Карантин. Бизнес субъектілері үшін шектеу шаралары төмендетілді
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады.Оның айтуынша, елімізде кәсіпкерлерге шектеу шаралары төмендетілді.
Мемлекет басшысының 21 қаңтардағы тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ведомствоаралық комиссияда бизнес субъектілері үшін шектеулерді төмендету тәсілдері қаралды және мақұлданды. Сонымен қатар бизнес объектілерінде «Ashyq» жобасын одан әрі енгізу жалғастырылады. «Жасыл» және «көк» мәртебесі бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық объектіде жұмыс уақыты бойынша шектеулер алып тасталады, - деп атап өтті Ажар Ғиният.
Сондай-ақ Ashyq қосымшасында «жасыл» мәртебесі барлар үшін қандай іс-шараларға рұқсат берілгеніне тоқталды.
Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, Ashyq-та тек «жасыл» мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни объектілердің, ойын-сауық объектілерінің, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды, - деді ведомство басшысы.