Жүктілігім жеңіл өтсін десеңіз...
Жүктілік – әйел адамдардың ең маңызды, жауапкершілігі мол кезеңі. Көңіл-күйдің тұрақсыз болатыны, тағамға деген талғамның өзгеріп отыратыны қалыпты жағдай болғанымен, бұл кезеңде көпшілігінің жүйкесі жұқара бастайды. Ұмытшақтық белең алады. Осындай келеңсіз тұстары көп болғанымен, жүктілік әйел адам үшін ең бақытты шақтардың бірі. Ендеше осындай бақытты шақта жүрген қыз-келіншектерге бірер кеңестер береміз.
1. Сәби құрсаққа біткен күннен бастап күнделік кітапшасын бастаңыз. Кішкене бөбегіңізге арналған кітапшаға 1 аптадан бастап 38-40 апталарға дейінгі жағдайыңызды осы қойын дәптерге жазып жүріңіз. Себебі босанғаннан соң бала бағамын деп жүргенде бұл кезеңдегі қызықты сәттеріңіз естен шығып кетеді. Ал кейіннен уақыт арнап оқығанда өте қызықты болады.
2. Жүктілік кезінде ешқандай да емдік не косметикалық мақсатта денедегі түктерді кетіруге әрекет жасамаңыз. Бұл баланың қалыпты жағдайына кері әсер беруі мүмкін. Есіңізде болсын, жүктілік кезінде денедегі түктердің өсуі әдеттегіден қарағанда баяу болады.
3. Дәрі-дәрмектер мен дәрумендерді тек дәрігердің рұқсатынан кейін ғана пайдаланыңыз.
4. Алғашқы ультра дыбыстық зерттеуге түскен кездегі сәбидің суретін сақтап қоюға болады. Ол жерде жаңа біткен шарана күріш дәніне ұқсас келеді.
5. Қою кофені ішуді тоқтатыңыз. Қою емес қалыпта аздап қана ішуге болады.
6. Жүктілік кезеңінде көп әйелдер ұйқышыл келеді. Бұл - қалыпты жағдай. Сол себепті мұндай қалыптан арыламын деп қандай да бір дәрі немесе кофе ішіп жүрмеңіз. Ең кем дегенде күніне 8 сағат ұйықтап, барынша миыңызды тынықтырыңыз.
7. Күн тәртібіне міндетті түрде серуендеуді кіргізіңіз. Себебі қан айналымыңыз жақсарып, күйзеліске ұшыраудың алдын аласыз.
8. Көп күлуге тырысыңыз. Сіздің көңіл-күйіңіз іштегі шаранаға тікелей әсер етеді.
9. Күн сайын 3 жеміс пен 1 тәрелке көкөніс салатын жеймін деп алдыңызға мақсат қойыңыз. Сонымен қатар қышқыл сүт өнімдерін де күнделікті тұтынған пайдалы. Мысалы, айран, иогурт немесе сүзбе.
10. Салмағыңызды әр апта сайын тексеріп тұрыңыз. Салмағыңыз тым ауырлап бара жатса дәрігерге көрініңіз.
11. Күніне 1-1,5 литр су ішіңіз. Оның 2 стақанын таңертең және кешке ішуге болады. Қалғанын күні бойы қалаған уақытта іше аласыз. Қайнамаған салқын су ішудің де зияны жоқ.
12. Күн сәулесінен қорғайтын кремдерді жағып жүріңіз. Себебі бұл сіздің бетіңізге бөртпелер мен дақтардың шығып кетуінен сақтайды. Тым ыстық күндері 11:00 мен 16:00 уақыт аралығында күн астында жүрмеуге тырысыңыз. Бұл кезде күн шуағы пайдасын емес тек зиянын тигізеді.
13. Жүктіліктің орта шеніне келгенде сол жаққа қарап жатуға кеңес беріледі. Аяқтың ортасына ыңғайлы жастықша қойып алуға да болады.
14. Теріні созуға арналған арнайы майларды қолдана бастаңыз. Аяғы ауыр әйелдерге арналған жеңіл жаттығуларды жасаңыз. Мұның пайдасы зор.
15. Жылы душқа жиі түсуді әдетке айналдырыңыз. Былай қабылдайтын болсаңыз да тек жылы суға түсіңіз.
16. Жүктіліктің соңғы айында көбірек суретке түсіп, естелік қалдыруға болады.
17. Бірден көп тамақ жеуден аулақ болыңыз. Тек аз-аздан уақыт арасын жақындатып жеген өте пайдалы. Көп қимыл-қозғалыс жасаңыз. Бұл сіздің жеңіл босануыңызға көмегін тигізеді.
18. Босануға 1-1,5 ай қалғанда етті, майлы тағамдарды көп жемеңіз. Оның орнына қайнатылған сорпа, айран, иогурт секілді жеңіл тағамдарды тұтыныңыз.
19. Ультра дыбыстық зерттеуге шамадан тыс көп түсуге болмайды.
20. Жүктіліктің 36 аптасында перзентханаға керекті заттардың бәрін дайындап қойыңыз. Босануға жақын қалғанда шоколад, цитрусты жемістерді жемегеніңіз дұрыс. Себебі балаңызға аллергия беруі мүмкін.
21. Сізге айтар соңғы кеңесіміз, жүктілігіңіз ойдағыдай өту үшін тек өзіңізге ғана, өзіңіздің ішкі түйсігіңізге ғана сеніңіз. Егер де босанудан қорқып, алдын ала бойыңызды үрей билесе, психологпен кеңесіңіз. Айтқандарына құлақ асыңыз.