Салық саласындағы серпіліс
Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласын қолдау қарқынды жүріп жатқандықтан ел экономикасында да айтарлықтай серпіліс барын байқау қиын емес. Сол сияқты аудан бюджеті де көңіл қуантарлық нәтиже көрсетуде. Мұның барлығы салық салу ісінің дұрыс жолға қойылғандығынан десек қателеспейміз. Бүгінгі күні жұмыстардың жүйелі жүруіне байланысты салық салу базасын ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда қыркүйектің алтысы күні аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаевтың төрағалығымен салық базасын арттыруға бағытталған жұмысшы топтың отырысы өтіп, кешенді іс-шара жоспарының орындалуы қаралды.
Жұмысшы топ жетекшілерінің баяндамасын тыңдамас бұрын С.Бабанаев біздегі көмір бағасының басқа аудандарға қарағанда қымбаттығын сөз етті. Осы іспен айналысатын бірнеше кәсіпкер сатып алушыға сату түбіртегін (чек) бермейтін болғандықтан оның бағасын анықтап, сотқа жүгіну мүмкін болмай отырғандығын айтты. Бұл өз кезегінде халықтың қалтасына түсіп, маңызды жұмыстардың дұрыс жүргізілуіне тежеу болып отыр.
Жиын барысында арнайы жасақталған жұмыс топтарының жетекшілері атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. Бірінші жұмыс тобының жетекшісі Нұрдәулет Аймағамбетовтың тексерушілері ауданда кассалық аппаратсыз кәсіп жасап жүргендерді анықтаған. Оның ішінде көпшілік жиі баратын “Халық банкке” қарсы орналасқан және Р.Бағланова көшесіндегі “Донер” асхана дүңгіршіктері тұтынушыларға түбіртексіз қызмет көрсетіп келген. Комиссия мүшелері кәсіп иелеріне бұл жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, сол маңда орналасқан “Саидинг” деп аталатын белгісіз нысан тексеріліп, нәтижесінде заңсыз құмар ойын ұйымдастырылғаны байқалған. Топ жетекшісі қазіргі таңда мұнымен тиісті органдар жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.
Бұдан кейін екінші жұмыс тобының жетекшісі Еркін Сейітов сөз сөйледі. Оның қарамағындағылар алған жерін артығынан пайдалану және жерді өз бетінше иелену фактілерімен жұмыс істеген. Сонымен қатар, заңсыз топырақ қазғандар анықталып, оларға қазылған жерді қайта қалпына келтіру үшін уақыт межеленген. Ал кент орталығында орналасқан “Ақерке” кафетерийі меншігіндегі жердің бір бөлігін басқа мақсатқа пайдаланғандығын анықтаған. Сол сияқты бірнеше дүкеннің кәсіпкерлік мақсатта тіркелмегендігі сөз болды. Осы жұмыстар бойынша жеке тұлғалар мен мекемелерді мемлекеттік бақылау басқармасы әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұлдар салған.
Үшінші жұмыс тобы жолаушылар және жүк тасымалына байланысты баяндама жасады. Топ жетекшісі Марат Сейтекен бұл бағытта визуалды бақылау ұйымдастырылғанын айтты.
– Кентте заңды 6 такси тұрағы бар. Комиссияның жүргізген жұмыстарынан соң 47 такси, 2 жүк көлігі кәсіпкер ретінде тіркелді. «Нұршуақ» автобекетіндегі жүргізушілер мен автостанса әкімшілігімен бір келісімге келдік. Қазір олар бірқалыпты жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, 5 қабатты үйлер маңы, қазынашылық мекемесінің алды мен ХҚКО алдында заңсыз тұрақтар барын байқадық. Оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдық округтердің бірде-біреуінде такси тұрағы жасақталмаған”, – деді М.Сейтекен.
Арнайы құрылған жұмыс топтарының баяндамасынан соң жұмыс топ төрағасының орынбасары, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов кешенді іс-шара жоспары орындалмай тұрған тармақтар бойынша жұмыс жасау керектігін айтты. “Соңғы айдағы жұмыс топтарының қарқыны бәсеңдегенін мойындауымыз керек. Басқа ауданан келіп, бізге тіркелген кәсіпкердің қомақты салық төлеп отырғандығы, осы тәжірибені қолға алу керектігін көрсетеді. Сол сияқты кәсіпкерлер тобын жинап, түсіндірме жұмыстарын жүргізудің де маңызы зор. Бірінші жұмыс тобының баяндамасында айтылған заңсыз құмар ойынды ұйымдастырғандардан бөлек, нысанды жалға берушілер де қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын айта жүріңіздер. Ал екінші топ өткен жылға қарағанда биыл жер сатылымы азайғанын ескергені жөн. Сонымен қатар, бірқатар ауылдық округ әкімдері тіркелмеген кәсіпкерлер туралы мәлімет бермеген”, – деп жекелей атап шықты. Сондай-ақ, жиын басында С.Бабанаев қозғаған көмірдің қымбаттауына байланысты жұмыс істейтінін жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшыларына, жедел жұмысшы топ жетекшілеріне тиісті тапсырмалар берді. Жұмысты одан әрі жүйелендіруге күш салуды тапсырды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ