Микроқаржылық ұйымдардан қарыз алатындар саны артты
Клиенттердің 13,9%-ы берешегін кешіктірген. Елімізде микроқаржылық ұйымдар берген несиелердің көлемі айтарлықтай өсті, деп жазды inbusiness.kz.
ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берілген қарыздардың жалпы сомасы 696,5 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 418,1 млрд теңге болатын. 2021 жылдың IV тоқсанында МҚҰ-лардың жиынтық портфелі бірден 101,9 млрд теңгеге өсті. Салыстырар болсақ, 2020 жылдың дәл осы тоқсанында өсім 31,2 млрд теңгені құрады; 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында – 58,8 млрд теңге болды. Ұлттық банктің соңғы есебіне сүйенсек, елімізде жұмыс істеп тұрған 237 МҚҰ бар. Бірақ несиелердің үштен екісіне жуығын төрт компания берген: • KMF – 161,74 млрд теңге (жылына +18,6%) • Тойота Файнаншл Сервисез Қазахстан – 103,97 млрд теңге (+82,2%) • MyCar Finance – 108,78 млрд теңге (+143,4%) • ОнлайнҚазҚаржы – 53,77 млрд теңге (+72,2%) МҚҰ-ның негізгі клиенттері жеке тұлғалар. Аталған портфелдің "сапасы" жыл өткен сайын нашарлауда. Мәселен, былтыр мерзімі өткен несиелер барлық берілген қарыздың 13,9%-ын құрады (бір жыл бұрын бұл көрсеткіш – 12,2% болатын). Оның ішінде 7%-ы берешегін 90 және одан да көп күн кешіктірген.