Кешірілген кредит
Соңғы күндері әлеуметтік желі қолданушылары мен кездейсоқ басқосуда қозғалатын әңгіме несиенің өтелуі жайында болып жүр. Мемлекет басшысының Жарлығымен қолға алынып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар несиесінің кешірілуі қоғамда қызу талқыға түсіп, халық тарапынан алғысқа бөленіп жатқанын айтпай кетуге болмас. Алайда мемлекет көмегіне мұқтаж жандардың санының көптігіне байланысты белгіленген талаптарға сай келетін азаматтардың ғана қарызы шегеріліп жатқаны рас. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келтірген мәліметтермен танысып, көпшілік қарыздың өтелуіне байланысты жиі ұшырасатын сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Алдымен мемлекет тарапынан қарыз мөлшерлемесіне рақымшылықты кімдер алатынына тоқталайық. Мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектері бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
– Бүгінге дейін ел азаматтарының жағдайын жақсарту мақсатында көптеген шаралар жасалып жатқанын білсек те, мұндай ауқымды бастама бірінші рет болып отыр. Өзім аралас-құралас бірнеше адамның несиесі жабылғанын білемін. Менің Жарлық шыққанға дейінгі несием толығымен жабылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы ретінде аталған көмекке ие болдым. Зайыбым, балаларым болып қатты қуандық. Мемлекеттің жас отбасыларды қолдау бағытында көптеген бағдарламаларды іске қосып, жағдайы төмен азаматтардың қиындықтан арылуына жұмыс істеп отырғаны көңіл қуантады. Осыдан бір ай бұрын қажетті жағдайға байланысты тағы бір несие алған едім. Оны өз күшіммен, уақытылы төлеймін деп ойлаймын, – дейді кент тұрғыны Ермұрат Абдуллаев.
ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты төлеп береді. Сондай-ақ несие бойынша есептелген өтемақыны да төлейді. Банкке 3 миллионға дейінгі қарызы барлардың несиесінен аталған сомма ғана шегеріледі. Ал Жарлық жарыққа шыққанан кейін несие рәсімдеген азаматтар бір реттік көмекке іліге алмайды.
Несиесі кешірілген азаматтар жақын арада қайта несие алуына болатыны, болмайтыны жайлы алып қашпа әңгіме көп. Бірақ мемлекет басшысы несие төлеуге қауқарсыз жандарға қарыз рәсімдеу жолдарын қайта қарауды тапсырғанын білеміз. Дегенмен ел аумағында жұмыс істейтін кез келген банк бұған дейін де адамдардың несие төлеу қабілетіне мән беретінін ескерсек, айтарлықтай өзгеріс болмайтынға ұқсайды. Бұл жайында алғаш пікір білдірген “Tengri Bank” АҚ басқарушы директоры Дмитрий Яковлев несиесі кешірілген қазақстандықтар “қара тізімге” енбейтінін айтты.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлығы – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беруге бағытталған бір жолғы теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету акциясы. Несиелері кешірілген азаматтар қара тізімге енгізіледі деген ақпаратты негізсіз деп білемін. Берешегі кешірілген клиенттер банкке қайта арыз тапсырып, ішкі талаптарға сәйкес несие алуларына болады”, – деді ол.
Осы сәттің өзінде ұялы телефонына қарызы кешірілгендігі туралы хабарламаның келуін күтіп, тағат таппай жүрген адамдарды көптеп кездестіруге болады. Олардың арасында кретерийге сай келмесе де ілігіп кетерміз деген оймен жүргендер де, жағдайы белгіленген талапқа сәйкес келе тұра қарызы кешірілмегендер де бар. Баршаға белгілі ақпарат бойынша Жарлық қамтитын азаматтардың тізімі (шамамен 2,08 млн адам) және олардың отбасы мүшелерінің тізімі (шамамен 465 мың адам) анықталды. Жалпы саны 2,3 миллионға жуықтайтын бірегей азаматтар тексеріліп, ҚР Ұлттық банкі мен Мемлекеттік кредиттік бюроға берілген. Сәйкесінше Ұлттық банк тізімнен кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді алып тастады. Нәтижесінде 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалды. Ал Жарлықта көрсетілген санатқа әлеуметтік жағдайы сай келе тұра, азаматтардың тізімге ілікпеуін тиісті министрлік түсіндіріп, хабарлама жасады.
– «Жарлық пен ҚР Ұлттық банкінің критерийлеріне сәйкес келуі тиіс азаматтардың тізімде болмауының басты себебі тізімде ОМО ақпараттық жүйелерінде олардың мәртебесі туралы өзекті деректердің болмауында.
Атап айтқанда, АХАЖ ақпараттық жүйесінде неке немесе балалардың тууы туралы жазбалардың болмауы жиі кездеседі. Осыған байланысты кредиті бар азаматтар отбасы құрамынан, яғни Жарлыққа сәйкес келетін санаттардан шығып қалады. Бұған себеп: асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар; мүгедек балалары бар отбасылар; 18 жастан асқан бала жасынан мүгедек балалары бар отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар сияқты басқа санаттар бойынша да болуы мүмкін, – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігінің мәліметтер базасында 4 мыңнан астам жетім бала, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бойынша мәліметтер табылмаған.
Осыған байланысты тұрғындар электрондық үкімет порталындағы «Борыш жүктемесін азайтуға арналған бағдарламаға қатысу мәртебесін тексеру» электрондық қызметін қолдана отырып, қарызды өтеуге жүгінетін азаматтардың тізімге енгізілгенін тексеруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін call-орталыққа 111, 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 телефон нөмірлері арқылы хабарласып, не істеу керектігін білуге болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ