Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жарты анаға» жарып жүрміз бе?..

«Жарты анаға» жарып жүрміз бе?..

Қазақ ежелден туыстық қатынасқа ерекше назар аударған. Отбасының әрбір мүшесі дәстүрлі арақатынасты қалыптастырып, араздықтың алдын алған. Солардың бірі жеңге – ағаның әйелі, қайны, қайынсіңлілер сырласына айналып, тәлім-тәрбие тінін түзуші саналған.Осындай жаны жібек жандар қатары қоғамнан неге жоғалды? Қазіргі жеңгенің тұлғалық тұрпаты қандай? Біздің бүгінгі ой-толғам осы жөнінде өрбігелі отыр.

Жеңге туралы сөз қозғағанда, төл әдебиеттегі Тоғжан, Ботакөзжандағы бейнелер көңілге сағымдана оралады. Қайынсіңлі, қайныларының бақыты үшін басын бәйгеге тігетін мұндай жанашырлар арқасында талай түтін түзу ұшты, көптеген ел бір-бірімен туыстықты нығайтты.
Бой жетіп қалған қыздың үлгі тұтар адамы – жеңге. Үй тірлігінен бастап, барлық әдет-ғұрып, инабат-ибаны бойжеткенге анасынан кейін дарытушы. Ол болашақ келіннің үлкен өмірге дайындалуына да көп үлесін қосады. Білмегенін ұғындырып, білгенін толықтыратын жақынына арулар өзгелерге айта алмаған сырын ақтарады. Бозбалаға да қашықтағы қалаулысына қол жеткізуге жәрдемдесетін дәнекер де дәл осылар.

Бойдақ жігіттің бір кездері:
«Қалмады баста бөрік, белде белбеу,
Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай», – деп жырлайтынындай, бүгінгі жеңгенің жатқа айналуының себебін мамандар түрліше топтайды.

Бір кездері қайынсіңлісін «еркем», «шырайлым», «аяулым», «моншақты», «кербез»,«шашбаулым», қайнысын «мырза жігіт», «батыр», «келбеттім», «төрем», «керім бала» сынды атаулармен атайтын үрдіс бүгінде жоқтың қасы.

Психологтардың айтуынша, келін мен жаңа жұрттың арасындағы байланысқа қыздардың ата-аналарының тәрбиесіне немқұрайлы қарауы әсерін тигізген. Анасы қызын өзін жоғары бағалауға баулыса, енесі оның бойындағы кемшілікті түзеуге тырыспайды. Үйдегі кикілжің де көбіне қос тараптың қызынан туындайды. Мұндайда кейбір ене қызына шаң жуытпаса, кейбірі «сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» дегендей ұстанымда қалуға тырысады. Нәтижесінде тұтастық түзелмек тұрмақ, аражік ажырауға әкеліп соғады.

Екі келінге ене болан Гүлжамал апа бұл туралы: «Тұңғышым қолына құсын қондырғанда, жас болдым ба, келінімнің алдына түсіп, үй шаруасының бәрін өзім атқара беретінмін. Есерлігін еркелікке санап, «аман-есен» бөлек отау етіп қойдым. Ұзамай Азаматым айдай сұлу қыз әкелгенде, осыдан қызық көремін деген сенімде болдым. Көп уақыт өтпей-ақ кіші келін де «өнерін» шығарды. Қиыны сол, қит етсе студент қызымды мысалға ала жөнеледі. Оған: «Шыда, ертең басқа отауға келін боласың. Бұның барлығы үлкен сабақ. Сен олай жасамауға тырыс. Жеңгесімен ұрысқан деген ат жаман. Үйрене алмай жүрген шығар. Балалалы болған соң өзгерер», – дегенді айтумен боламын. Бірақ «Шыдамның да шегі бар» дегендей, соңғы кезде екеуіміз де шаршадық. Балама айтайын десем, оған қол жұмсап, біреудің обалына қаламын деп қорқамын», – дейді.

Әлеуметтанушылар елде 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған, отау құрмаған қыз-жігіттің қатары күн санап артуына бірден-бір себеп – жеңгелер институты жұмысының жанданбауы деп дабыл қағады.
Бір сәт бүгінгінің келіндеріне құлақ түрдік.
Есімін атамауды өтінген бір құрбымды сөзге тартқанымда: «Үйде 30-ға келіп қалған қайынсіңлім бар. Ажары ешкімнен кем емес, жоғары білім алған. Талай жігіт сырттай көз салып, таныстыруды өтінген. Алғашында табыстырмақ болғанмын. Кейін ойымнан айнып қалдым. Қайынсіңлім ойында не бар, соны айта салады. Біреуге сыйластықпен қарау, ілтипат білдіру дегенді мүлде білмейді. Оның үстіне үй тірлігіне епсіз. Кейін кесірі маған тие ме деп қорқамын. Онысын айтайын десем, енем мен күйеуімді ренжітіп аламын ба деп үндемеуге тырысамын.

Оның мінезін білетін ағайындар үйге балаларын әкелмейді. Шынымды айтсам, не істерімді білмей басым дал болып жүр. Отыра берсе, балаларым мінезін бойына сіңіре ме деп қорқамын. Ұзатайын десем, ертең екі жақта келіспеушілік болса, мен кінәлі болармын», – деп ойлаймын.
Жеңгеліктің жолы осы екен деп оң-солын толық танып бітпеген жас қызды материалдық игілік үшін адамгершілік пен ардан аттап, жасы үлкен, кейде ажырасқан азаматтарға қосатындар да кездесіп жатады. Нәтижесінде салт теңескенімен, сана тоғыспаған ортадан ажырасу орын алып, жартылай жетім бала пайда болады. Осындайда «Қызды жеңге бұзады, жеңгені теңге бұзады» деген халық нақылы ойға оралады.
Кәмшат есімді қыз пікірін былайша бүкпесіз жайып салды.

«Жеңеше» деген сөзді бұрын ерекше құрметпен атайтынмын. Қазір мүлде айтқым келмейді. Отау құрғанмын. Бөлек тұрамыз. Анда-санда ата-анамдікіне бара қалсам, ағамның келіншегі тыжырына, кірпіше жиналып қалады. Ешбір ісіне араласпаймын. Арамызда ұрыс-керіс те болған емес. Анам маған бір нәрсе алып берсе, жеңгеме бергенін қалаймын. Қандай ой мазалап жүргенін білмеймін. Әйтеуір бір күні біздің үйде де «күн көзі ашылатын шығар» деп ойлап жүрмін», – деді.

Халық тәмсілі «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» дейді. Бұл жеңгенің жауапкершілігі мен рөлін айқындай түседі. Қуанарлығы, арамызда жоғарыда атағандай емес, жандары бір-біріне жақын жеңге-қайынсіңлілер де бар болып шықты.
Өзін Батыс өңірінің қызымын деп таныстырған Нұрбақыт жолдасымен бірге туған бауырын қатты жақсы көретінін, ұзақ уақыт қауышпаса, сағынып қалатынын ерекше ықыласпен айтты. Ұзақ әңгімеден соң көрегенді келіннің өміріне енесінің де әсері көп болғанын ұғындық. Айтуынша, енесі ешқашан балаларынан бөле-жармаған. Қателессе де, дау-жанжал туындаса да үнемі түсіністік танытып, соңғы шешімнің оң табуына үнемі ықпалын тигізіп отырады екен.
Осындай көңіл жарытар пікірді естіп, оның тәрбиелеп отырған қыздарының да болашақта өмірден лайықты орындарын алатынын іштей топшыладық.

P.S. Бала күнімізде туып-өскен шағын ауылдағы тіршілікте ажырасқан қыз, кетіп қалған келін туралы хабарды естімей өскен санамыз қазіргі қоғамның жарасын бейжай қабылдайтын күйге ендік. Мінсіз пенде еш жерде жоқ. Десе де қайынсіңліні қайдағыға балап, келінге кежірие қарап, жеңгені жатқа санайтын ұғымнан арылғанда бабалардан жеткен дәстүрдің алтын арқауы ширар еді деген ойда қаламыз. Жеңгені – айна десек, оған қарап болашақты байыптау қиынға соғып тұрғаны бүгінгінің запыран зары. Оған бірлесе ортақ күш салсақ жарты анаға баланатын жақсы жеңгені қалыптастыру әлдеқайда оңайға соғар еді.

Алтынай ОСПАНОВА

11 қыркүйек 2019 ж. 1 519 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 78

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 80

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 64

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930