Жас құтқарушылар жарысты

Сайысқа қатысушы оқушылар үшін ең қызықты әрі қиын тапсырма жауынгерлік қанат жаю болды. Төрт адамнан тұратын топта жүргізуші және өрт сөндірушілер бар. Олар өрт оқиғасы орын алған жерге дереу жетіп, су шашатын шлангаларды асқан жылдамдықпен ұқыпты әрі тез арада іске қосуы керек. Бұл жарыста бес команда да шапшаңдықтарын таныта білді.
– Аудандық білім және төтенше жағдайлар бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен жыл сайын өтетен сайыс биылда жалғасын тапты. Біз осындай тапсырмалар арқылы жастарға бар білгенімізді үйретеміз. Олар өздерінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін кез келген жағдайға дайын болуы керек, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев.
Бір жарым сағатқа созылған сайыс қорытындысында Ақтан батыр ауылынан келген «Жас ұлан» командасы бірінші орын иеленді. Команда мүшелері №190 мектептің 9 сынып оқушылары Ержан Қанат, Аман Төренияз, Айсұлтан Қанибай, Берікбол Шарапат, Асылы Махсұтова. Шәкірттерді шыңдаған алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Әзілхан Серікбаев.
– Өрт сөндіруші мамандығына деген қызығушылығымды арттырды. Жылдамдық пен жауапкершілікті талап ететін саланың қыр-сырын одан әрі білгім келеді. Бүгінгі шарадан үйренгеніміз көп болды, – деді команда командирі Қанат Ержан.
Екінші орынды М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің «Жалын», үшінші орынды Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектеп оқушыларынан құралған «Жалындар» командасы иеленді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға Алғыс хат, медаль мен кубок берілді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА