Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстықта шетелдіктер не істейді немесе қазақ жалқау ма?

Аптап ыстықта шетелдіктер не істейді немесе қазақ жалқау ма?

Жаздың шіліңгір ыстығы көпшіліктің ығырын шығарғаны жасырын емес. Қыс мезгілінде тезірек жаз келгенін қалап, күн санаумен жүргендер соңғы күндері соған өкінетін сияқты. Себебі шілде айынан бастап бұрын-соңды болмаған аптап ыстық бас­талды. Ұялы телефонға төтенше жағдайлар министрлігінен, “112” нөмірінен оқтын-оқтын келіп түсетін ескертпелерден көз қарық, құлақ ығыр болғаны қашан? Оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өйткені көп жағдайда тіршілік ауа райының ыңғайына қарай бермейді.

Еуропаның басым бөлігінде ауа температурасы 40 градустан асса қауіпті саналады. Сондықтан белгілі бір мекеме, бірлестік қызметкерлерінің жұмыс күні қысқартылып, 45 градустан жоғарыласа тіпті демалысқа босатылады. Жағдай аса қауіпті емес болған күннің өзінде мекеме басшылығы әріптестеріне салқын су үлестіріп, арагідік үзіліске жібереді.

Аптап ыстық сирек болатын Германия, Бавария сияқты бірқатар елдерде бөлме температурасы 35 градустан асқан жағдайда мектеп оқушыларының барлығын дерлік сабақтан босатады. Бірақ ата-ананың келісімімен ғана. Бұдан бөлек Италия, Жапония, Индия, Мьянма елдеріндегі күннің ыстығы біздің елдегідей болғанымен өзіндік күннен қорғану амалдары бар. Мәселен, италияндықтардың жаздыгүні асфальттың ыстығынан аяқ-киімдері еріп кетуі жиі орын алып тұрады. Сол себепті діттеген жеріне жете алмай, салқын жерде немесе көлеңкеде күн райының қалыпқа келгенін күтетіндер көп. Тіпті ғаламтор желісінде Италия көшелерінің бірінде тұрған автокөлік пластмассаларының еріп кеткені түсірілген фотосурет көпшіліктің қызу талқылауына түскені бар. Десек те ыстық елдің халқы үшін басшылық тарапынан жағдай жасалған. Кез келген уақытта салқындатылған бөлмеде немесе кафелерге барып, өзін салқын сумен “еркелетуіне” әбден болады. Бірақ италияндықтар күндізгі күйбең тіршіліктің есесін, кешкілік көл жағасындағы салқын таза ауамен серуендеуден алады.

Индия – әлемдегі ең ыстық елдердің бірі екені баршаға мәлім. Олар да шіліңгір шілденің ыстығын ауыр өткереді. Су толы бөшкелерге түсіп, жаны жайлылық табу үшін құдайдан медеу сұрайды. Бұдан бөлек индиялықтар ас арқылы салқындауға болады деп тұжырымдайды. Бұл мезгілде мейрамханалар мәзірінен майлы, қорытылуы қиын тағамдар алынып тасталады. Есесіне түрлі теңіз шөптерінен әзірленген көкөніс салаттары ащы қоспалармен асқазанды тыныштандырады. Сонымен қоса мамандардың айтуынша, ащы салат тершеңдікті азайтып, денені салқындатуға септігін тигізеді. Индиялықтар мұнымен бірге Манго сусынын ішу – аптап ыстықта керемет сезім сыйлайтынын айтады.

Ал жапондар салқындау үшін сананы алдау әдісін қолданады-мыс. Ол үшін бөлменің төбе бөлігіне түрлі шынылар мен мата үзінділерін үйлестіре іліп қояды. Бұны олар “форин” қоңырауы деп атайды. Болмашы желдің әсерінен біріне-бірі соқтығысқан шыны, керамика, метал бұйымдары адамға жел мен теңіз толқынының жағасында отырғандай әсер беретін көрінеді. Сондағы ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл әдіс адам санасына алдамшы белгі беріп, денесін салқындататыны анықталған. Міне, жапондар арабтар секілді миллиондаған қаржы жұмсамай-ақ ыстықтан қорғанудың жолын осылай ойлап тапқан.

Иә, арабтар үшін 50 градус ыстық қалыпты жағдайға айналып кеткені рас. Олар таза мақтадан жасалған ұзын халаттар мен ұлттық киімдер арқасында аптап ыстықты оңай еңсере алады. Бірақ бұл мәселені шешудің жалғыз амалы емес. Арабтар қолдан бұлт шақырып, жауын жауғызудың да амалын тапқан. Бірақ қоңыржай ауаға бола олар құдайға жалбарынып немесе шамандық әдіске сүйенбейді. Бақсы, биінің де қатысы жоқ. Ол үшін Абудаби әкімдігі 11 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Арнайы құралдармен жасалатын жасанды жаңбырдың табиғи жауыннан еш айырмасы жоқ. Ал арабтар алғашында найзағай мен аспан күркіреуінен қатты қорыққанымен, кейін қызметшілерге алғысын жаудырған екен.

Осындайда 40 градус ыстықта 100 градус шай қайнатып, үрлеп ішіп отыратын қазақ халқына еріксіз таң қаласың. Ыстықтан құтылудың жалғыз амалы сол сияқты. Дегенмен қандастарымыз шетелдіктер секілді күннің от соққан ыстығын сылтауратып, үйде жататындардың қатарынан емес. Бұл тұтас ұлтқа “еріншек” деп тағылған жалған айыптың теріс идеология салдарынан пайда болғандығын дәлелдейді. Экологиялық аймақта орналасса да тұрғындар туған жерді қимай, ми қайнайтын күнге қарамастан өлкені гүлдендіруге, өркендетуге барын салып жатқанына қарап, тамсанбасқа шара қалмайды. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан емі жоқ дертке ұшырап, зейнет жасына жетпегендері қаншама?! Бірақ бұл басқа әңгіме.

Қазақтар да байыса үй салады. Бұл күндер, әсіресе, құрылысшыларға қиын. Жақында жергілікті жаңа үйлердің біразының шатырын шегендеген ұста Рүстем Рсалиевпен кездесіп қалған едік. Шаруа туралы әңгіме басталғаннан-ақ кәсібіне деген сүйіспеншілігін байқадық.
– Жетінші сыныпты тәмамдағаннан кейін ұсталықты меңгердім. Үйдегі кішігірім құрылыс жұмыстарын өзім-ақ атқарып тастаушы едім. Кеше ғана кент шетінде орналасқан бір үйдің керегесін керіп, шатырын жауып бердім. Бірақ күннің ыстығы жаныма батқаны рас. Күн сәулесінің төбеден өткені бір бөлек, қаңылтыр шатырдың бет қаратпайтыны тағы бар. Ал жерге төселген құм ыстық кері тепкенде «өліп кететін шығармын» деп ойладым. Бірақ уәделескен күні жұмысты бітіріп бердім. Енді тағы үш үйдің тапсырысы бар, – деп әңгімесін әрі қарай өрбітті.

Бұдан бірнеше қорытынды шығаруға болады. Ұста бойынан байқалған сабырлылық, қажырлылық, сондай-ақ еңбексүйгіштік бүкіл қазақ жұртының болмысын әспеттеп тұрғандай. Ал әлі күнге дейін айтылып жүрген еріншектік халық болғасын ішінара адамдарда болуы мүмкін. Бірақ тұтас ұлтты бұлай сипаттау білместік немесе қаңқу әңгімеден басқа ештеңе емес. Аптап ыстықта аман жүрейік!

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ


31 шілде 2019 ж. 1 094 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 65

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 67

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 52

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930