1 қыркүйекте сабақ болмайды
Жексенбіде Қазақстан мектептерінде алғашқы қоңырау соғылады, дегенмен сабақ болмайды. Білім күні жексенбіге түсетініне қарамастан, 1 қыркүйек күні Қазақстанның барлық мектебінде салтанатты сап түзеу жиыны өтеді. Ақпаратты Sputnik Қазақстанға білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі растады.
"Сап түзеу 1 қыркүйекте өтеді, дегенмен бұл күні мектеп оқушыларына сабақ болмайды", - деп хабарлады Қазақстан білім және ғылым министрлігі.
"Білім туралы" заңға сәйкес, Қазақстанда балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап барады.
Білім министрлігінің басшысы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ата-аналардың көпшілігі балаларын мектепке алты жастан жібереді. Егер 2014 жылы алты жасар балалардың 60%-і мектепке барса, 2018 жылы олардың саны 80%-ке дейін өскен.
2018-2019 оқу жылында үш миллионнан астам оқушы Қазақстандағы 7024 мектептің табалдырығын аттады, олардың 350 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Бұған дейін Sputnik Қазақстан 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап төртінші, тоғызыншы және оныншы сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшетінін хабарлаған еді. Атап айтқанда, оныншы сынып оқушылары "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәнін оқиды.