Биыл фермерлер сатып алатын техниканы субсидиялауға 81 млрд теңге бөлінеді
Биыл фермерлер сатып алатын техникаларды субсидиялауға 81 млрд теңге бөлінеді. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inform.kz.
«Қазіргі уақытта қаржы институттары мен банктер ұсынатын ауыл шаруашылығы техникасының кредиті мен лизингі бойынша мөлшерлемелер фермерлер үшін өте жоғары және жылдық 24 пайызға дейін жетеді. Өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ кредиттік және лизингтік компанияларының қаржы өнімдерінің мөлшерлемесі нарықта қаражат тарту мөлшерлемесінің жоғары болуына байланысты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін кредит пен лизинг бойынша сыйақының түпкілікті мөлшерлемелерін төмендету мақсатында Үкімет ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған кредит/лизинг бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау бағдарламасын іске асырып жатыр. Субсидия есебінен фермерлер үшін мөлшерлеме жылдық 6 пайызға дейін төмендетіледі. Осы бағдарлама бойынша биылға облыс бюджеттерінде 81 млрд теңге көзделіп отыр», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, кредитке және лизингке техниканы сатып алу кезінде кредиттік жүктемені төмендету мақсатында инвестициялық субсидиялау бағдарламасы іске асып жатыр.
Бағдарлама жұмсалған шығынды 25 пайызға дейін өтеуді көздейді. Субсидия қарыз бойынша негізгі борышты өтеуге бағытталуы мүмкін.
«Бұл ретте инвестициялық субсидиялау шарттарында субсидияны қарыз бойынша бастапқы жарна сияқты қабылдайтын лизингтік компанияның шотына субсидияларды аванспен аудару мүмкіндігі көзделген. Осылайша фермерлерде лизинг бойынша бастапқы жарнаға төленетін қаражаттың болмауы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жалпы Үкімет ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бойынша бірқатар бағдарламаларды іске асыруда. 2 Өткен жылдың тамыз айынан бастап «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен 40 млрд теңгеге (бастапқы жарнасыз, жылдық 6%) отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасы іске асырылды. Бағдарлама 872 шаруаға егін жинау жұмысын бастауға 1072 техника, оның ішінде: 190 комбайн және 882 трактор сатып алуға мүмкіндік берді», - деді Әлихан Смайылов.