Декларация уақыты аяқталуға жақын
Мемлекет халықтың табысын бақылауды декларациялау арқылы жүргізіп жатқаны белгілі. 2024 жылы міндетті декларация тапсыру категориясына барлық типтегі ұйымдардың басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ бизнес иелері мен олардың жұбайлары жатқызылады. Бұл ретте кәсіпкерлік қызметтің ауқымы мен кіріс мөлшері рөл ойнамайды. Жеке кәсіпкерлік (ЖК) арқылы жұмыс істейтін кішкентай кәсіпкерден бастап ірі кеніштер мен зауыттардың құлағын ұстап отырған бизнесмендер түгел декларация өткізеді.
2021 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне кірген және бұрын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынған тұлғалар аталған құжатты тапсыруды жалғастырады. Оларға мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, банк, сақтандыру нарықтары мен бағалы қағаздар нарығының ірі қатысушылары, сондай-ақ осы адамдардың барлығының жұбайлары жатады. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін декларациялау жүргізіледі.
Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары 2023 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысан) ұсыну арқылы 2024 жылы кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсынады.
Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларациялауға жатады. Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаты декларация тапсырады. Айта кетейік, декларация дегеніміз – салық салынатын жеке тұлғаның табысы туралы есеп.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, декларацияда мемлекеттік немесе басқалай тіркеуге тиесілі, оның ішінде шекарадан тыс аумақтағы мұрагерлікпен берілген, сатып алынған немесе сатылған мүліктер туралы ақпараттар көрініс табуға тиіс. Оған жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер телімі немесе жер үлесі; әуе және теңіз кемесі, автомобиль, арнайы техника; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша Тұрғын үй ғимаратындағы үлес; заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; бағалы қағаздар, өндірілген қаржы құралдары, цифрлық активтер; инвестициялық алтын, зияткерлік меншік нысандары, авторлық құқық жатады.
Сондай-ақ бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде жеке тұлға қалауы бойынша осы мүліктің бірлігі үшін баға (құн) 1 000 АЕК-тен асқан жағдайда өзге мүлікті көрсете алады.
Елімізде кеңінен етек алған жағдайдың бірі – мамандардың ЖК құру арқылы қызмет көрсетуі. Оларда жалдамалы жұмысшылар немесе бизнес-жылжымайтын мүлік болмайды, сол себепті олар өз қызметін аяқтай отыра ЖК-ні жабу процедурасын міндетті деп санамайды. Дегенмен мемлекет үшін ол ЖК-лер тіркелген болып есептеледі және сондықтан иелері 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап активтер және міндеттемелер туралы декларацияны тапсыруға міндетті.
Егер жеке кәсіпкер өз қызметін әрі қарай жалғастырмайтын болса, онда ол ЖК-ні жауып, сәйкесінше 2024 жылы декларация тапсырмауына болады. Қазіргі уақытта ЖК-ні жабу үдерісі біршама жеңілдетілген және дер кезінде есеп өткізбегені үшін де айыппұл салынбайды.
Енді мемлекеттік қызметкерлер жайына келейік. №270 немесе №250 формасы бойынша декларация тапсырудың тәртібі біркелкі бекітілген. Мысалы, азамат мемлекеттік қызметтен 2024 жылдың ақпанында кетсе, бірақ 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жауапты басқарушылық лауазымда болған болса (декларация тапсыру бойынша міндетті тұлғалар категориясына жатқан болса), онда ол 2024 жылғы жалпы декларация тапсыру аясында кірістері туралы мәліметін ұсынуға міндетті болады.
Кірістер туралы декларациясы формасының типтерімен Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында танысуға мүмкіндік бар.
Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 формасы) және активтер мен міндеттеме туралы декларацияны (250.00 формасы) қағаз күйінде де, электронды форматта да тапсыруға болады. Қағаз күйінде ұсыну үшін жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну керек, не болмаса жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолдау қажет. Ал электронды түрде тапсыру үшін үш бірдей нұсқа бар. Бұл – Салық төлеушінің жеке кабинеті, eGov электронды үкімет порталы, eSalyq Аzamat және eGov mobile мобильді қосымшалары.
Егер декларацияны тапсырып, алайда онда қандай да бір мүлікті көрсету ұмыт қалса, қосымша декларация тапсыруға болады. Келесі үш жыл ішінде өзгерістер енгізуге жол беріледі. Ал декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту беріледі, екінші рет салық салушылар декларацияны ұсынбағаны үшін 15 АЕК, бұған қоса салық салу объектілерін жасыру кезінде төленбеген салықтар сомасының 200 пайызы мөлшерінде және егер мұндай бұзушылық қайталанса, 300 пайыз мөлшерінде айыппұл көзделген.
Еліміз шегінен тыс жерде меншік құқығында мүліктің болуы туралы ақпаратты жасырған, сондай-ақ еліміз шегінен тыс орналасқан шетелдік банктерде ақшасы бар жеке тұлғалар 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
Декларация қағаз түрінде 15 шілдеден, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуға тиіс.