2024 жылға қарай Қазақстан газ экспортын тоқтатуы мүмкін
2024 жылға қарай Қазақстан газ экспортын тоқтатуы мүмкін. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Брифинг барысында министрге Ресей газын Солтсүтік пен Шығысқа тарту жобасы туралы сауал қойылды. «Солтүстік пен Шығысты газдандырудың екі жолы бар. Біріншісі – Ресейден газ тарту. Екіншісі – төменнен келетін «Сарыарқа» газ құбырын жалғастырып әкету. Ресейден газ тарту арзанырақ болатын шығар. Іркіліссіз жеткізу тұрғысынан сенімдірек те болады. Өйткені Ресей Федерациясында газ қоры өте мол. Бізге қажет газдың мөлшері олар үшін елеусіз деуге болады. Жылына 4-7 млрд текше метр газ деген оларға бұйым да емес. Өзіміздің газды тарту қымбат деп отырғаным, елдің жарты аумағына салаланған магистраль орнату керек болады. Ол магистральдің бойында газ тұтынатын халықтың саны да шектеулі. Мысалы, Қостанайдан Петропавлға, Павлодардан Өскеменге құбыр тартсақ, әрқайсысына жеке торап салу керек. Бір құбырмен мәселе шеліе салмайды», - деді ведомство басшысы. Болат Ақшолақов елдегі газ қоры өзімізге жетпейтіндей заман келе жатқанын айтады. «Оның үстіне қазірдің өзінде бізде газ тұтыну көлемі үлкен. Газдандырылған өңірлердің өзінде сұраныс жоғары. Өнеркәсіп пен электр энергетикасының кәсіпорындары және бар. Осының бәрі 2024 жылға қарай бізде газ экспорты болмайтындай жағдайға әкелетін шығар. Өйткені бар газды өз ішімізде тұтынатын боламыз. Яғни, қосымша газ қажет болады. Оны не Ресей Федерациясынан, не Түркіменстан сияқты оңтүстіктегі көршілерімізден әкелу керек болады. Түркіменстан елдің солтүстігінен алыс жатқандықтан Ресей тиімді. Сондықтан Солтүстік пен Шығысты газдандырудың алғашқы кезеңін Ресей газының есебінен тындырсақ, онда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ сияқты. Кейін сол мөлшердегі газ қоры табылып жаста, әрі қарай ойластырамыз», -деді министр. Сондай-ақ ол Ресеймен газ алмасу тәжірибесі бұрыннан бар екенін еске салды. «Біз Ресеймен swap тәсілі арқылы онсыз да газ алмасып отырмыз. Оңтүстікке бірнеше жылдан бері осы тәсілмен газ жеткізіп келеміз. Ешқандай тәуекел болған жоқ. Сондықтан теориялық тұрғыда ықтимал дүниенің бәріне алаңдай беру дұрыс емес деп ойлаймын», - деді Болат Ақшолақов.