыртқы жарықтандыру және күзет дабыл қоюға, мекеме ғимаратының ішіне мүгедектерге арналған шұңғылша мен дәретхана және сырғыма баспалдақ орнатуға қаржы бөлініп, аталған жұмыстар толық атқарылды. Сонымен қатар төтенше жағдайларда жарықпен қамтамасыз ету мақсатында генератор және қызмет алушыларды тасымалдауға қолайлы жағдай жасау мақсатында УАЗ автокөлігі сатып алынды. Қазір игілігін көрудеміз», – дейді.
Тағдыр тәлкегімен бүгінгі жағдайға тап болған орталықтағы әр тұрғынның қилы өмірі, өткені бар. Кемтар жандар үшін кедергісіз келешек орнату қоғамның міндеті. Бұл ретте орталық басшысы қолынан келген жақсылықты жасауда аянып қалмайтынын жеткізді. «Қызмет алушылардың бауырлары, балалары, ағайын-туысы іздеп келеді. Кейбірінің ниеті түзу емес. Жасыратын несі бар мемлекеттен алатын жәрдемақысына көз тігіп келетіндерді де кездестіреміз. Бұндағы әр тұрғынның тағдыры алаңдатады. Сол себепті туғандарына қайтарып бермес бұрын асықпай шешім қабылдауға тура келеді. Қазір де туған-туыстармен жолығатын арнайы бөлме бар. Дегенмен, есік алдынан да кездесу бөлмесін және жаңа монша салуды ойға алдық», – деп алдағы жоспарымен бөлісті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 қазан 2019 ж. 1 247 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031