Криптовалюта нарығы назардан тыс қалмайды – Ұлттық банк
Елімізде криптовалюта нарығы назардан тыс қалмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Ұлттық банк төрағасынан криптовалюта саласын реттеу бойынша шешім қабылдау мүмкіндігіне қатысты сауал қойды. «Криптовалюта жөнінде Ұлттық банк шешім қабылдауды кешіктіріп жатқан жоқ па? Бұл саладағы талқылаулар қашанға дейін созылады? Криптовалютаны заңдастыру үшін қандай құжаттар қабылдау керек болады?», - деп сұрады тілшілер. «Ұлттық банк шешімі кешігіп жатыр деп санамаймын. Әлемдегі басқа да орталық банктер мен қаржы саласын реттеушілер секілді біз де бұл мәселені тыңғылықты зерттеп жатырмыз. Бұл тұрғыда ахуал жекелей әрі орталықсыздандырылған қаржыға байланысты болып тұр. Осы бағытта бізді инновациялардың мүмкіндіктері қызықтырып отыр. Атап айтқанда, тек майнер немесе қандай да бір жеке құрылым қызықтырмайды. Бұл салада осы жаңа технологиялар қамтамасыз ете алатын инновациялар жөніндегі жаңа мүмкіндіктердің маңызы зор. Сондықтан біздің шешім тұрақтылық пен қаржы қызметтерін пайдаланатындардың мүдделеріне теріс әсерін тигізбес үшін егжей-тегжейлі талқылауды жалғастырамыз», - деді Ғ.Пірматов. Осы орайда, ол бұл мәселе тыңғылықты пысықталғаннан кейін шешім қабылданатынын айтты. «Біз бұл нарықты назардан тыс қалдырмаймыз. Аталған технологиялар аясында ұсынылып отырған инновациялар әлеуеті бойынша барынша пайда табуды көздеп отырмыз», - деді Ғ. Пірматов. ҰБ басшысы мамандар бұл саланы зерттеуді жүргізіп жатқанын, криптовалютаға байланысты шешімдерді алдағы уақытта жариялайтынын атап өтті. Бұдан бұрын хабарланғандай, маусымның соңына дейін цифрлық теңгеге қатысты тиісті әдістеме жарияланады.